"Арнайы білімі жоқтар өз қамы үшін дауласады": Сауда министрі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы шыққандар туралы пікір білдірді
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуінің қарсыластарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Министрдің айтуынша, бұл тұлғалардың арнайы білімі жоқ және ұзақ мерзімді келеңсіз салдарын түсінбейді.
"Арнайы білімі жоқтар әлеуметтік желілерде өздерінің күнделікті қажеті үшін дауласып, жеке гипотезалар мен болжамдар жасайды. Сонымен бірге азаматтардың экономикасы мен денсаулығына ұзақ мерзімді келеңсіз салдарлар әкелетінін түсінбейді. Өтінішті қарау жөніндегі жұмыс тобы денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себеп-салдарлық байланыстарды анықтаған жоқ", – деді Шаққалиев үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, өтінішті қарау нәтижесінде стандартты уақыт белдеуіне барынша бейімделу үшін жағдай жасауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.
"Осылайша, уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды", – деді министр.
Ол қараңғыда сабақтан қайтатын оқушылардың жағдайына пікір білдірді.
"Төрт баланың әкесі ретінде мен балаларымды өзім алып кетемін. Екінші ауысым 19:05-те аяқталады. Былтыр да ондай уақытта қараңғы болатын. Өткен жылы да, биыл да кесте өзгерген жоқ. Балаларды алып кетіп жүргендіктен, оны білемін", – деді сауда министрі.
Шенеунік балаларының таңертең еш қиындықсыз тұратынын айтты.
"Көптеген ата-аналар мына жақсы жайтты атап өтеді. Уақыт ауысқалы балалардың ұйқысы қанады. Біз оларға таңғы уақытты бердік, көбірек ұйықтауға және жарық болған кезде мектепке баруға мүмкіндік бердік. Жақсы жағын да байқау керек", – деді ол.
Бұған дейін үкіметте Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуі туралы соңғы шешім қабылданды.