Навальныйдың өлімі, Газа мен Мысыр шекарасында қақтығыс, Пашинян Әзірбайжанды айыптады: Әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу
Осы аптада Израиль Газа мен Мысыр шекарасындағы Рафах аймағына шабуыл жасады. Бұл ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыстың өршуіне алып келген. Сонымен қатар ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный колонияда көз жұмды. Ал Армения премьер-министрі Әзірбайжанды соғысқа дайындалып жатыр деп айыптаған. Stan.kz тілшісі соңғы аптадағы саяси жаңалықтарға талдау ұсынады.
Навальныйдың өлімі: Әлем мұны қалай қабылдады
Ресейдегі ең көрнекті оппозиция жетекшісі Алексей Навальный жұма күні түрмеде көз жұмды. Ол Арктикадағы "Полярная воль" колониясына қамалғаны белгілі.
47 жастағы бұрынғы заңгер Навальный он жылдан астам уақыт бұрын Ресей элитасының алаяқтары мен ұрыларын әшкерелеген адам ретінде танылған.
Ямало-Ненецк автономиялық округінің Федералдық қылмыстық атқару қызметі мәлімдемесінде Навальный Харптағы ИК-3 колониясында күнделікті серуенге шыққан. Артынша өзін нашар сезінгені айтылған. Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Навальныйдың адвокаты түрмеге бара жатқанын айтты.
Фото: Reuters
"Полярлық қасқыр" колониясы Ресейдеің түрме жүйесіндегі ең қатал колониялардың бірі болып табылады. Бұл түрмеге ауыр қылмыс жасаған аса қауіпті қылмыскерлер жөнелтілген.
Навальныйдың өлімі туралы деректер
"Медицина қызметкерлері дереу жетіп, жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Жүргізілген реанимациялық шаралар оң нәтиже бермеді. Жедел жәрдем қызметкерлері сотталушының өлімін растады. Өлімнің себептері анықталуда”, – делінген ресми ақпаратта.
БАҚ-та реанимациялық шаралар жарты сағатқа жуық уақыт бойы жүргізілгені және жедел жәрдем қызметі түрмеге жеті минутта жеткені айтылған ақпарат тарады.
Кремль президент Владимир Путинге Навальныйдың өлімінен хабардар екенін мәлімдеді.
Навальныйдың көмекшісі Леонид Волков желідегі парақшасында бұл ақпаратты растау немесе жоққа шығару мүмкін еместігін жазды.
"Ресей билігі Алексей Навальныйды түрмеде өлтіргенін мойындады. Бізде ақпаратты растауға немесе жоққа шығаруға ешқандай мүмкіндік жоқ “, – деді Волков.
Навальныйдың анасы Людмила Навальная журналистерге ұлын 12 ақпан күні соңғы рет көгенін мәлімдеді.
“Көңіл айтқандарыңызды қаламаймын. 12 Ақпан күні ұлыммен түрмеде кездесдім. Ол аман-сау еді”, – дейді анасы.
Өлімнің ресми себебі жарияланған жоқ, тергеу жүріп жатыр.
Навальный Германиядан Мәскеуге оралғалы бері түрмеде отырған. Бұл Ресейде болатын сайлаудың алдында оппозицияны басып-жаншу дейді сарапшылар.
Навальный тұтқындалғанға дейін жемқорлыққа қарсы науқандарға жетекшілік етіп, Кремльге қарсы ірі шерулерді ұйымдастырған.
2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген кезде Навальный әлеуметтік желідегі жазбаларында соғысты ашкөздік деп айыптаған болатын. Соғыс басталғаннан кейін бір ай өтпей жатып, Навальный және оның жақтастары қаржы жымқырды және сотқа құрметсіздік танытты деп тағы тоғыз жыл мерзімге сотталған болатын. Тергеушілер бірден жаңа тергеуді бастап, 2023 жылдың тамызында Навальныйға экстремизмге қатысы бар деп айып тағып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әлем Навальныйдың өлімін қалай қабылдады?
Көптеген әлемдік көшбасшылар Навальный "ерлігі үшін өмірін қиды" деп, саясаткердің өліміне Путинді айыптады.
Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова өзінің Telegram-каналында Батыстың сот-медициналық дәлелдемесіз қорытынды шығарып отырғанын жазды.
Президент Владимир Зеленский Навальныйды "Путин өлтіргені анық" деп мәлімдеді.
Ал Еуропа Кеңесінің төрағасы Чарльз Мишель ресейлік оппозиция өкілінің "бостандық пен демократия құндылықтары үшін күрескенін" және осы жолда құрбан болғанын айтты.
Ал Еуропалық Одақ бұл қайғылы өлімге жалғыз Ресей режимін жауапты деп санайды.
Францияның сыртқы істер министрі Стефан Сежурн саясаткердің жүйеге қарсы тұрғанын жазды.
"Оның колонияда қайтыс болуы бізге Владимир Путин режимінің шындығын еске салады", – деді Сежурн Навальныйдың отбасы мен Ресей халқына көңіл айтып.
Бас хатшы Йенс Столтенберг Навальныйдың көз жұмғаны туралы хабарларға қатты қайғырып, алаңдағанын жеткізді.
"Біз барлық фактілерді анықтауымыз керек, ал Ресей оның өлімінің мән-жайы туралы барлық маңызды сұрақтарға жауап беруі керек”, – дейді ол.
Еске салсақ, Навальныйы 2022 жылы прокатқа шыққан Дэниел Роэрдің "Навальный" фильміне берген сұхбатында өзіне қастандық жасалған жағдайда Ресей халқына не айтқысы келетінін сұрайды.
"Берілмеңіздер! Егер олар мені өлтіруге дейін баратын болса, бұл біздің ерекше күшті екенімізді білдіреді. Естеріңізде болсын, біз өзіміздің қаншалықты күшті екенімізді түсіне алмағандықтан ғана осы зұлымдардың қамыты астында жатқан үлкен күшпіз", – дейді Навальный.
Израильдің Газа мен Мысыр шекарасындағы Рафахтағы опперациясы
Рафах аймағы
Рафах Газа секторы мен Мысыр арасындағы шекарада орналасқан аймақ.
Палестинаның Рафах аймағы 64 шаршы шақырымды құрайды. Израиль мен Газа арасындағы қақтығыс басталған уақытта бұл қауіпсіз аймақ ретінде белгіленіп, халықтың басым бөлігі осы жаққа көшірілген. Израиль күштері Рафахтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деп уәде еткен. Осылайша 1,4 миллион палестиналық Рафахқа ығыстырылды.
Инфографика Stan.kz
Израильдің Рафахтағы операциясы
Тель-Авивтің мәлімдеуінше, Рафахта ХАМАС-тың төрт бригадасы жасырынған. Ол бригадалар аймақта арнайы дайындық жасап, әуе шабыулдарын ұйымдастырған деген болжам бар.
Израиль Рафахта тұратындарды эвакуациялау жоспары жасалып жатқанын айты. Алайда әзірге бейбіт тұрғындардың қай жаққа көшірілетіні белгісіз. Осылайша Израиль аймақта жасырынғандарды жою жұмыстарын жүргізбек.
Египеттің оқиғаға не қатысы бар?
Сарапшылардың пікірінше, бейбіт тұрғындар Мысыр мен шекарада қалып қойған. Израиль оларды Синайға ығыстыруды көздеп отырған көрінеді.
Бұл Мысырдың ішкі қауіпсіздігін тұрақсыздандырады. Сонымен қатар, миллионнан астам жараланған палестиналықтар Мысыр шекарасына мәжбүрлі түрде көшірілуі ықтимал.
Мысыр Израиль шабуылының алдын алуы үшін Газа шекарасына 40 танк пен бронетранспортерлер қойған.
Мысыр Израильдің Рафах арқылы жасаған кез келген шабуылына “қатаң түрде жауап беретінін, салдары ауыр болатынын” ескертті. Оған қоса Израильдің палестиналықтарды өз жерінен шығаруы екі ел арасындағы 40 жылдық Кэмп-Дэвид бейбіт келісіміне қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Фото: Said Khatib/AFP
Рафахта қазіргі жағдай қандай?
