Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Араға 46 жыл салып Америка хоккейден Олимпиадада топ жарды

АҚШ Канада хоккейФото:Olympic.com

Италияда жалауын көтерген ХХV қысқы Олимпиаданың соңғы күнінде хоккейден ерлер арасындағы үздіктер анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төрткүл дүние көз тіккен додада хоккейден шешуші сында АҚШ пен Канада құрамалары чемпиондық атаққа таласты.

Тартысқа толы матчтың 6-минутында АҚШ құрама сапынан Мэтт Болди мергендік танытты.

Алайда 39-минутта канадалық Кейл Макар қарсылас қақпасын дәл көздеп, таразы басын теңестіріп кетті.
Үшінші кезеңде де канадалықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.

Дегенмен АҚШ қақпашысы Коннор Хеллебайк сәтті сейвтер жасап, командасын қауіптен құтқарды.

62-минутта, яғни овертаймда АҚШ-қа жеңіс әкелген шайбаны Джек Хьюз салды.

Осылайша қосымша уақытта тарихи алтын медаль АҚШ құрамасына бұйырды. Канада күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал қола Финляндия құрамасына бұйырды.

АҚШ үшін бұл тарихи жүлде деп айтуға негіз бар. Себебі араға 46 жыл салып АҚШ-тың ерлер құрамасы хоккейден алтын жүлдеге қол жеткізіп отыр.

Осы жеңістен кейін АҚШ ерлер құрамасы қысқы Олимпиадада үшінші мәрте чемпион атанды. Бұған дейін америкалық хоккейшілер Олимпиада алтынын 1960 жылы Скво-Вэллиде (АҚШ) және 1980 жылы Лэйк-Плэсидте (АҚШ) жеңіп алған.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 10:12