Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Apple ғана емес: Қазақстандықтар арасында қандай смартфон танымал екені анықталды

Фото: freepik.com

Әлемде смартфон сату көлемі өсіп келеді. International Data Corporation (IDC) сарапшыларының мәліметінше, биыл үшінші тоқсан қорытындысы бойынша жаһандық смартфон сатылымы 2,6%-ке артып, 322,7 миллион бірлікке жеткен. Нарықтағы өсімге премиум-сегмент әсер еткен. Тұтынушыларды жасанды интеллект қолдауы бар жаңа инновациялық құрылғылар қызықтырса, кей адамдар өз смартфонын жаңартуды жөн көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ең танымал бес бренд қатарына Samsung, Apple, Xiaomi, Transsion және vivo кірді. Сатылым көшбасшысы – Samsung. Компания жыл ішінде нарықтағы үлесін 18,4%-тен 19%-ке дейін арттырған. 2025 жылдың үшінші тоқсанында әлем бойынша 61,4 миллион Samsung смартфоны сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ке көп. Apple де нарықтағы позициясын нығайтты. Оның үлесі 18,2%-ке жетсе, сатылған құрылғылар саны 58,6 миллион бірлік болған. 

Фото: energyprom.kz

“Apple шілде айында ең жақсы нәтиже көрсетті. Жаңа iPhone 17 сериясына сұраныс жоғары болды. Алдын ала тапсырыстар саны да алдыңғы модельдерден көп болды. Ал Samsung Galaxy Z Fold 7 және Galaxy Z Flip 7 бұрынғы бүктелетін модельдерден озып, бүктелетін смартфондар сегментінің дамуына жаңа серпін берді”, – дейді International Data Corporation сарапшылары. 

Үздік үштікке кірген үшінші бренд – Қытайлық Xiaomi. Оның жаһандық нарықтағы үлесі 13,5% болды. Төртінші және бесінші орындарды Transsion және vivo иеленді.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанда ең танымал смартфондар қатарында тағы да Apple көш бастап тұр. Global Stats дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде ішкі нарықтағы Apple үлесі 44,5%-ке жетті. Соңғы бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 6 пайыздық тармаққа өскен.

Фото: energyprom.kz

Екінші орында – Samsung. Дегенмен, брендтің нарықтағы үлесі бір жылда 21,3%-тен 20,6%-ке төмендеген.

Үшінші орында – Xiaomi. Бірақ оның сатылым үлесі айтарлықтай қысқарды: 17,9%-тен 13,4%-ке дейін төмендеді.

Импорт көлемі

Кедендік статистикаға сүйенсек, қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанға 2,5 миллион смартфон әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ке аз. Ал импорттың ақшалай көлемі 27%-тен артық қысқарып, 524,3 миллион доллар (278 345 627 000 теңге) болған. 

Қазан айының қорытындысы бойынша жағдай өзгеріп, теріс көрсеткіш оң динамикаға ауысуы әбден мүмкін. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған деректер әзірге жылдың басты жаңалығы – iPhone 17 сатылымдарының алғашқы нәтижелерін қамтымайды. Жаңа Apple смартфонының сатылымы 19 қыркүйекте басталған еді. 

Фото: energyprom.kz

Қытай – Қазақстанның негізгі смартфон жеткізушісі. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, биыл 8 ай ішінле елге әкелінген смартфондардың 54,8%-ы Қытайдың үлесіне тиесілі. Қазақстанға Қытайдан 1,4 миллион смартфон жеткізілген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға аз. Сонымен қатар жеткізілген тауарлардың ақшалай көлемі бірден 39,9%-ға төмендеген.

Қытаймен қатар Қазақстан нарығында Вьетнам да ірі жеткізушілердің бірі. Қаңтар-тамыз айларында Вьетнамнан 1,1 миллион смартфон импортталған, бұл жалпы үлестің 42,2%-ы. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері Вьетнамның Қазақстанға смартфон жеткізу көлемін ақшалай түрде 25,4%-ға арттырғанын көрсетеді. Осылайша ол Қытайдан да озып түсті. Вьетнамнан келген смартфон импорттарының жалпы құны 260,5 миллион долларға (138 296 845 000 теңге) жеткен. 

Ұялы телефондардың бағасы қанша?

Ұялы телефондар бағасы биыл жыл басынан бері өсіп келеді.

Фото: energyprom.kz

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар айында елдегі телефон және факс жабдықтарының бөлшек сауда бағаларының индексі 124%-дан асқан. Кейін баға ай сайын өсіп отырған. Ең жоғары өсім мамыр айында тіркелген. Ол кезде телефондар мен факс жабдықтарының бағасы өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 32,7%-ға қымбаттаған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде бұл тауар санатының бағасы тағы да 14,6%-ға өскен. 

Айта кетейік, бұған дейін Apple компаниясы дәстүрлі түрде жыл сайынғы жаңа өнімдерін таныстырып, өз тарихындағы ең жұқа смартфонды ұсынған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 31 Қазан, 2025 13:13
Талқылау