Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Apple, Google және Facebook-тегі 184 миллион аккаунттың жеке дерегі тарап кетті

Фото: Ru.freepik.com

Ақпараттық қауіпсіздік саласының зерттеушісі Джеремиа Фоулер 47 ГБ-тан астам көлемдегі деректер базасының қолжетімді тұрғанын анықтады. Базада Apple, Google, Facebook және басқа да ірі сервистерінде тіркелген 184 миллионнан астам аккаунттың логиндері мен құпиясөздері бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Wired басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеушінің айтуынша, базада логиндер, пайдаланушылардың есімдері, сервистерге сілтемелер және құпиясөздердің ашық түрде сақталған. Аталған мәліметтер келесі платформаларға тиесілі аккаунттардан алынған: 

  • Facebook;
  • Google;
  • Instagram; 
  • Roblox;
  • Discord;
  • Microsoft;
  • Netflix;
  • PayPal және басқа да сервистердің деректері тараған.

Сондай-ақ жария болған деректер арасында Amazon, Apple, Snapchat, Spotify, Twitter, WordPress және Yahoo платформаларына тиесілі аккаунттардың логиндері анықталды. Деректер жиынтығында банк реквизиттері мен цифрлық әмияндар туралы ақпараттар да бар.

Зерттеуші Джеремия Фоулер бұл табылған деректер базасын "соңғы уақыттағы ең қауіптілердің бірі" деп баға берді. Оның айтуынша, мұндай көлемдегі ақпаратқа қол жеткізген қаскөйлер оны жеке мақсатта да, кең ауқымды кибершабуылдар жасау үшін де пайдалана алады.

Алаңдататыны, бұл базада 29 елден, соның ішінде АҚШ, Канада, Үндістан, Израиль және Қытай сияқты мемлекеттерден .gov доменіндегі 220 электрондық пошта мекенжайы тіркелген. Бұл киберқылмыскерлер мемлекеттік ресурстарға қол жеткізген жағдайда ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі мүмкін екенін көрсетеді.

Материал жарияланған сәтте деректер базасына кіру бұғатталған. Алайда ақпараттың нақты қайдан және қандай ауқымда тарағаны әзірге белгісіз.

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Мамыр, 2025 09:52
Талқылау