Хайуанаттар паркінде арыстандар келушілердің көзінше ер адамды 15 минут талаған
Фото: Andrew Wong / Reuters
Таиландта арыстандар Бангкоктағы Safari World хайуанаттар бағына келушіні талап тастады. Бұл туралы Stan.kz Bangkok Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 10 қыркүйек күні таңертең хайуанаттар паркінің табиғи аймағында болды. 58 жастағы Джан Рангхарасами көліктен шыққанда оған арқасынан арыстан шабуыл жасаған. Оған тағы бірнеше жабайы мысық қосылған. Осының бәрі көлікте отырған келушілердің көз алдында болды.
Марқұмның әріптесі Пханом Ситсенг келіп, оларды қуып жібергенше арыстандар Рангхарасамиді шамамен 15 минут азаптаған. Зардап шегуші ауыр күйде ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлер оны құтқара алмады.
Жабайы табиғатты қорғау департаментінің өкілі оқиға арыстандарды тамақтандыру кезінде болғанын мәлімдеді. "Олардың біреуінің көңіл-күйі нашар болған сияқты және шабуылды дәл сол бастаған", – деп болжады шенеунік.
Рангхарасамидің әйелі оның хайуанаттар паркінде 20 жылға жуық жұмыс істегенін және жыртқыштарды ұстау ережелерін әрдайым сақтағанын, болған оқиғаға таңғалғанын айтты. Оның айтуынша, бұрын аңдар оған шабуыл жасамаған.
Safari World әкімшілігінің хабарлауынша, бұл 40 жылдағы алғашқы оқиға. Сондай-ақ олар Рангхарасами отбасына қамқорлық жасауға уәде берді.