Арман Қоңырбаев Ашаның қызғанышын оятып алам ба деп қорқады
Арман Қоңырбаев қазақ эстрадасына әлі танылып үлгермеген Дана Кентай есімді бойжеткеннің бейнебаянына түсті. Аталған бейнебаянда бойжеткеннің ғашығының рөлін сомдады. Алайда әнші бұл міндетін толыққанды орындай алмаған. Жұбайы Ашаның қызғанышын оятып аламын деп қорықса керек-ті.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасы хабарлады.
Отандық шоу бизнеске енді ғана қадам басқан Дана Кентайдың сүйіктісінің рөлін сомдау Арман Қоңырбаевқа жүктелген-ді. Сыршыл сезімді суреттеуде сері біраз әбігерге түскен. Өзге арумен аймалысып тұрып сүйіктісі Ашаның көңіліне қаяу түсіріп аламын ба деп жүрексініпті.
Әншінің жұбайы: “Мен Арманға сен өзің білесің ғой. Сен енді Арман Қоңырбаевсың. Сен үлкен киноға түссең болады. Немесе жұлдызы жанған жұлдыздардың, яғни өнер адамдарының клипіне түссең болады. Бірақ жаңадан өнерге қадам басып келе жатқан жұлдыздың бейнеклипіне түскенді білмеймін. Өзің шеш дедім”, – деп Аша Матай алғашында жолдасына түскен бұл ұсынысқа қарсы болғанын айтты.
“Бір қызды құшақтап қалай рөлге кірдіңіз деген кезде, әрине, өзімнің әйелімді ойлап, құшақтаған кезде соны елестетіп құшақтадым. Әр жұптардың өз жолы бар. Біздің жолымыз басқа. Біз, әрине, халықтың алдында жүргеннен кейін ондай сөздер, ойлар болып тұрады. Бірақ ең бастысы біз бір-бірімізді сыйлап, жақсы көреміз”, – деп Арман Қоңырбаев отбасылық өмірлерінде қызғанышқа орын жоқ екенін айтып өтті.
Отбасылы азаматқа кадрда сезімін білдіру әнші Дана Кентайға да оңай болмаған. Тіпті бастапқыда продюсерінен мұның себебін сұраған. Десе де бұл шешімге продюсері мен Арман Қоңырбаевтан бөлек, Аша Матай да келіскенін айтады.
Аталған бейнебаянға түсуге Арманға өнердегі інісі Ақылбек Досжан қолқа салған. Оның ұсынысын жерге тастамау үшін жас жұбайлар бұл түсірілімге келіскен. Арман Қоңырбаев бейнебаяндағы рөлінен бірден үлкен экранға жол салды. Оның актерлік шеберлігін сынап көрген продюсер міндетті түрде фильмге шақыратынын айтты.
Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін желі қолданушыларының Аша Матайды жүктілігімен құттықтап жатқаны туралы жазған болатынбыз.