"Әр адамға оннан артық нөмір берілмейді": Қазақстанда байланыс саласында жаңа ережелер күшіне енді

Бүгін, 18 қарашада Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету ережелерін өзгерту туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның бұйрығы күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатқа мынадай толықтырулар енгізіледі:
- Биометриялық деректер деген жаңа түсінік енгізіледі. Дербес деректер субъектісінің физиологиялық және биологиялық ерекшелiктерiн сипаттайтын дербес деректер, олардың негізінде осы субъектінің жеке басын анықтауға болады
- Ұялы байланыс операторы жеке тұлғаның өтініші бойынша жеке, отбасылық және өзге де пайдалануға жеткілікті оннан аспайтын абоненттік нөмірді рәсімдейді;
- Жеке тұлға оннан астам абоненттік нөмір алу үшін өтініште сұратылған абоненттік нөмірлерді пайдаланудың тиісті мақсаттарын көрсетеді, сондай-ақ ұялы байланыс операторымен көзделген ұсынылатын деректердің дұрыстығын растайды;
- Өтінішті қарау нәтижелері бойынша ұялы байланыс операторы жеке тұлғаға абоненттік нөмірлерді рәсімдейді не себебін көрсете отырып бас тартады.
Алаяқтық, сондай-ақ байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттердің белгілері бар қоңырау шалу жүзеге асырылған абоненттік нөмірді анықтау тәртібі бекітілді. Ұялы байланыс операторлары ақпараттық жүйелерін (дерекқорын) интеграциялау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің антифрод орталығымен келісім жасасады.
"Ұялы байланыс операторы ішкі антифрод жүйелерінің негізінде, оның ішінде GSM-шлюздер (сим-бокстар) арқылы алаяқтық белгілері бар SMS-хабарламаларды және (немесе) қоңырауларды, сондай-ақ байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттерді дербес анықтайды және абонент туралы тегі, аты, әкесінің атын (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірін және абонентке рәсімделген абоненттік нөмірлерді қоса алғанда, ақпаратты бере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод орталығын хабардар етеді", – делінген бұйрық жобасында.
Ұялы байланыс операторына ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесі арқылы абоненттің өтініші келіп түскен кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод орталығынан, оның ішінде GSM-шлюздер (сим-бокстар) арқылы алаяқтық белгілері бар қоңыраулар, байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттер бойынша ақпарат алған кезде 2 жұмыс күні ішінде тексеру жүргізіледі.
“Ақпарат расталған кезде ұялы байланыс операторы 2 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод орталығына ақпарат бере отырып, осы абоненттік нөмірге байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрады. Алаяқтық әрекеттердің белгілері расталмаған кезде ұялы байланыс операторы 2 жұмыс күні ішінде алаяқтық әрекеттердің белгілері расталмағаны туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод орталығын хабардар етеді", – делінген құжатта.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік