Арысты тазалау жұмыстары аяқталды
Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері Арысты толығымен тазалады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдай орын алған жерде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тікелей қала аумағын тазалау және жергілікті тұрғындарды қайтару үдерісін бақылауда ұстап жүр. Қорғаныс министрі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге қаланың 17 секторының жедел штабына барып, тұрғындармен кездесті және олардың сұрақтарына жауап берді.
Арыс аймағы жарылғыш заттарды үнемі тазалау үшін 17 секторға бөлінгенін атап өту керек. Сағат 5.00-де тазартылған учаскелерге бақылау-тексеру жұмыстары жүргізілді. Тазалау аяқталған соң, Арыс-1 және Арыс-2 станцияларынан барлық бағыттар бойынша поездардың қозғалысы қалпына келтірілді. Қарулы Күштердің радиациялық, химиялық және биологиялық барлау тобы СЭС-мен бірге қаланың радиациялық және биологиялық жағдайына толық мониторинг жүргізді. Уытты және күшті улы заттар анықталмады.
Қалада сапёрлар құрамасы жұмысын жалғастыруда. Олар тұрақты әуедегі барлау жұмыстарын жүргізіп, арсенал мен территорияның аумағын бақылайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары іске қосып, ақпаратты жедел штабқа жібереді. 6000-нан астам оқ-дәрілер жиналды, кейін олар қауіпсіз жерге алынды.
Қазіргі уақытта Арыс тұрғындары өздерінің үйлеріне қоныс аударуда. Әскери психологтар тобы жұртшылықпен жұмыс жүргізді.