Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыс тұрғыны: Шатырымды Мамин келетін күннің алдында бір түнде жапты. Оған дейін істелмеді

Арыста үйлердің жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтын тұрғындар саны азаяр емес. Солардың бірі – 56 жастағы Пернекүл Жүнісова. Тұрғынның айтуынша, үкімет басшысы Асқар Мамин Арысқа арнайы сапармен келерден күн бұрын бір түнде үйінің шатыры қағылыпты, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі. 

Арыс Тұрғыны

Пернекүл Жүнісова үйімнің жөндеу жұмыстары о баста берген уәдемен сай келмеді деп ашынды. Айтуынша, жарылыстан соң арнайы комиссия келіп, зақым келген үйді толықтай жөндеп, баз-баяғы қалпына келтіріп береміз деген. Бірақ, уақыт өте құрылысқа жауапты мердігер мекемедегілер сметалық құжатта көрсетілмеді деп жауап қатқан.

«Үйімді жөндеу жұмыстарының басталғанына бір жарым айдан асты. Алғашында бәрін бітіріп береміз деген. Үйімнің жатысы мынау. О баста үйімнің еденінде линолиум төселген болатын. Жарылыстан кейін оны алып тастап, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тіпті «Апай, линолеум десеңіз, линолеум. Кәдімгі ағаштан еден төсе десеңіз, оны да жасаймыз» деп уәде еткен. Бірақ енді оған ақша қаралмады деп отыр. Кәдімгі цемент күйінде қалды. Мердігерден «Неге жасамайсыңдар?» десем, «Үйіңді мен жарған жоқпын, оған ақша қаралған жоқ» деген жауап алдым», - деді тұрғын.

Атырау облысына қарасты секторда орналасқан бұл үйдің шатыры бір түнде қағылыпты. Алайда шатыр астына төселуі тиіс арнайы жабынды төселмеген. Жел тұрса, шатырды ұшырып әкете ме деп уайымға салынып отыр тұрғын.

«Шатырымды Мамин келетін күннің алдында бір түнде жапты. Қай күні екені есімде жоқ. Оған дейін істелінген жоқ. Бірінші жөндеу жұмыстары үйдің сыртында жүргізілді. Астына жабынды жабылмаған. Жел тұрса, шатырды ұшырып әкетеді ғой», - деп сөзін жалғады Пернекүл Жүнісова.

әйел

Арыс тұрғыны мемлекеттен үйінің жөндеу жұмыстарын соңына дейін жүргізіп бергенін талап етіп отыр. Бұл мәселесін айтып қала әкімшілігінен де араша сұраған.

«Әкімшілікке айтқанмын, «Уайымдамаңыз» деп жауап берді бір жас бала. Әкімнің алдына кіргізбейді бізді... Берген 100 мың теңге неге жетеді? Неге соны о баста дұрыс есептемейді? Мен жарылыстан дымы қалмаған сарайымды жөндеп берсін деп жатқаным жоқ, оны үйтіп-бүйтіп шамам келгенше жамап аламын. Маған үйіме келген зақымды жөндеп берсе болды», - деді көзіне жас алған Пернекүл Жүнісова.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Stan.kz (@_stan.kz)

Арыс тұрғынының мәселесімен қала әкімінің орынбасарына хабарласқанымызда, құрылыс наразылардың сұрағымен құрылыс бөлімінің бас маманы айналасытанын айтты. Алайда ол маманнан жауап алу мүмкін болмады.

Талқылау