Израиль қазір Рафах аймағына күніне жүзден аса қарулы шабуыл жасауда.
Бұл Газаның адам ең көп қоныстанған аймағы болғандықтан, қазір жағдай ушыққан. Халық су, баспана мен медициналық көмекке зәру.
Қазір аумақта А гепатиті өршіген. Адамдардың шамадан тыс көп болуы аурудың таралуына әкелді. Денсаулық сақтау қызметкерлері пациенттерді оқшаулау мүмкін болмағандықтан індетті тоқтату қиын екендігін мәлімдеді.
Осыған дейін, Израиль әскерилері “бейбіт тұрғындарды өлтірмейтінін және ауруханаларды бұзбайтынын” мәлімдеді.
"Керісінше, біз көмек пен қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуге дайынбыз. Ауруханаларды ұрыс алаңына айналдыруға мүдделі біз емес, Хамас", – деп хабарлады Израиль армиясы.
Ақпан айының басында Израиль Хамастың қалған батальондарын жою үшін Рафах қаласына әскер жіберетінін мәлімдеген. 12 ақпан Рафах аймағына алғашқы соққы жасалды. Палестиналық ұйым, шабуыл салдарынан жүздеген адамның қаза болғанын хабарлаған.
Ақ үй бұл операция жүзеге ассы “сұмдық жағдай болады" деп мәлімдеген еді.
Пашинян Әзірбайжанды соғысқа дайындық бастады деп айыптады
Фото: primeminister.am
Армения премьер-министрі Әзірбайжанды "агрессивті әрекеттер" үшін айыптап, "қақтығыстың әскери күшеюін кең ауқымды соғысқа айналдыруға” ниетті екенін айтты.
"Әзірбайжан шекараны делимитациялаудан бас тартып, Арменияға қарсы әскери күштеу саясатынан жалғастыруда", – деп мәлімдеді Армения премьер-министрі Никол Пашинян 15 ақпан күні өткен үкімет отырысында.
Пашинян бастапқыда бүкіл шекара бойынша делимитация жүргізу ұсынылғанын, бірақ Әзірбайжан шекараны бөліктерге бөліп, делимитацияны кезең-кезеңімен жүргізгісі келгенін айтты.
"Әзірбайжан біз ұсынған нұсқадан қашқақтайтын сияқты. Мұның бір себебі бар екені белгілі. Олар шекараның кейбір учаскелерінде әскери шиеленіс желеуімен соғыс қимылдарының бастауы мүмкін. Бұл Армения Республикасына қарсы кең ауқымды соғысқа болады", – деді ол.
13 ақпан Армения Әзірбайжанды Неркин Ханд ауылын атқылап, төрт әскери қызметкерді өлтірді деп айыптаған.
12 ақпанда Әзірбайжан шекара қызметі Коллугишлаг ауылында орналасқан өз позицияларына оқ атылғанын хабарлаған болатын. Артынша Армения Әзербайжан шекара қызметі "армян қарулы күштері жасаған арандатушылыққа" жауап ретінде Неркин Ханданың атқылаған деп мәлімдеді.
Еске салсақ, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабахты өз бақылауларына алғаннан кейін жаңа соғыс қажет емес екеін мәлімдеген болатын. Мойындалмаған республика Бакудегі бір күндік әскери операциядан кейін Әзірбайжан күштерінің бақылауына өтті. Қарабах тұрғындарының басым көпшілігі армяндар еді. Олардың 100 мыңнан астамы Арменияға кеткен.
Столтенберг: Украина НАТО-ға кіреуге жақын
Фото: Reuters
Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Украина қажетті шарттарды орындаған кезде және одақтастар бұл шешімді қолдаған кезде НАТО-ға шақыру алатынын айтты. Оның сөзінше, Украина НАТО-ға қосылуға бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақын.
Ақпаратта одақтастар мүшелікке арналған іс-қимыл жоспарының талаптарын жойғаны айтылған. Артынша одақтастардың Украинамен "терең саяси ынтымақтастық" кеңесін құрғаны және Киевте Украина Қарулы Күштерін НАТО әскерлерімен толықтай үйлесімді ететін стандарттар, доктриналар мен процедуралар болуы үшін кешенді өзара әрекеттесу бағдарламасын қабылдағаны белгілі болды.
