Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен сізді қатты жақсы көремін": Ардақ Назаров мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтады

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал қою үшін микрофон сұраған депутат Ардақ Назаров сөзін анасын туған күнімен құттықтаудан бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Осында отырған барлық азаматтардың артында әлемнің жарық әлемін сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз", – деп анасына құттықтау оқыды.

Анасын қатты жақсы көремін деген депутат әкесі екеуіне ұзақ ғұмыр тіледі.

"Қадірлі анашым, Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың аналарыңыз аман болсын!" – деген ол әрі қарай депутаттық сауалын оқыды.

Айтуынша, бүгінде әлем елдері цифрландыру үдерісіне айрықша мән беріп отыр. Қазақстан бұл бағыттан қалыс қалмай, цифрландыруды жүйелі түрде іске асыруда. Дегенмен әскери қызмет және әскерге шақыру саласында цифрландырудың толыққанды игілігі әлі де кешігіп келеді. Сондықтан депутат әскерге шақыру барысындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін электронды кезек жүйесін енгізіп, қоғамның сенімін арттыру қажет екенін алға тартты.

 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 14:45
Талқылау