"Арандатушылық операция": Прокурор оралдық блогерге жеті жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады
24 наурызда Орал қалалық сотында блогер Аслан Өтеповке қатысты негізгі сот талқылауы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Блогер 2022 жылдың 30 желтоқсанында 300 мың теңге алғаны үшін ұсталды.
Өтепов алаяқтық жасады және пара беруге итермеледі деп айыптауда. Жәбірленушілер – Байсариева мен Павлов.
17 мамырда тараптардың жарыссөздері өтті. Бірінші болып прокурор Анастасия Семилиди сөз сөйледі. Ол Өтеповті 7,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
“Мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде міндетті қосымша жаза тағайындалсын. Павловтың талап-арызы екі миллион теңге, Байсариеваның талап-арызы 1 млн және 250 мың теңге өтемақысы төленсін, – деп қорытындылады Семилиди.
Өтепов сотта өзінің кінәсін мойындамайтынын және мұның бәрін арандатушылық деп санайтынын мәлімдеді.
“Ақшаны бергені туралы нақты дәлел жоқ. Құр сөздер. Жәбірленушілер маған қарсы жалған айғақтар береді. Бұл негізі қоғамдық қызметпен тікелей байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіп, қарапайым халық пен кәсіпкерлерге заңгерлік көмек көрсетемін, сондай-ақ "Трамадол" мен басқа да есірткі заттарының таралуымен күресемін. Шенеуніктер осыған қапаланып, менің үнімді өшіргісі келді. Сондай-ақ прокуратура, ҰҚКД және басқа да қызметкерлер тарапынан қауіп төнді”, – дейді сотталушы.
Айтуынша, оған қызметін тоқтатсын деп пара бергісі келген. Ол мұның бәрі оған қарсы жоспарланған, арандатушылық операция екеніне сенімді.
Өтеповтың айтуынша, облыс прокурорының бірінші орынбасары Сәтбаев оған қатысты барлық қаулыларды бекітті. Тергеу судьясы Губашев блогерді қамауға алуға рұқсат берді.