Әріптестері Қарақаттың Қыдырәліге тоқал алып беруіне қатысты пікір білдірді
Күні кеше Қарақат Әбілдина 20 жыл отасқан жолдасы Қыдырәлі Болмановты туған күнімен құттықтап, оған тоқал сыйлағысы келетінін айтқан-ды. Мұны естіген жұрт шуласып, түрлі пікір білдірді. Бірі әншіні айрандай ұйыған отбасының шырқын бұздың десе, екіншілері қос ғашықтың бұл шешімін құп көрген. Дәл осылай Қарақат пен Қыдырәлінің өнер мен өмірдегі достарының пікірі қақ айырылды. Олар Stan.kz тілшісіне берген сұхбаттарында өз пікірлерімен бөлісті.
Қарақат Әбілдинаның өзіне хабарласқанымызда, отбасында орын алған бұл жағдайды жуырда халыққа өзі ашып түсіндіретіндігін айтты. Сөзінің қалжың немесе шындық екенін ажыратып айтудан бас тартты. Ал етене жақын араласатын құрбысының бұл әрекетіне таң қалғандардың қатарында Мәдина Сәдуақасова да бар. Ол құрбысымен мән-жайды сұрау үшін хабарласа алмай отырғанын айтады.
“Жақын құрбым Қарақаттың Қыдырәлінің туған күнінде бүкіл халықты шулатқаны рас. Құдай куә, олармен хабарласа алмай отырмын. Бірақ инстаграмдағы жазбасын көре сала “Мынау не сұмдық?!” деп жазып жібердім. Мен орыс мектебінде білім алдым. Тоқал алу дегенді өз отбасымнан, ағайын туысқандарым мен дос-жарандарымның арасынан естіген емеспін. Сондықтан бұл мен үшін таң қалдырарлық жаңалық болды. Бұл отбасымен етене жақын араласамын. Олардың тоқал алу тақырыбына қатысты қатты қалжыңдайтынын білемін. Көп жылдан бері бір шаңырақтың астында тұрып, төрт ұлды тәрбиелеп отыр. Бар болғаны Қыдырәлі әзілді бастап, Қарақат отағасының әзілін қоштаған сияқты. Алдағы болатын концерттің алдында Қыдырәлі ағамыз Қарақаттың алдында бас иіп, одан артық жар таба алмайтынын айтатынына мен толықтай сенімдімін. Тоқал алу туралы әңгімені естіген кезде көңіл-күйім түсіп кетеді. Ер азамат бір жүрегін қалай екі отбасыға бөліп береді. Әйел мен бала-шағаның жүрегі не болмақ? Осы туралы көп ойлаймын. Жұрт сияқты мұны шындыққа балай алмаймын. Әріптестерімнің отбасы айрандай ұйып, бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатқандарының куәсімін”, – деп Мәдина Сәдуақасова құрбысының бұл әрекетін түсінбесе де, қалжың деп ойлайтынын жеткізді.
Әріптесін туған күнімен құттықтаған Медеу Арынбаев бұл жаңалықтан хабарсыз екен. Десе де ол да мұны қалжыңға балады.
“Қарақаттың қалжыңға жақын екенін өздеріңіз де білесіздер ғой. Кеше туған күнімен құттықтадым. Бірақ мұндай әңгімені бірінші рет естіп отырмын. Сондықтан мұны қалжың деп білемін. Ал тоқал алу мәселесіне келсек, оған еш қарсылығым жоқ. Біздің қоғамда талай адам тоқал алып отыр. Бірі жасырса, енді бірі ашығын айтады. Бақ-дәулетің жарасып, сүйіп қосылған жұбайың қарсы болмаса неге алмасқа?!”, – деп Медеу Арынбаев ешкімнің таңдауына араласпайтынын айтып өтті.
Ерлан Орынбасаров пен жұбайы Баян Нұрмышеваның әріптестерінің тоқал алуына қатысты пікірлері өзгеше болды. Олар мұны шындыққа балаған-ды. Қандай жағдай болмасын, тек қана қолдау білдіретіндіктерін айтып өтті.
“Шынымды айтсам, бұл жаңалықты сіздерден естіп отырмын. Дәл қазір Мұхамеджан Тазабековтің әңгімесі есіме түсіп кетті. Біреулер ол кісіден “Өзге замандастарыңыз үш-төрт әйел алып жатыр. Сіз неге алмайсыз?” деп сұраған екен. Сонда ағамыз “Адам ас ішкенде бірінші сорпаның дәмін татады. Тоймай қалса, артынша қуырдақ жейді” деп жауап қайырған. Сол секілді мен де сорпаны қанағат тұтатын жандардың қатарынанмын. Өз басым біреудің отбасында болып жатқан дүниеге араласпаймын. Үйдегі әңгіме түзге шықпағаны жөн. Қазір ХХІ ғасыр болғандықтан, ешнәрсеге таң қалмаймын. Әріптестерімді қатты сыйлап, ерекше құрметтеймін. Қандай жағдай болмасын тек қолдаймын”, – дейді Ерлан мырза.
