"Анасы мен жұбайының атына тіркеп үлгерген": FlyArystan ісіндегі экс-қызметкерлерден қандай мүлік тәркіленді

Ұрлық пен сеніп тапсырылған қаражатты жымқыру ісі бойынша сотталған FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлерінен қымбат мүлік пен қаржы тәркіленеді. Тәркілеуге жататын мүліктердің тізімі сот үкімінде көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу дерегінше, Даур Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулханов 2019-2024 жылдар аралығында компанияның қаражатын заңсыз иемденген.
Сот шешімімен олардың өз атына, туыстарының атына рәсімделген мүліктер мемлекет кірісіне алынбақ.
Даур Еркенұлынан тәркіленетін мүлік:
- Toyota Land Cruiser 200 – 35,8 миллион теңге;
- Toyota Camry – 15,4 миллион теңге;
- анасының атына тіркелген Mercedes-AMG GT S – 62,6 миллион теңге;
- туысының атына рәсімделген ZEEKR 001 – 22,1 миллион теңге;
- МЗСА 817732 тіркемесі – 1 миллион теңге;
- банк шоттары мен криптовалюта биржасындағы 4 миллион теңге.
Еркін Исановтан:
- ZEEKR 001 – 22,1 миллион теңге;
- Ducati Monster мотоциклі – 4,2 миллион теңге;
- жұбайының атына тіркелген пәтер;
- жұбайының атына рәсімделген бірнеше автотұрақ орны мен қойма – 125 миллион теңге;
- банк шоттары мен криптовалютадағы 255 641 теңге.
Ренат Абулхановтан:
- KIA K5 – 8,4 миллион теңге;
- Hyundai Palisade – 22,5 миллион теңге;
- жұбайының атына тіркелген пәтер – 68,2 миллион теңге;
- анасының атына рәсімделген пәтер – 105,6 миллион теңге;
- тағы бір пәтер – 251,8 миллион теңге;
- банк шоттары мен криптовалютадағы 4,8 миллион теңге және 5 131 доллар (2 583 750 теңге).
Сот үкіміне сәйкес, келтірілген материалдық шығын Air Astana әуекомпаниясының пайдасына өндіріліп, оның жалпы сомасы 1 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар сотталғандар 30,4 миллион теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеуі тиіс. Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
- Шығыс Қазақстан облысында басқарма басшысы үйінде 170 миллион теңгені сақтаған
-
Испаниядан үй, елордадан пәтер: Астанада жеке клиника басшылары МӘМС-тен 682 миллион теңге жымқырған
Еске салайық, бұған дейін Air Astana мен FlyArystan әуе компанияларының бұрынғы топ-менеджері Ренат Абулханов әлеуметтік желі арқылы даулы мәлімдеме жасаған еді. Ол компанияда жұмыс істеген кезеңінде коммерциялық көрсеткіштерді қолдан жоғары көрсетуге қысым жасалғанын, сондай-ақ басшылықтың туыстарына арзан әуе билеттерін рәсімдеу тәжірибесі болғанын айтқан. Осы жазбадан кейін Бас көлік прокуратурасы аталған деректер бойынша тексеріс басталған еді.
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты