"Өте жиіркенішті әңгіме": Пойызда бейтаныс қызға тиіскенін айтқан экс-жайдарманшы Айбек Байназаров сынның астында қалды

Жайдарманшы Дархан Оспановтың жеке Youtube-арнасына шығатын “Шәй әңгіме” подкасының 51-шығарылымына кезінде танымал болған “Көз тимесін” командасының мүшелері Айбек Байназаров, Дәнекер Оразбаев, Ерлан Айтбаев және актриса Гүлбахрам қонақ боп келді. Әңгіме барысында Байназаров жас кезінде пойызда болған жағдайды еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айбек Байназаров бұрын бастан өткен оқиғасын әңгімеледі. Айтуынша, бұл оқиға бойдақ кезінде болған.
“Бір күні пойызда келе жатырмын, сөйтсем купеде бір қыз отыр екен. Бастапқыда ешқандай арам ойым болмады, бірақ әдемі екен деп ойладым. Заттардың бәрін жайғастырып, досыммен мейрамханаға барып ішімдік іштік. Купеге келдім, екінші қабатына көтеріліп жаттым да, жаңағы қызға қарасам, айдың жарығымен “алма” болып жатыр екен. Жарты сағат бойы қарап тұрдым. Неше түрлі ой кетті. Кейіннен оған қарай түсіп, мойнына жақындаған кезде “болмайды” деген дауыс шықты. Бірден төсегіме жатып ұйықтап кеттім. Ол да мені ұнатқан шығар, мүмкін қабылдап қалады деген ойым болды”, – деді ол.
Желі қолданушыларының пікірі
Экс-жайдарманшының бұл әңгімесі қазақстандықтардың ашуына тиді.
“Мынау не әңгіме? Біреудің тиіскенін сезініп көрмеген қыз жоқ шығар. Өзге ер адам саған аш көздерімен қарағанын көргеннен кейін бірден өзіңді кір сезінесің, барып жуынғың келіп кетеді. Ұзақ уақыт есіңнен кетпей, жиіркеніп, ашуланып жүресің. Әрекетке барғаны тіпті сұмдық. Кейбір қыздар қорыққаннан сөйлей де, қозғала да алмай қалады. Ол қыз жоқ демесе не болатын еді? Қаншама уақыт қыздың ішінде қалатын өксік, ашу, ыза, өз-өзіңнен жиіркену себебі не? Мас ер адамның 5 минуттық нәпсісі! Қаншама жас балалар көреді? Соны күліп айтып, күліп жаба салуды, қызға тиіскенде нормализациялауды қашан қоямыз? Пікір тек сол әңгімені айтқан кісіге арналған”, – деп жазды Ерке Әбіл есімді қолданушы.
Оның ойын өзге қолданушылар да бірауыздан қолдады.
“Күлкі қылып айтқанына жол болсын, мүлдем күлкілі емес, қорқынышты ғой”, “Неге бәрі жай ғана тыңдап, күліп отыр? Әсіресе ер адамдар қалыпты жағдай секілді түр жасап отыр”, “Байғұс-ай, ол қыздың сол сәтте не сезінгенін ешкім білмейді”, “Сұмдық, жиіркенішті әңгіме”, – деп жазған олар.

Сондай-ақ оқиғаға қатысты танымал коуч Роза Әшірбаева да пікір білдірген.
“Өте жиіркенішті әңгіме. Мүлдем танымайтын қызды аңдып, купеде ұйықтап жатқанда мойнынан сүйгісі келу күлкілі ме сонда? Әлемде әр 3 әйел (қыз, жасөспірім) алымсақтықты басынан өткереді десе көп жігіт сенбейді. Міне нақты оқиға. Өзі айтып, өзі соны күшті бір күлкілі әңгіме екен деп жеткізіп отыр”, – деп жазды ол.
Кеше ғана желіге жүктелген жаңа шығарылым қазір Youtube-тан өшірілген.
Қазақстандықтардың наразылығынан кейін жобаның авторы Дархан Оспанов жазба жариялап, жұрттан кешірім сұрады. Ол өзінің де қыз өсіріп отырғанын бөлісіп, түсірілім және монтаж жасау барысында оқиғаның соншалықты қорқынышты контекстін байқамай қалғанын айтып, ақталды.
“Қыз өсіріп отырған әке ретінде, адам ретінде, еліміздің азаматы ретінде мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын! Түсірілім және монтаж кезінде оқиғаның соншалықты қорқынышты контекстін байқамай қалғаным үшін басымды ие кешірім сұраймын. Видеода күліп отырғанымды еш нәрсемен ақтауға келмейді, себебі бұл жағдай күлкілі емес, керісінше өте қорқынышты. Бұл норма емес! Аталмыш оқиға 20 жыл бұрын болса да, қоғамда бұл әлі де өзекті мәселе!” – деп жазды ол.
Продюсер жауапкершіліктен қашпайтынын және істегенін мойнымен көтеруге дайын екенін мәлімдеді.
Сценаристен бөлек, видеодағы Айбек Байназаров та өз қатесін мойындап, 20 жыл бұрынғы әрекеті үшін әлі күнге дейін өкінетінін жазды.
“Шәй әңгіме” подкастында айтқан әңгіме жайлы айтсам деп едім. 20 жыл бұрын осы әрекетке барғаным үшін қатты өкінемін. Мұндайды енді қайталамауға, түзелуге уақытымды арнадым. Соны күлкі қылып, әзілге айналдырғаным үшін де өкініп отырмын. Мұндайға жігіттердің баратынын, қыздардың қатты қорқатынын білемін. Енді осындай ұятсыз әрекеттерге қарсы насихаттаймын. Қыздардың сезімін, жан айқайын құнсыздандырмауымыз керек! Барша қыздардан басымды иіп кешірім сұраймын!”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін желіде “Нұрай үшін” тренді қазақстандықтардың ашуын туғызғаны хабарланған еіді.
"Соңында талан-таражға түсіп, экологияға қауіп төндіреді": Көкжайлау тау шаңғысы курортын салуға алматылықтар қарсы шықты