Продюсер мен жұбайының ойы үндес келді. Ол да мұны шындыққа балаған-ды.
“Өз басым мұны қалжың деп ойламаймын. Дүйім жұртпен дәл бұлай қалжыңдаспайтын шығар. Әр отбасының ішінде не болып жатқанын бәрі біле бермейді ғой. Неліктен мұндай ақпарат таратқандарын да түсінбей отырмын. Аға-әпкелеріміз мұндай шешімді тек отбасының бақытын арттыра түсу үшін қабылдайды. Бұл отбасыға деген құрметім шексіз. Ал егер өз басыма келер болсақ, мен тоқал алу деген дүниеге толықтай қарсымын. Бұл өзі дұрыс емес нәрсе”, – дейді Баян ханым.
Ал дәстүрлі әнші Өмірқұл Айниязов Қазақстанда бірнеше әйел алған ел ағаларының бар екенін тілге тиек етіп, дәулеті жарасқан азаматқа барлығының жарасатынын айтты.
Өмірқұл Айниязов “Бұл көптен бері айтылып келе жатқан нәрсе ғой. Қазақтың қанына сіңген дәстүр. Алғысы келген жігіт алсын. Оған еш қарсылығым жоқ. Қазір де жақсы ел ағаларының бірнеше әйел алып жатқанын естиміз. Мысалы, Бекболат ағамыз үш әйелден тоғыз баласы бар екенін жасырмайды. Қыдырәлі толысқан, сөзі мірдің оғындай өткір азамат. Оған барлығы да жарасады. Бірнеше отбасының жағдайын жасай аламын деген азаматтарға еш қарсылығым жоқ”, – деп пікір білдірсе де, әріптестерінің бұл әрекетін ұтымды қалжыңға балады.
Жаңалықты естіп таңырқағандардың арасында әнші Бейбіт Қорған да бар.
Ол “Жеңешенің жасаған сыйлығына риза болдым. Не деген махаббат! Не деген түсінік! Алла разы болсын! Бақытты болыңыздар”, – деп Болмановтар отбасына ыстық лебізін жеткізді.
Әнші Тамара Асар бұл жаңалықтан бейхабар екен. Ол жақын достарының қуанышын бөлісуге бара алмағанын айтады.
“Өзім ауырып қалғандықтан, кеше Қыдырдың қуанышына ортақтаса алмадым. Өзім ер азамат болмағандықтан тоқал алуға қатысты пікір айта алмаймын. Мен де мұны қалжың шығар деп ойлаймын. Ал егер қалжың болмай, Қарақат пен Қыдырәлі дәл сондай шешім қабылдап жатса, келіншегі отағасына өз рұқсатын беріп тұрса, мен ешқандай да қарсы емеспін”, – дейді Тамара Асар.
Бүгінде қос ғашық инстаграм парақшаларына отбасының бақытты шақтарына куә болған суреттерді жүктеп жатыр. Кешегі әрекеттерінің мәнісін әзірге ешкім түсінбеді. Десе де, Қарақат Әбілдина жуырда барлығын өзі ашып әңгімелеуге уәде берді. Сондай-ақ әңгіменің ашығын концертте айтамын деп қалды сөз арасында. Соған қарағанда әншінің концертіне адам жинау, өзі туралы қоғамда әңгіме таратудың бір тәсілі сияқты.
Себебі, Қарақат Әбілдина бірнеше уақыт бұрын Тасмағамбетов мыразамен арасында “махаббат болды” деген жұрттың күдігіне жауап беріп, БАҚ-беттерінен бірнеше күн түспей тұрған еді. Соның дәмін татып қалса керек деген болжамдар көп. Дегенмен, халық дәстүрлі әндерді жағымды даусымен орындап, көпшіліктің көңілінен шыққан әншінің “арзан жарнамасынан” кейін көңілдері қалғанын жиі жазуда.
Оқи отырыңыз:
Қыдырәліге ерекше сый жасағысы келген Қарақат жұрт алдында тоқал алып беруге уәде етті
Қарақаттың тыңдарманы естелік үшін оның бір уыс шашын жұлып алған
Қарақат Әбілдина: Мен маймыл емеспін, табиғи болмысым осындай
Қазақстандық танымал адамдар сүйіктілеріне ұсынысты қалай жасаған