Армандар алға жетелейді: "Арыстан" лицейінің түлектері Отанға қызмет етуге дайын
Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ерекше салтанатты рәсім өтті. "Арыстан" мамандандырылған лицейінің биылғы түлектері үлкен өмірге қадам басты. Әскери тәртіппен сап түзеп, салтанатты маршпен өткен түлектер ел мен жерге қызмет етуді басты мұрат етіп, лицеймен қоштасты.
Солардың бірі — Камиль Эминов. Ол — биылғы жылдың үздік түлегі. Камиль болашақта әскери-көлік авиациясының ұшқышы болуды армандайды.
“Бұл жетістікке табандылығым мен еңбегімнің, сондай-ақ лицей ұстаздарының қолдауының арқасында жеттім. Мен үшін "Арыстан" — өмірлік мектебім болды”, – дейді Камиль.
"Арыстан" лицейі — "NNEF" қоғамдық қорының маңызды әлеуметтік жобасы. Биыл бұл оқу ордасы тарихында он үшінші рет шәкірттеріне аттестат табыстады. Мектеп түлектері салтанатты шара аясында Мәңгілік алауға гүл қойып, Отан қорғаушылардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Лицей бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеевтің айтуынша, лицей үшін бұл жыл сәтті болды. Себебі түлектерінің жартысынан көбі оқуын үздік және жақсы бағаға аяқтаған. Мәселен, биыл лицейдің үш түлегі “Алтын белгі” иегері атанса, тағы екі түлегі ерекше үлгідегі аттестат алыпты.
"Түлектердің жартысынан көбі оқуын үздік және жақсы бағаға аяқтағанын ескерсек, бұл — "NNEF" қорының тікелей қатысуы мен қолдауының арқасында жеткен үлкен нәтиже деп есептеймін”, - дейді лицей басшысы Мұрат Майкеев.
Генерал-лейтенанттың сөзінше, "Арыстан" — жай ғана оқу орны емес, әлеуметтік маңызы зор білім беру жобасы. Мұнда білім алып жатқан оқушылардың дені көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан. Олар лицейде тегін оқиды.
“Бұл жоба Тимур мен Динара Құлыбаевтардың тікелей қолдауы мен қатысуының арқасында дамып келеді, сол үшін оларға ерекше алғысымды білдіремін. Басшы ретінде бүгін түлектерімізді шын жүректен құттықтап, өмір жолында үлкен бақыт пен сәттілік тілеймін. Ақ жол, Арыстан!”, - дейді лицей басшысы.
Оқушыларға аттестаттарын "NNEF" қоғамдық қорының Білім беру бөлімінің басшысы Мария Ковжасарова табыстады. Ол “Арыстан” лицейінің түлектеріне көп үміт артатынын жеткізді.
"Бүгін біз сіздерге мақтанышпен қарап тұрмыз, ата-аналарыңызбен бірге қуанып тұрмыз. Осы үш жыл ішінде бар білімін, тәжірибесін сіздерге арнаған ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Әрине, бүгін — серіктестерімізге де алғыс айтатын күн. Бүкіл осы жылдар бойы біздің жобамыз — "Арыстан" мамандандырылған лицейін қолдап келген "Халық" қайырымдылық қорына көп алғыс айтамын. Биыл қор лицейімізге үлкен сый жасады — киберқауіпсіздік кабинетін жабдықтауға демеушілік көмек көрсетті", — деді Мария Ковжасарова.
Енді келер жылы оқушылар жаңа киберқауіпсіздік кабинетінде заманауи DJI дрондарды, FPV-көзілдіріктерді, HP OMEN ноутбуктерді, қуатты стационар компьютерлерді, басқару пульттерін, конвертерлер мен кабельдерді қолданып, жаңа технологияны меңгере алады. Оқушылар оларды практикалық сабақтары, жобалары, профильдік олимпиадалары үшін және жарыстарға дайындалғанда пайдалана алады. "Халық" қайырымдылық қоры бұл кабинетті ашып, оны жабдықтауға 13 миллион теңгеден астам бөлген. Қордың басқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, "Арыстан" мамандандырылған лицейін қолдау – қор қызметінің басты бағыттарының бірі.
2016 жылдан бері "Халық" қайырымдылық қоры әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды іске асыруға 85 миллиард теңге бөлді. Біздің негізгі бағыттарымыздың бірі – "Арыстан" лицейі. Мәселен, бүгінгі таңда қорымыз лицейдің жабдықталуына, материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаржы бөліп келеді. Жақында ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған үлкен зертхана ашылады. Яғни, қазіргі таңда 9–10 сыныптарда оқып жатқан лицей оқушылары келесі оқу жылынан бастап арнайы операцияларды жүргізудің жаңа тактикалық стандарттары бойынша білім ала бастайды", — деді "Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
Аттестат тапсыру салтанатына жиналған қонақтар үшін лицей түлектері концерт ұйымдастырды. Олар әскери дайындақтарын көрсетті, ән шырқады, лицейдегі соңғы вальсін биледі. Сонымен қатар осы күнге дейін білім-нәрін берген ұстаздарына алғысын білдіріп, гүл шоғын табыс етті. Ал олардың өнерін тамашалаған ата-аналар мен ұстаздар көзіне еріксіз жас алып, мектеп түлектерін шығарып салды.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
