"Біз ақы жемейміз": Әнші Bayansulu композитор Қуат Әбілдің даулы мәлімдемесіне жауап берді

Танымал әнші Bayansulu композитор Қуат Әбілдің мәлімдемесіне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, композитор таратқан мәліметтің шындыққа сай келмейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Баянсұлу Қуат Әбілдің қолына тиген сотқа шақыру қағазының аталған әнге еш қатысы жоқ. Сондай-ақ ол жалған ақпарат таратқандарға заң аясында тиісті шара қолданылатынын жеткізді.
Әнші өз кезегінде әндер үшін ақы төлеуден ешқашан бас тартпағанын атап өтті.
“Келісілген баға кейін үш есе өсіп кетті. Ондай соманы төлеуге мүмкіндігім болмады. Дегенмен жақында Қуат Әбілмен сөйлесіп, ортақ мәмілеге келген едік. Алайда екі сағат өтпей жатып, ол ойын өзгертіп, әндерді барлық платформадан өшіретінін айтты”, – дейді әнші.
Сондай-ақ Баянсұлу екі жыл бұрын “Ұмытсам да” әнін толық сатып алғанын, бірақ ресми келісімшарт жасалмағанын айтты. Соған қарамастан, барлық төлемді растайтын чек пен жазбалар өзінде бар екенін жеткізді.
Былтыр ән жарық көргеннен кейін Қуат Әбіл қайта хабарласып, жаңа туындылар жазуды ұсынған. Әншінің айтуынша, бұл мәселе бойынша продюсері Әлішер Бурханов пен композитор өзара келісім жасаған. Ал өзі орындаушы ретінде бұл процеске араласа алмаған. Тараптар бастапқыда бюджет шектеулі болғандықтан, кейін табыс түскен соң қымбат сыйлық пен қаржылай өтемақы беру жөнінде уағдаласқан.
Жарияланған видеода хит әндер үшін композиторге жаңа Apple MacBook тарту етілгені айтылады. Видео соңында өнер иесі көпшілікке беймәлім үлкен даудың барын меңзеп, оның мән-жайын келер уақытта заңды дәлелдер арқылы ашып көрсететінін хабарлады.
Бұған қоса, Bayansulu өзін айыптап жатқандарға жауап берді.
Әншінің сөзінше, ол продюсермен жұмысын тоқтатқаннан кейін Қуат Әбіл өзін әндердің авторы ретінде мәлімдеп, оны сатып алуын талап еткен. Bayansulu-дың сөзі бойынша, ол әр ән 30 000 доллар деген баға қойған. Баянсұлуда мұндай көлемде қаржы болмағандықтан, әндер барлық платформадан өшірілген.
Біршама уақыт өткеннен кейін тараптар әндердің бағасы 15 миллион теңге деп келіскен, алайда екі сағаттан кейін композитор ойын өзгертіп, әндерді сатудан бас тартқан.
“Біз әндерді сатып аламыз дедік! Біз ақы жемейміз”, – деп жазды әнші.

Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, күні кеше Желіде Bayansulu лақап атымен танымал Баянсұлу Сағындықованың репертуарындағы бірқатар хит әндердің авторы, композитор Қуат Әбіл ел алдына шығып, мәлімдеме жасаған еді.
Қуат Әбілдің айтуынша, ол әнші Баянсұлудың “Ұмытсам да”, “Сондайы бар енді”, “Ауа райы”, “Күтемін”, “Lalala” атты бес бірдей әнін жазған. Композитор өзіне тиесілі әндер үшін қаламақы төленбегенін, ал мәселені заңды түрде шешуге тырысқан сәтте, керісінше сотқа шақырту алғанын жеткізді.
“Баянсұлумен алғашында келіскен кезде “Маған ақша керек емес, атым шықса болды” деп айтқан еді. Қолымнан келгенін істедім. Енді, үлкен мәселе – менің әндеріме қаламақы төленген жоқ. Мен тегін жұмыс істедім”, – дейді ол.