"Әншілер қолымызды да алмайды": "Отыздан асып барамын" әнінің авторы өнер өкілдеріне реніші барын айтты
"Отыздан асып барамын" әнінің авторы Садық Қынат ел алдына шығып, қалай өмір сүріп жатқанын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Сазгер Шымкент қаласынан қоныс аударып, Алматыда аядай ғана үйде тұрып жатқанын “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтып берді.
“Халық хит ән жазған авторлардың бәрі екіқабатты коттеджде тұрады деп ойлайтын шығар. Алматының бір шетінде 12 шаршы метрлік кішкентай ғана үйде тұрып жатырмыз. Қазіргі заманда хит ән жазған авторлар емес, соны айтып жатқан орындаушылар екіқабатты коттеджерде тұруы мүмкін. Ал біздің жағдайымыз осы. "Отыздан асып барамын" әнін орындамаған әнші жоқ. Бірақ мен біреуден гонорар немесе сыйақы алып көрген емеспін. Әншілер сазгерлерді менсінбей ме, әлде "шыққан ән ғой" деп айта бере ме, білмеймін. Ешқайсысы қолды да алмайды", – дейді Садық Қынат.
Әуесқой сазгердің "Отыздан асып барамын" хитінен бөлек, кезінде зағип балалардан құралған "Сәт" триосын халыққа танытқан "Көнеміз ғой" әнінің авторы екені де көпшілік біле бермейді.
“Бұл ән 1993 жылы шыққан. Сол жылы мен 40-қа келген едім. Мұқағали Мақатаевтың "Отыздан асып барамын" деген өлеңін жатқа білетінмін. Содан туған күнде "Қырықтан асып барамын" деп айтамын ғой деп, ән таппай жүргенмін. Ол кезде Төрткөлде тұрамын. Сол Төрткөлге кетіп бара жатып, осы ән келді. Ол кезде телефон жоқ, солай отырыстарда айтып жүрдім. Содан Айқожа деген әнші бала келіп, "осы әніңізді ұнатып қалдым" деп сұрады. Содан тарап кетті. Шымкенттің бәрі тойға айтады", – деді сазгер.
Еске салайық, Айқын Төлепберген "Отыздан асып барамын" әнінің авторымен дауласып, іс сотқа дейін жеткен еді.