Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АрселорМиттал Теміртау" 5 кеншінің өліміне кінәлілер төрт жылға бас бостандығынан айырылды

25 ақпанда Шахтинск соты "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі "Қазақстан" шахтасындағы өрттен және бес шахтердің қаза болуына байланысты төрт айыпталушыны бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Istock.com

"Төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны қауіпсіздігі төмен колонияда өтеуге, сондай-ақ үш жыл мерзімге тау-кен өндіру саласында басшылық қызмет атқару құқығынан айырылады. Олардың кінәсі барлық айыптау тармақтары бойынша дәлелденді. Ережелер бұзылған жағдайда жұмысты тоқтатпағаны, орташа жанғыш лентаны орнатқаны анықталды. Сонымен қатар сотта жөндеу ауысымында тазарту және қосымша жұмыстар жүргізу үшін наряд берілмегені де дәлелденді", – деп үкімді судья Данияр Алменов жариялады.

Сот айыпталушыларды "тау-кен және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру" бабы бойынша кінәлі деп тапты.

Судья барлық төрт сотталушыны залда қамауға алу туралы шешім шығарды. Олардың жазаны өтеу мерзімі ұстау сәтінен бастап есептеледі. Сондай-ақ үйқамақта болған уақыт жаза мерзіміне қосылады. Үкімге шағым түсіруге болады.

Қаза тапқандардың отбасылары талап еткен моральдық өтемақыны өндіру туралы талап сотта қанағаттандырылмады. Бұған дейін прокурор барлық төрт айыпталушыны төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бұл бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Зардап шеккендер шахта мен компанияның жоғары басшылығы да сот алдында жауап беруі керек деп мәлімдеді.

Оқиға болған кезде шахта үндістандық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты еді. Қаза тапқандардың кейбір отбасылары соттан айыпталушыларға заңның барынша қатаң шарасын қолдануды сұрады. Басқалары бұл шешімді соттың құзырына қалдырды немесе сотталушыларды бас бостандығынан айырмауды өтінді. Кейбір зардап шеккендер айыпталушылардың кінәсі тек ішінара бар деп санаса, енді біреулері ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Айыпталушылардың адвокаттары олардың кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Олар "шын мәнінде кінәлілер деп тағайындалған адамдар" ғана сот алдында отырғанын айтып, соттан істі прокурорға кері қайтаруды сұрады. Адвокаттар шахтерлердің өліміне әкелген сапасыз конвейер лентасын сатып алу кезінде нақты кімнің заң бұзғанын анықтау қажет деп мәлімдеді.

Үкім шыққан төрт адамның қатарында:

  • "Қазақстан" шахтасының өндіріс жөніндегі директор орынбасарының міндетін уақытша атқарушы (оқиға кезінде бұл қызметте бір айға жетпейтін уақыт жұмыс істеген);
  • Конвейерлік көлік учаскесінің басшысы;
  • Оның орынбасары (бұл қызметте бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген);
  • Конвейерлік көлік учаскесінің механик орынбасары (уақытша міндет атқарушы, екі аптаға жуық қана жұмыс істеген).

Тергеу шамамен бір жылға созылды.

Сот 2024 жылдың маусымында басталды, бірақ процестің ортасында судья ауысып, іс қайта қарала бастады. Соттың соңына қарай тергеу қайта жанданып, бірнеше рет кейінге шегерілген сот жарыссөздері қайта өтті. Бұған дейін сот үкімді жариялауды да бірнеше рет кейінге қалдырған еді.

"Қазақстан" шахтасындағы трагедия 2023 жылғы 17 тамызда болды.

Өрт салдарынан бес шахтер қаза тапты:

  • 26 жастағы Илья Старовойт
  • 29 жастағы Артур Халиков
  • 45 жастағы Денис Стешин
  • 56 жастағы Виктор Бургун
  • 58 жастағы Виталий Слюньков

Тергеу нұсқасы бойынша, олардың өлімі улы газ – көміртек тотығымен (угарный газ) улану салдарынан болған. Сондай-ақ 17 шахтер түрлі жарақат алды.

Билік шахтадағы трагедияға 100% жұмыс беруші – "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) жауапты екенін мәлімдеді. Оқиға бойынша 28 адам кінәлі деп танылды, олардың қатарында компанияның бұрынғы топ-менеджерлері де бар. Алайда сот алдына тек төртеуі ғана тартылды.

2024 жылдың маусымында Шахтинск қаласының соты Ленин атындағы шахтадағы 2022 жылдың қараша айындағы жарылысқа қатысты үкім шығарды. Ол кезде бес шахтер қаза тауып, тағы төртеуі ауыр жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалды. Бірақ қаза тапқандардың туыстары талап еткеніне қарамастан, компанияның жоғары басшылығы мен иелері жауапкершілікке тартылмады.

2025 жылдың 18 ақпанында Карағанды қаласының сотына Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс жіберілді. Бұл апатта 46 шахтер қаза тауып, 28 адам ауыр жарақат алды. Бұл миллиардер Лакшми Миттал "АрселорМиттал Теміртауды" басқарған 30 жыл ішіндегі ең көп адам өлімімен аяқталған апат болды. Аталған істе 10 адам күдікті ретінде танылды, олардың қатарында шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер бар.



Еске салайық, бұған дейін жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп анықталып, 19 адам кінәлі деп танылып, жеті адам ұсталған. Олардың барлығы да еліміздің азаматтары. Бұлар Костенко атындағы шахтаның жетекші инженерлік-техникалық қызметкерлері. Прокурорлар сол кезде шахтаға иелік еткен "АрселорМиттал" компаниясының шенеуніктері мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Олар басқалармен қатар кәсіпорындағы техникалық жағдайларды бақылауға тиіс болған.

Талқылау