Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Антикор танымал блогердің үстінен желідегі жазбасына байланысты полицияға арыз жазған

Фото: instagram.com/azamat_sarsenbayev

Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет блогердің әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты сотқа шағым түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Танымал блогер Азамат Сарасенбаев әлеуметтік желіде Ақтаудағы қоғамдық тамақтану орнының артында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкері тұр деп жазба жариялаған еді. Ол мейрамхананың автобус аялдамасының орнында салынғанын айтып, "аялдама аумағындағы жер телімін 60 шаршы метрден 650 шаршы метрге дейін оңайлықпен кеңейтіп, көптеген заңбұзушылықтармен сауда үйін тұрғызу оңай емес" екенін атап өтті. Оның айтуынша, нысан инженерлік коммуникациялардың үстіне салынып, мұндай өзгерістер ешқандай шенеуніктің көмегінсіз іске асуы мүмкін емес.

Кейінірек блогер Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті өзінің үстінен сотқа шағым түсіргенін хабарлады.

"Маңғыстау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері менің үстімнен "жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның іскерлік беделін түсіретін көрінеу жалған мәлімет тарату" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, өздерінің толыққанды біліксіздігін көрсетті. Біріншіден, мемлекеттік институт қашаннан бастап өзін жеке тұлға ретінде қабылдай бастады? Екіншіден, Қазақстан азаматтарына мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметі туралы пікір айтып, талқылауға және сын айтуға тыйым салынған ба?" – деп жазды блогер.

Департамент аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

"Бұған дейін блогер Сарсенбаевтың қоғамдық тамақтану орнына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері "қамқорлық" көрсетіп отыр деген мазмұндағы жазбасы жарияланды. Бұл жағдай бойынша Антикор бұған дейін де түсініктеме беріп, аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. Ресми жауапты жеке өзім жариялағанмын", — деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров. 

Сондай-ақ агенттіктің Маңғыстау облыстық департаменті блогердің жазбасына дейін-ақ жер телімдерінің берілуінің заңдылығын анықтау мақсатында Ақтау қаласы әкімдігіне ресми сұрау жолдағанын хабарлады.

Агенттік мәліметінше, департаменттің хаты негізінде кеңейтілген жер телімін беру туралы шешімнің күші жойылған.

Сонымен қатар жер ресурстарын басқару департаменті жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Қазір бұл іс сотта қаралуда.

Антикордың дерегінше, жер телімінің иесі блогерге қарсы шағым түсіріп, оны "Антикор қызметкерлері тарапынан қамқорлық көрсетілді" деген жалған ақпарат таратты деп айыптаған.

"Сонымен бірге блогердің жарияланымында келтірілген уәждер бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері тарапынан қамқорлық көрсету фактілері расталған жоқ. Маңғыстау облыстық полиция департаментіне әкімшілік құқық бұзушылық құрамының бар-жоғына құқықтық баға беру үшін хат жолданды. Ішкі істер органдары әкімшілік кодекске сәйкес хаттама толтырды. Іске қатысты құқықтық бағаны сот береді",  – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін блогер Азамат Сәрсенбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақты видеоға түсіргені үшін ұсталған еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 21:59
Талқылау