"Әрқайсынан 1 миллионнан алды": Мыңға жуық ата-ана Tesla Education білім беру орталығын алаяқтық жасады деп айыптады
Фото: Threads sulu_mulbayeva, 2Gis
Алматыда ата-аналар Tesla Education білім беру орталығын алаяқтық жасады деп айыптады. Себебі компания олардың балаларын оқытамыз деп миллиондаған ақша алып, келісімшартты бұзғаннан кейін қаржысын қайтармаған. Олардың айтуынша, қазір зардап шеккен адамдардың саны 1000-ға жуық. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушілердің бірінің сөзінше, қазір шамамен 1000-ға жуық жәбірленуші бар. Олардың әрқайсы 1 000 доллардан төлеген еді дейді.

Фото: Threads скрин
“Өткен жылдың басында 1000 ата-ана (қазір чатта 896 адам бар) 1 000 доллар (520 мың теңгеден аса), орташа есеппен 1 800 доллар (938 мың теңгеге жуық) төледі. Оқу орталығы осы адамдардың бәрін алдап соққан. Олар енді ақшаларын қайтауды талап етіп отыр. Компанияның негізін қалаушы адам чатқа қаражат тапшы екенін айтып, хабарлама қалдырды. Ата-аналар қаржысын бір жыл бұрын төлеп қойған болса, қалай банкрот болуы мүмкін. Соңғы рет шамамен екі апта бұрын төлем жасадық. Мұғалімдердің айтуынша, олар қыркүйек айынан бері жалақы алмаған. Бізде бір ғана сұрақ бар: Біз ақшамызды қайтарып ала аламыз ба? Енді ҰБТ-ға қайда дайындаламыз”, – дейді жәбірленушілердің бірі.
Фото: Threads скрин
Сондай-ақ ол ата-аналардың компания үстінен сотқа шағым түсіруді жоспарлап отырғанын айтты.
Тағы бір жәбірленуші Әсел Сүйімбаеваның сөзінше, компаниядан 300-ден астам отбасы ақшасын қайтара алмай жүр.
”Tesla Education (@teslaedu.ent) оқу орталығының алаяқтық схемасына қатысты шағым көбейді. Ата-аналардың айтуынша, компания оқу шартында жазылғанына қарамастан, келісімшарт бұзылған соң төленген ақшаны қайтармай отыр. Бүгінге дейін 300-ден астам отбасы ақшасын қайтара алмай жүр. Олардың көпшілігі қаражатты қайтару туралы өтініштерін белгіленген мерзімде өткізгенімен, апталап, тіпті айлап ешқандай жауап ала алмаған”, – дейді Сүйімбаева.
Сондай-ақ компания келісімшартқа қол қойған соң мұғалімдер жоқ екенін айтып, сабақтарды жиі тоқтатып жүрген.
“Келісімшартқа қол қойған соң мұғалімдер жоқ екенін айтып, сабақтарды жиі тоқтатқан. Онымен қоймай орталық қызметкерлері мүлде байланысқа шыққпай қойған. Кейде “мәселеңізді қарастырамыз” деп уәде беріп, алайда ештеңе шешілмейді екен. Жәбірленушілер мемлекеттік органдарға, Полиция департаментіне, Бостандық аудандық полиция басқармасына, қалалық прокуратураға, Экономикалық тергеулер департаментіне ұжымдық өтініштер жолдаған. Алайда іс қаралмаған”, – дейді Сүйімбаева.
Тағы бір ата-ана Арайлым Алдабергеннің айтуынша, алданған ата-аналардың біразы 1 500 000 теңгеден ақша төлеген.
"Негізі 1000-ға жуық адам. Қазір чатта 800 адам бар. Қаншама адам әлі чатқа қосылмады. Көбі чат бар екенін де білмейді. Көп ата-ана курсты 1 500 000 теңгеге бөліп төлеу арқылы алған. Тіпті 2-3 баласын оқытып жатқандар да бар. Мен бір жылға алдым. Ай сайын 50 000 теңгеден төлеп жүрген едім. Бүгін түнде компания аяқ-асты "Біз жұмысымызды тоқтаттық. Ақша бойынша сіздерге жауап бере алмаймыз" деген хабарлама жіберді. Жалғыз мен емес, қанша адамның ақшасын алып, жоқ болып кетті. Бас кеңсесі де жабық. Хабарламамызға мүлде жауап бермейді”, – дейді жәбірленуші.
Сондай-ақ ол Бостандық аудандық полиция департаментіне шағым жазғанын, бұл істі алаяқтық деп тануға болатынын жеткізді.
