Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Англияға құлпынай теруге барамыз деп миллиондаған қаржы берген қазақстандықтар ақшаларын қайтара алмай жүр

англия ақша ала алмаған

Видеодан скриншот

"Англияға құлпынай теруге барамыз деп тақырға отырдық" деген алты облыстың тұрғындары компанияның Алматыдағы кеңсесінің алдында шу шығарды. Олардың айтуынша, Серіктестік өткен жылы Англияға апарып, жылыжайға жидек теруге кіргізу керек болған. Жұмыс іздеген жандар компания шотына әрқайсысы миллион теңгеден астам қаражат аударған. Сайып келгенде,бір жылдан бері не қайтарылған ақша не ұсынылған жұмыс жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жиналғандардың кейбірі жалдамалы жұмысшы ретінде бару үшін несие рәсімдеп, бар ақшасын берген. Сәйкесінше, айлық көлемі 1,2 миллион теңге болады деген.

“Компанияға TikTok арқылы келдім. 2023 жылы 21 мамырда Гүлнұр ханымға 800 мың теңге жіберілген. Содан бері екі жыл өтті, ақшамды ала алмай жүрмін. Әне-міне деп Бота деген адам ақшамды бермей жүр.”, – деді Ғазиза Айсикенова.

Алданғандар кемі 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін санап берген. Бұған тек ұйымдастыру қызметі ғана кіріпті. Ал шетелде жүріп-тұруы, виза, тіпті ұшақ билетінің құнын жәбірленушілер өзі бөлек төлеу керек болған. "Айына, кем дегенде, миллион табасың" деп үміттендірген компания бірнеше айдан бері мүлдем ізін суытқан. Желіде жарнамасы жер жарған әйгілі компания кеңсесінің есігі жабық. Алайда әлі күнге дейін бұл орталық адамдарды жинап жүргенге ұқсайды.

“Берген уәдесінде "екі айдың ішінде жібереміз" деген. Екі ай өтіп кетті. Одан кейін қыста, желтоқсанда жібереміз деді. Сонда 650 мың теңгені анкета толтырғаны үшін осыларға беріп отырмыз. Оған қоса ұшақ билетінің ақшасын өз қалтамыздан шығарамыз, визаға да өзіміз төлейміз”, – деп ашынады Асылбек Бердімұратов.

Кепілхатта жұмысшы шетелге шықпаса, ақша үш күнде қайтарылады деген. "Бірақ бір жарым, екі жыл өтіп кетті" деп күйінеді жиналғандар. Дегенмен компания өкілдері 200-ге жуық адамның қаражатын қайтардық деп өзіне шаң жуытпай отыр. Қалғанының да мәселесі шешіледі деп сендірді.

компания англия жұмыс

“700 адамнан 300 адам қалса, олардың ақшасын жіберіп жатырмыз. Тек халық ренжіп, түсінбей отыр. Бәрін қайтарып жатырмыз. Біз күзгі презентацияға дайындалып жатырмыз, алдымыздағы. Жаңа келген адамдар. Қалатыны қалды, тағы да кіреміз дейді. Биыл қазанда, бұрын барғаны тағы да кіреміз дейді. 53 миллион қайтарылды, ол қаңтардан бүгінге дейін”, – деді Jumys.uk компаниясының директоры Бота Жүнісова.

Тақырға отырғандар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырудан шаршадық дейді. Алайда еш нәтиже болмаған. Бүгін олар Әуезов ауданының полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірді. Енді құрамында қылмыс әрекетінің бар екені негізге алынып, алаяқтық бабы бойынша іс қозғады.  

“Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы бойынша, яғни бір емес, бірнеше рет алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір қылмыстық іс жүргізу кодексімен кезделген барлық тергеу басталып кетті. Сот және прокуратураның келісісімен, күдіктілер міндетті түрде анықталып, бұлтартпау шарасы тағайындалады”, – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тұрғындар компаниядан алдағы бір-екі күнде ақшасын толық қайтаруды талап етіп отыр. Әйтпесе, Бас прокуратураға шағымдануға бекінген.

Назархан Уән
Бейсенбі, 03 Шілде, 2025 21:23
Талқылау