Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анна Құдиярова: Қыз бала анасымен қарым-қатынасын дұрыстағанда ғана ханзадасын жолықтырады

Орталық Азиядағы Психоанализ институтының директоры, қазақстандық психоаналитик Анна Құдиярова ғашықтарды бүгінгі мерекесімен құттықтап, отбасында бақыт пен қуаныш сән-салтанат құруы үшін не істеу керектігін Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Қыз Жібек

Психоаналитик Анна Құдиярова өзінің барлық отбасылы клиентіне "Сүйіктіңізге жатын бөлмеде жел шығаруға рұқсат бересіз бе?" деген сұрақты қоятынын айтады. 

"Бұл сұрақтың құлаққа оғаш естілетіні рас. Әрине, мұны символ, метафора ретінде айтып жатырмын. Бірақ осы сұрақтың жауабы ерлі-зайыптының отбасылық өмірінен көп ақпарат береді. Жел шығару – ол адам баласына тиесілі қажеттілік. Егер ерлі-зайыпты бір-біріне осы қажеттілікті өтеуге рұқсат берсе, онда олардың бір-бірін бар қалпында қабылдағаны. Олар осы тұста бір-біріне қажет деңгейде еркіндік беріп отыр. Әрине, мұны көшеде немесе қонақта отырып жасау керек деп айтпаймын. Бұл тек белгілі бір интимді ситуацияларға қатысты", - дейді Анна Құдиярова. 

Әрі қарай психоаналитик Қазақстанда көптеген қыз-келіншектің отау құрғанына көп уақыт өткеніне қарамастан, күйеуінің көзінше шешінуге қымсынатынын айтады. Осы орайда клиентін мысалға келтіріп, оған жанының ашитынын жеткізді. 

"Ерлі-зайыпты ғашықтық сезімінің жетегінде жүрген кезде дәретхананың есігін жаппауға рұқсат береді. Бұл да – отбасылық бақыттың көрсеткіші. Қоғамымызда әйел адам жарықты сөндірген соң барып шешініп, кейін бірден төсекке кіре кетеді. Тіпті, кейбір қазақ әйелдері арада көп жыл өткеніне қарамастан, күйеуінің көзінше шешінбейді. Бұл ситуация сізге таныс па? Бірде алматылық клиентім өзін күйеуінің ешуақытта бояусыз көрмегенін айтты. Менің ол әйелге жаным ашыды. Ол қалай өмір сүріп жатыр деп ойлайсыз? Бетіндегі бояуын сүрту үшін күйеуінің ұйықтап қалғанын күтеді. Кейін күйеуінен бірінші оянуға тырысады. Мұндай адамдарға қызықпайтын едім. Осы кішігірім деталь ерлі-зайыпты қарым-қатынасының қаншалықты берік екенін көрсетеді. Яғни осы тұста әйел өзіне "жел шығаруға" мүмкіндік бермей отыр", - дейді маман. 

 

Психоаналитик отбасылық мәселемен келген клиенттеріне "Сүйіктіңізге еркіндік беріңіз" деп айтатынын жеткізді.  Сондай-ақ, әрбір бойжеткенге тұрмысқа шықпас бұрын "Бұл қадамға не үшін бара жатырмын?" деген сұраққа жауап беруге кеңес берді. Айтуынша, көпшілік бұл сұраққа бірден жауап бере алмайды. 

"Біздің қоғамда әлі күнге дейін "Тұрмысқа шығу керек" деген стереотип жүр. Осының әсерінен көптеген қазақстандық некелесуге асығады. Кейде қыздардың аналары хабарласып "Қызымның жасы 30-дан асып барады. Бірақ әлі күнге дейін тұрмысқа шықпады. Туыстардың алдында ұят болады" дейді. Мен сол кезде "Ал қызыңыз тұрмысқа шыққысы келе ме? Өзі не дейді?" деп сұраймын. Осы сауалыма бірден ренжіп шыға келеді. Қыздың өзі тұрмысқа шыққысы келмесе, ол бәрібір шықпайды", - дейді Анна Құдиярова. 

Мұнымен қатар, қазақтың "Анасына қарап қызын ал" деген мақалының мәніне тоқталды. Айтуынша, анасы мен қызының қарым-қатынасы қандай екеніне қарамастан, қыз бала анасына ұқсайтын болады. Осының әсерінен қыз балада көптеген проблема туындауы мүмкін. Оның үстіне қыз бала анасын саналы немесе бейсаналы жақсы көріп, оның жанындағыдай, яғни өз әкесіндей ер адаммен жолыққысы келеді. Егер әкесі маскүнем болса, онда қыз да көп жағдайда дәл осындай ер адамды өмірлік серігі етіп таңдайды. 

"Мұны қыздар бейсаналы деңгейде жасайды. Клиенттерімнің бірі шенеуніктің жалғыз ұлына тұрмысқа шықты. Ода қалағанының бәрі болды. Күйеуі де оған жақсы қарады. Алайда ақырында бәрібір ажырасып тынды. Кейін араға біраз уақыт салып такси жүргізушісіне тұрмысқа шығып, одан бала туды. Неге бұлай болды? Себебі оның әкесі де жүргізуші болып, арасында ішімдік ішіп, бензин сасып жүретін. Яғни мұнда әйел бейсаналы деңгейде әкесі сияқты адамды іздеп отыр", - дейді маман. 

Анна Құдиярова осындай жағдай қайталанбас үшін әрбір әйелге "Мен не үшін тұрмысқа шығамын? Дәл қазір сүйіктім менің жанымда өзін қалай сезінеді? Ол маған өзінің керек адам екенін біле ме? Әлде өзін үнемі бірнәрсені бүлдіріп жүретін адамдай сезіне ме?" деген сұраққа жауап беруге кеңес берді.

Мұнымен қатар, әйел қауымына қанша ренжісе де, сүйіктісімен бір төсекте жатудың пайдасы мол екенін айтты. Ер адамның ағзасы жыныстық қатынасты талап ететін гормон бөлетіндіктен, ол ұзақ уақытқа шыдамауы мүмкін. 

"Қыз баланың анасымен қарым-қатынасы жаман болса, оның жігіттермен жолы болмайды. Ал қалай екеуінің қарым-қатынасы дұрысталады, солай серігі пайда болады. Осы орайда, бүгінгі Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мерекесімен құттықтай отырып, әрбір отбасыға бақыт тілеймін. Бір-бірлеріңіздің дамып, өркендеулеріңізге атсалысыңыздар", - деп тілек білдірді маман. 

Талқылау