"Аппақ гүлдерді" қарызға жаздырып, көйлекті өзім тіктім": Ақбота Керімбекова алғаш сахнаға шыққан кезін есіне алды
Танымал әнші Ақбота Керімбекова сахнаға желі жұлдыздарының шығып кеткенін айтып, өзінің қалай танылғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/botakerim/
Айта кетейік, өнер иесі блогер Мұрат Әбділданың Республика сарайында ән айтқанына шүйліккен еді. Оқырмандары әншінің өзін “Желі жұлдызынан сахнаны қызғанып жатыр” деп айыптады.
“Бір оқырмандарым: “Мұраттан сахнаны қызғанып жатырсың ба?!” деп сұрапты. Іштен әбден күліп алдым. Әркім өзі айналысып жүрген ісін, жасап жүрген жұмысын, еңбек етіп жатқан ордасының жай-күйіне алаңдап, оның мәселелеріне бас қатыруы керек. Сахна – біздің жұмыс орнымыз. Мен өзім онда шығу үшін музыка мектебінде оқыдым, өнер академиясында кәсіби білім алдым. Қанша сын-сараптан өттім. Неге мен оған бас ауыртпауым керек?! Ол жердің жайын мен айтпағанда кім айтады?! Жастардың бәрі бірден жұлдыз болып кете алмайды. Талай киінген-шешінген, ауызына келгенді аталағандарды көрдік. Сахнаның қасиеті сол, ондайлар бір-ақ күнде ысырылып қалды”, – деп жазды әнші.
Сондай-ақ өзінің сахнаға алғаш шыққан сәтін де есіне алды.
“Өзіміз де жеңіл жолмен келген жоқпыз. Қанша автордың ізінде жүріп ән іздедік. Күндіз-түні ұйықтамай, 2-3 мың теңгеге тойға шықтық. Соның ақшасын құрап, ән жаздырдық. Өздеріңіз сүйіп тыңдайтын “Аппақ гүлдер” деген әннің аранжировкасын мен қарызға жаздырдым. “Кейін береміз” деп мата сатып алып, содан өзіміз киім тігіп сахнаға шығатынбыз. Әндеріміз көркемдік кеңестің шешімімен ғана насихатталатын”, – деді өнер иесі.
Еске салайық, Ақбота Керімбекова Ұлттық арнаның басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жасаған еді.