Араб Әмірлігі бизнесмені елімізге деген құрметпен қазақстандықтардың 50 мың доллар қарызын кешірді
Араб Әмірлігінде тұрып жатқан Қазақстан азаматы ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен ҚР-ның Дубайдағы бас консулы Мадияр Меңілбековке бизнестегі қиындықтарын шешіп бергені үшін алғыс айтты.
Фото: Григорий Сысоев
Қазақстандық әйелдің хатында жазылғандай, олар қызының сырқатына байланысты Дубайға көшуге мәжбүр болған екен. Ол жақта отбасы футкорт ашып көреді, бірақ жергілікті заңды білмегендіктен, бизнес жүргізу қиын болып, “тығырыққа тіреледі”.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов әлеуметтік желідегі парақшасында жазып өткендей, отбасы жалға беругшілерге 180 мың дихрам (шамамен 50 мың доллар) қарыз болып қалған. “…Біздің дипломаттар бұл іске араласқаннан кейін, әуелі соманы екі есе төмендетуге мүмкіндік туды, ал бас консул ғимарат басшысымен кездескеннен соң “біздің елге деген сый-құрмет ретінде” қазақстандықтардың қарызын кешіру туралы келісімшарт жасалды”, — деп хабарлады Жайнақов. Қазақстандық әйел бас консул Мадияр Меңілбековке тығырықтан құтқарғаны үшін алғысын білдірді.