Әнуар Нүрпейісов өзін сынағандарды қатыгездер деп атады
Әнуар Нүрпейісов инстаграмдағы парақшасы арқылы қазақ ұлтын жамандамағанын дәлелдеді. Мұнымен қатар, ол кешегі келеңсіздіктен кейін қандай қатыгез қоғамда өмір сүріп жатқанын сөз етті. Stan.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында танымал актер әкімдіктің өзінен кешірім сұрағанын растады. Сондай-ақ, Nur.kz порталын сотқа бермегенін тілге тиек етті.
Ол алдымен онда жарияланған мақаланы егжей-тегжейлі зерттеп, содан кейін шара қолданбақ.
“Иә, әкімдік кешірім сұрады. Өйткені олар мәтіннен үзіндіні «жұлып» алып, қате жіберді. Оған ешқандай тағар айыбым жоқ. Мұны бар болғаны әкімдік баспасөз қызметінің кәсіби біліксіздігі деп білемін.
Ал порталдағы мақалаға қатысты ештеңе айта алмаймын. Себебі алдымен бұл порталдың қаншалықты заң жүзінде ақпарат таратқанын білуім керек. Мен олармен заң алаңында сөйлесемін десем, ол соттасамын деген сөз емес. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтау үшін материалды толық зерттеуім қажет, оған уақытым жетпей жатыр. Бір жағынан олар да дерек көзіне сүйене отырып ақпарат таратқан. Бірақ әкімдіктің бұл ақпаратты қай жерде таратқанын түсінбедім, өз көзіммен көрген жоқпын. Оны анықтау қажет. Десе де менің бұл порталға деген шағымым өз күшін жоймайды. Себебі бұл (жұмсақ тілмен айтқанда) біліксіз портал тек әртістерді, танымал тұлғаларды ғана емес, оқырмандарды да мезі қылып бітті”, – деді Нұрпейісов Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Ал желідегі жазбасында актер өзінің бұрмаланған сөзін түсіндірді.
«Кішкене ғана түсінбестік қандай қатыгез қоғамда өмір сүріп жатқанымызды танытты. Олар жала жауып, қан тамған ауыздарымен сені бөлшектеп, артынша өздерінің қандай ұлы қазақ екенін айтулары мүмкін. Пандора жәшігінің ауыр жүгі байқаусызда менің мойныма түсті. Бірақ осы жәшікті ашатын уақыт келмеді ме екен? Терезеден далаға қарап, әлемнің бұрынғыдай еместігін түсінетін уақыт жеткен сияқты. «Келінді алып қашу», «атастыру» сынды дәстүрлер баяғыда-ақ өз күшін жойған. Алайда еліміздің кей тұсында осы «қасиетті» дәстүр орындалып жатады.
Консерваторлар құмда ескі ойыншықтарымен ойнап отырған балаларды есіме түсіріп жатыр. Олар тіпті жаңа ойыншық алғылары келмейді. Себебі, заманауи ойыншықтардың бар екенін де білмейді. Олар ойнап отырған кезде, көрші ауладағы құрдастары мектепке барып жүр. Менің тамырларым арқылы қазақтардың, моңғолдардың, андрондықтардың және басқа да этностардың қаны ағып жатыр. Бірақ мұның айтарлықтай маңызы жоқ… Осының салдарынан мен басқа этностың адамын жеккөріп кетпеймін. Өйткені, маған ДНҚ жиынтығы емес, адамның өзі маңыздырақ», – дейді Әнуар Нүрпейісов.
Желі қолданушылары актердің сөзін қоштай түсті. Арасында оған қарсы шығып, өзара ұрысып кеткендер де болды. «Әнуар, сені толықтай қолдаймыз», «Жұрт Атырау облысы әкімінің Әнуардан кешірім сұрағаны туралы ақпарат таратып жатыр. Яғни оның сөздерін халыққа дұрыс жеткізбегендерін мәлімдеді», «Әнуар, жарайсың! Жаман ниетті адамдарға қарағанда, саған құлақ асатын жандардың көп екенін ұмытпағайсың», «Өте орынды айтып жатырсың», «Қазақтар өмір салттары салдарынан жер бетінен жоқ болып кетуі мүмкін. Яғни ет жеп, сыра іше беретін болса, олардың өмірлері жақсармайды» деп жазады олар.
Естеріңізге сала кетсек, күні кеше отандық порталдардың бірі актер туралы “жалған ақпарат” таратқан болатын. Артынша келеңсіз жағдайға Атырау баспасөз орталығы қызметінің айыпты екені анықталды.
Жіберіп алмаңыз:
Әнші Асхат Тарғын енді оқу бітірген қызға үйленді (фото)
Димаш Құдайбергенов Францияға не үшін барды?
Дана Нұржігіт: Туған күнімде 7-қабаттан Алматыдағы алаңға топ ете түстім
ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметкері Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапты