АҚШ Иранға шабуыл жасауды екі аптаға тоқтатады: Тоқаев Трамптың шешімін құптады

АҚШ президенті Дональд Трамп Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шарифтің өтінішінен кейін Иранға соққы жасауды екі аптаға тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Трамптың шешімін құптап, өзара келісімнің ұзаққа созылатынына сенім білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Трамптың желіде жариялаған жазбасында Иранға қандай талап қойып отырғанын жазды. Оның сөзінше, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф және фельдмаршал Асим Мунир Трампты осы түнде Иранға қарсы бағытталған жойқын күш қолданудан бас тартуға шақырды. Осының негізінде келіссөздер жүргізілгенін мәлім етті.
“Егер Иран Ислам Республикасы Ормуз бұғазын толық, жедел әрі қауіпсіз түрде ашуға келіссе, мен Иранға қарсы бомбалау мен шабуылдарды екі апта мерзіміне тоқтатуға келісемін. Мұндай шешімге келуімнің себебі – біз барлық әскери мақсаттарға қол жеткізіп қана қоймай, оларды артығымен орындадық. Сондай-ақ Иранмен ұзақ мерзімді бейбіт келісім жасау және Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бағытында айтарлықтай ілгеріледік", — деп жазды ол.
Иран бес елдің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді
ОқыңызПрезиденттің айтуынша, Вашингтон Тегеран тарапынан ұсынылған 10 тармақтан тұратын ұсыныс алған және оны келіссөздер үшін "жұмыс негізі" деп санайды.
"АҚШ пен Иран арасындағы бұрынғы келіспеушіліктердің негізгі мәселелерінің басым бөлігі бойынша келісімге келдік. Алайда екі апталық кезең келісімді толық аяқтап, ресми түрде бекітуге мүмкіндік береді. АҚШ президенті ретінде, сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінің атынан бұл ұзаққа созылған мәселенің шешілуге таяу екенін айту мен үшін мәртебе. Осы мәселеге көңіл бөлгендеріңіз үшін рақмет”, – деп қосты ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен әскер басшысы Асим Мунирнің араағайындығымен Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату туралы келісімді құптады.
Бұл келісім – Дональд Трамп және Иран басшылығының жұмысының нәтижесі, сондай-ақ қақтығысқа қатысқан елдер келісімге келуге дайын болғандықтан мәміле жасалды.
Президент бұл бітім ұзақ уақытқа созылып, әлемдік сауда мен елдердің экономикасына жақсы әсер етеді деп сенім білдірді.
Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі Иранның Ормуз бұғазын ашуға келіскенін мәлімдеді. Оның мәтінін сыртқы істер министрі Аббас Аракчи X әлеуметтік желіде жариялады.
"Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шарифтің өтінішіне жауап ретінде, сондай-ақ АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын ұсынысы негізінде келіссөз жүргізу туралы сұранысын және АҚШ президентінің Иранның 10 тармақтан тұратын ұсынысын келіссөздерге негіз ретінде қарастыруға дайын екенін ескере отырып, Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің атынан мәлімдеймін: егер Иранға қарсы шабуылдар тоқтатылса, біздің қарулы күштер қорғаныс әрекеттерін тоқтатады", – делінген құжатта.
Мәлімдемеде Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуге екі апта уақыт берілетіні және бұл Иран қарулы күштерімен бірге және техникалық мүмкіндіктердің ескеріле отырып жүзеге асырылатыны айтылған.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған