Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анкарадағы теракт: Түркия президенті қаза тапқандардың санын атады

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ел астанасы Анкарада болған теракт кезінде төрт адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Hürriyet 

Түркия президенті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырған.

"TUSAŞ-қа жасалған шабуылдың салдарынан төрт адам қаза тапты. Түрік қорғаныс өнеркәсібінің маңызды ұйымдарының бірі – TUSAŞ-қа жасалған террористік шабуыл еліміздің қауіпсіздігіне, ұлтымыздың тыныштығына және "Толық тәуелсіз Түркия" ұстанымына қарсы бағытталған жантүршігерлік әрекет болды. Шабуылдың алғашқы сәтінен-ақ біздің қауіпсіздік күштері жылдам араласып, лаңкестерді залалсыздандырды. Ұлтымыз бұл шабуылды ұйымдастырғандардың міндетті түрде жауапқа тартылатынын білуі керек. Ешбір ұйым немесе террористік топ, біздің қауіпсіздігімізге қауіп төндіретін ешқандай зұлымдық өз мақсатына жете алмайды", – деді Ердоған.

Сондай-ақ материалда Ішкі істер министрі Али Йерликаяның Анкарадағы лаңкестік әрекетке қатысты мәлімдеме жасағаны көрсетілген. Екі лаңкестің залалсыздандырылған олардың біреуі ер адам, екіншісі әйел.

"Шабуыл салдарынан 4 адам қаза тапты, 14 адам жарақат алды, олардың үшеуінің жағдайы ауыр", - деп түсіндірді министр.

Қазір лаңкестердің жеке басы анықталып жатыр.

Әділет министрі Мехмет Фатих Качир Анкара бас прокуратурасының лаңкестік әрекетке қатысты тергеуді бастағанын хабарлады.

Еске салсақ, осыған дейін Түркия астанасы Анкарада аэроғарыш компаниясының нысанында теракт болғанын жазған едік.

Талқылау