Әнші Айдана Меденова блогерлерге оранғаны үшін ақша төлейді деген әңгімені жоққа шығарды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Бұрынғы әнші Айдана Меденова блогерлерге хиджаб кию үшін 10-20 мың доллар төленеді деген пікірге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші қоғамда желдей есіп жатқан осы әңгімеге нүкте қоюды шешкенін айтты. Оның сөзінше, бірқатар ақпараттық арналар, соның ішінде Airan media арнайы сюжет дайындап, аталған блогердің фотj-видеоларын өз ақпараттарына қолданған. Алайда экс-әнші әрі блогер бұл әрекеттерге ешқашан рұқсат бермегененін жеткізді.
"Менің фото-видеоларымды пайдалануға рұқсат алған жоқсыздар. Бұл авторлық құқықты бұзу. Бұған дейін де менің абыройымды таптаған порталдарды сотқа берген тәжірибем бар. Сондықтан бұл жолы да үнсіз қалмаймын", – дейді ол.
Блогер бұл видеоның түрлі пабликтерде бір уақытта таралып кеткеніне күмәнмен қарап отыр.
"Бұл видеолардың бәрі бір мезетте тарала бастағанын байқадым. Неге дәл қазір? Бұл кімге керек? Мен ислам дінін қабылдап, жабық киінуге көшкеніме төрт жыл болды. Бұған дейін ешкімге кедергі болмаған. Енді келіп, осындай шабуылдар басталды", – деді ол.
Сондай-ақ өзінің бұрынғы өмірі мен қазіргі жағдайын тілге тиек етіп, ақша үшін дінді насихаттайды деген пікірге үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.
"Мен әнші, өз аудиториясы, жарнамалық келісімшарттары бар адаммын. 20 мың доллар үшін біреудің айтқанын істейді деп ойлайсыздар ма? Ал күйеуім шоу-бизнесте 20 жыл жұмыс істеген, әлемдік деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырған азамат. Ол да мұндай ұсынысқа қызығады деп ойламаймын", – деді ол.
Блогердің айтуынша, 2019 жылы олардың отбасында үлкен өмірлік өзгерістер орын алған. Сол оқиғадан кейін олар өмірге, сенімге, болмысқа мүлде басқа көзқараспен қарап, жаңа жолды таңдаған.
Сондай-ақ ол қазір жаңа салаларда, қоғамдық тамақтану мен киім бизнесінде еңбек етіп жатқанын айтты.
"Иә, біз бәрін нөлден бастадық. Қазір барлығын қайтадан құрып жатырмыз. Бірақ бәрінен маңыздысы біздің ниетіміз", – дейді блогер.
Әнші өзіне бағытталған жалған айыптаулар мен интернеттегі ақпараттарға жауап берді.
"Жала жауып, ғайбат сөз айту жеңіл іс. Бірақ бұл өмір мәңгі емес. Әр сөздің жауабы бар. Бәлкім, бұл қазір хайп жинап жатқандар үшін тиімді шығар, бірақ кейін ол үшін жауап береді", – деді ол.
Блогер қоғамды сенімге селкеу түсіретін осындай жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
"Біз бәріміз салық органдарының бақылауындамыз. Медиа тұлға ретінде біздің әрбір әрекетіміз назарда. Егер расында блогерлерге ақша төлеп, дінді насихаттап жатса, бұл баяғыда-ақ әшкереленер еді. Мемлекет ондай аңғал емес", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Айдана Меденова қызының хиджаб кигеніне қатысты ойын бөліскен еді.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