“Барлық одақтастар келісім беріп, шарттар орындалса, Украинаның қосылуы ықтимал. Біз бұған қадам жасап жатырмыз”, – деп түйіндеді Столтенберг.
Альянсқа мүшелікке ұмтылу Украина Конституциясында бекітілген. Бұл серіктес елдердің әскерлерінің альянс күштерімен өзара әрекеттесуін нығайтуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, 2023 жылдың қарашасында НАТО Ресей мен Украина арасында әскери операциясы жалғасып жатқан уақытта, Украинаның одаққа қосылуы мүмкін емес екенін мәлімдеген.
НАТО елдері Украинаға 10 миллиард долларлық көмек көрсету туралы келісімдерге қол қойды
Фото: Reuters
НАТО елдері Киевке жаңа әскери жүктерді жеткізу үшін 10 миллиард долларлық келісімдерге қол қойды. Бұл туралы НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг альянстың қорғаныс министрлерінің отырысында мәлімдеді.
"Бүгін түстен кейін мен Украина-НАТО кеңесінің отырысына төрағалық етемін. Біз Украинаға қалай көмек көрсетуге болатынын талқылаймыз. Біз өндірісті ұлғайтуымыз керек. НАТО елдері келісіп, 10 млрдд долларлық келісімшартқа қол қойды", – деді ол.
Сонымен қатар Столтенберг АҚШ конгресінің келісім беретініне үмітті екенін айтты.
"Мен НАТО елдерінің көмек, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, оқ-дәрі жіберіп жатқанын құптаймын. Еуропалық Одақтың 50 миллиард еуро бөлу туралы шешімі да дұрыс деп есептеймін. АҚШ Конгресі келісімді бекітеді деп күтемін", – деді Столтенберг.
Ол Киевке қару-жарақ жеткізу "қайырымдылық емес, НАТО-ның өз қауіпсіздігіне салынған инвестиция" деген пікір білдірді.
Белгородқа тағы да шабуыл
Украинаның Ресейдің Белгород қаласына жасаған әуе шабуылынан жеті адам, оның ішінде бір жасар қыз бала қаза тапты, деп хабарлады аймақ басшысы.
Губернатор Вячеслав Гладковтың айтуынша, бейсенбі күні Украина шекарасына жақын жерде болған соққыдан тағы 18 адам жараланған.
"Жарақат алған 18 тұрғын, оның ішінде төрт бала қазір дәрігерлердің бақылауында ауруханада жатыр. Алты адамның жағдайы ауыр, негізінен денесінің әр жерінен жараланған. Зардап шеккен тоғыз адамның жағдайы орташа ауыр. Миы шайқалған және иығы көгерген 7 және 15 жастағы екі ұл баланы көрсетілген көмектен кейін дәрігерлер амбулаторлық емдеуге жіберді”, – деп мәлімдеді Гладков.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан қатты зақымданған сауда орталықтарының сыртында бірнеше жедел жәрдем көлігінің тұрғанын байқауға болады.
Фото: Reuters
Ресей әуе қорғаныс жүйелері Украинаның 14 зымыранын атып түсіргенін хабарлады.
Қорғаныс министрлігімен тығыз байланыстағы ресейлік "Звезда" телеарнасы бір зымыран сауда орталығына түсіп, екіншісі қаладағы спорт стадионын жарып жібергенін айтқан.
Белгород Украинамен шекарадан шамамен 30 км (19 миль) жерде орналасқан.
Еске салсақ, өткен түнде Ресей Украинаға 26 зымыран атқылап, нәтижесінде солтүстік-шығыстағы Харьков маңындағы Чухуевте 66 жастағы әйел қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланды.
Осы уақытта Украинаның шығысындағы Авдиевка қаласы үшін шайқас жүріп жатыр.
Кейбір украиндық сарбаздар қаланың кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін айтады. Өйткені соғыс аймағында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі байқалған.