Фото: Арайлым Алдаберген
Тағы бір ата-ана баласының оқу орталығына барғанын, алайда компания жабық тұрғанын айтты.
“Tesla Education банкротқа ұшырады. 18 қараша күні оқушылар Tesla-ның Бұқар Жыраудағы ғимаратына барды. Алайда бәрі жабық тұр. Мұғалімдер де, жетекшілер де жоқ. Біз баламыздың оқуы үшін қомақты ақша төледік. Енді сыртта жаурап күтіп тұрмыз”, – деді жәбірленушілердің бірі.
“Бүгін балалар сабаққа келді. Алайда ғимараттан жан баласын таппадық. Жетекші де, мұғалімдер де жоқ. Бізге алдын ала хабарландыру да берген жоқ. Жетекшіге қоңырау шалдым, бірақ телефоны өшірулі. Бас кеңсеге қоңырау шалдым, олар да жауап бермеді. Бұл қалай болуы мүмкін? Tesla-да кері байланыстың болмауы қандай өкінішті. Балалар мен ата-аналар күтіп тұр. Бірақ ешқандай жауап жоқ”, – дейді тағы бірі.

Фото: Threads nadiya_mustafaeva
Әсем Жүсіпбек есімді Threads қолданушысы бұған дейін дайындық сапасына көңілі толмай, компанияға шағым білдіргенін жеткізді.
“@tesla.education 12 айға алдын-ала оқу ақысын алып, енді жабыламыз деп жатыр. Қыркүйекте бас кеңсеге барып, дайындықтың сапасы ұнамайтынын, ақшамызды қайтаруды сұрадым. Одан бөлек, демалыс деп “қатырып қойған” 2 айымыз бар. Бірақ олар “енді жақсы дайындаймыз” деп көндіріп, мені қайтарды. Енді бұлар жабыламыз , емтихан да жақындап қалған соң бізге басқа орталық табу керек, шұғыл! Ал @tesla.education ақшаны қашан қайтаратындарын жазбайды! Қанша уақыт күтуім керек? Басқа жерге қандай ақша төлеймін?”, – деп жазды ол.
Аталған жағдайға Stan.kz тілшісі оқу орталығына хабарласып көрді. Алайда жауап ала алмады. Дегенмен Tesla Education компаниясының негізін қалаушымын деген Айдос Сексеналы есімді азамат жағдайға пікір білдірген.
Ол Tesla Education оқу орталығы жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр екенін хабарлаған.
“Менің аты-жөнім – Сексеналы Айдос Мелісұлы, Tesla Education оқу орталығының негізін қалаушы. Tesla Education жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Бұл шешімге келу қиынға соқты. Жылдар бойы компания балаларыңызға сапалы білім беру үшін барын салды. Уақытымызды, күшімізді балаларға білім беруге арнадық. Балаларға білім беруді жалғастыру үшін бар мүмкіндікті жасадық. Алайда соңында компания жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол жәбірленушілер төлеген ақы толықтай қайтарылатынын жеткізді.
“Осындай жағдайға жеткізгенім үшін кешірім сұраймын. Компанияны қасақана немесе біреуге зиян келтіру үшін жаппадық. Қателік жібердік, алайда қасақана емес. Клиенттер алдындағы барлық міндеттеме орындалады және ақы толық төленеді. Бұл процесс ұзақ уақытқа созылады. Әрбір соманың толық қайтарылуына өзім жауапты боламын. Ақшаны қайтару үшін әр клиентке жеке кесте құрамыз. Бұл қаржыны қайтару процесін жеңілдетеді”, – дейді ол.
Сондай-ақ компания басшысы ата-аналарға сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
Ал Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушілердің арызы негізінде полиция қылмыстық істі тергеп жатыр.
“Азаматтардың арызы негізінде Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында оқиға мән-жайлын жан-жақты, толық және объективті анықтауға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Істің тергелу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – делінген хабарламада.
Tesla Education туралы не белгілі?
Tesla Education Алматы мен Астана қалаларында оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектебі және Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын білім беру орталығы.
Фото: kompra.kz
Білім беру орталығының ресми сайтында Tesla Education бренді Ted company компаниясына тиесілі екені көрсетілген. Компания директоры – Нұрманбетова Лазат Балғабайқызы. Ол компанияны Аида Орынбасар және Гүлнар Тұрмағамбетовамен бірге құрған екен.
Компания ресми түрде 2024 жылдың 26 қаңтарында тіркелген.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады