Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасы боксты тастауды сұраған: Қазақстандағы ең жас әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай туралы не білеміз

Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында 19 жастағы Санжар Тәшкенбай 48 келі салмақта жеңіске жетіп, алтын медаль иеленген еді. Кейін спорт журналисі Ғалым Қожабеков жас чемпионды оқудан шығарып жібергенін мәлімдеген. Қазақстандағы ең жас әлем чемпионы атанған Санжар спорттағы мансабын аралас жекпе-жектен бастаған екен. Қысқа уақытта жетістігімен елге танылған жас спортшы туралы Stan.kz материалынан оқи аласыздар. 

Санжар

Спортқа қадам басуы

Санжар Тәшкенбай спорттағы мансабын бокстан емес, ағасының соңынан еріп аралас жекпе-жектен бастағанын айтады. Алайда 14 жасында жекпе-жектен боксқа ауысқан екен.

"Бокс секциясына 14 жасымда досыммен келдім. Себебі Данияр Елеусінов және басқаларының жекпе-жектерін тамашалап өскендіктен боксқы қызықтым. Алғашқы жаттықтырушым Нұржан Насанов болды, ол өз кезегінде менің спортшы ретінде ашылуыма көмектесті. Оның үстіне бала күнімнен үйдегілерге боксшы боламын дейтінмін. Бірақ ағамнан қалмау үшін ММА-ге қатыстым", – дейді ол Meta-Ratings басылымына берген сұхбатында. 

Санжар көп балалы отбасыдан шыққан. Сөзінше, бокспен шұғылдануды Астана қаласында бастаған. Дегенмен өзі оңтүстіктің тумасы. Бұл туралы мәжіліс депутаты, кәсіпкер Руслан Берденов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.  

"19 жасында қазақ тарихындағы ең жас әлем чемпионы. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов ағамыздың жолын беріп, 20 жасында алтын алу нәсіп болсын. Санжар Сарыағаштың алтын жігіті", – деп жазды ол. 

Алғашқы чемпиондық

Дегенмен бокста бірден жетістікке жетпеген. Үш рет жеңіліс тапқан соң анасы қайтадан аралас жекпе-жекпен шұғылдануды ұсыныпты. 

“Бокстан кету туралы ойланбаппын, аралас жекпе-жекте де жетістікке жеткенмін. Бірақ бокста үш рет жеңілген соң анам боксты тастап, ММА-ге ауысуды ұсынды. Бірақ соңына дейін бару туралы шешім қабылдадым”, – дейді Санжар Тәшкенбай сұхбатында. 

Санжар Тәшкенбайдың спорттағы үлкен жетістіктерінің бірі – жастар арасында бокстан әлем чемпионы атануы. 2021 жылы Санжар Польшада өткен турнирдің финалдық кезеңінде ресейлік Роберт Бадалянды жеңіп, чемпион атанды. Кейін Оралда өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Азия чемпионатына жолдама алған. 

Жастар арасындағы Азия чемпионаты 2021 жылдың тамызында Біріккен Араб Әмірлігінде өтті. Қазақстан құрамасы бұл сайыста үлкен жетістікке қол жеткізіп, барлығы 8 алтын медаль иеленген еді. Чемпион атанғандардың қатарында Санжар Тәшкенбай да бар. 

"Жеңіс жолында бірнеше боксшыдан басым түстім. Жарыс Дубай қаласында өткен. Ал соңғы айналымда құрлықтың сол кездегі чемпионы Үндістан боксшысымен жұдырықтасым. Оны екі рет жеңгеніме қуаныштымын", – деді ол сұхбаттарының бірінде. 

Әлем чемпионатындағы жетістік

Санжар Тәшкенбай жастар арасында чемпион атанған соң 2022 және 2023 жылдары Азия чемпионатында биіктен көрінді. Екі жыл қатарынан алтын медаль жеңген ол Ташкент төрінде де ел туын биікке көтерді. 

Санжар

Сурет: Санжар Тәшкенбайдың желідегі парақшасынан

19 жастағы Санжар Өзбекстан астанасында өткен әлем чемпионатының финалына жолдама алып, Грузия өкілі Сахил Алахвердовимен кездесті. Төрешілер шешімімен жеңіске жеткен ол 48 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағын иеленді. 
Жалпы Ташкентте қазақстандық боксшылар 4 алтын мен 1 күміс медаль жеңді. Елге оралған соң 16 мамырда спортшыларды президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. 

Оқудағы сәтсіздік

11-сынып оқып жүрген Санжар жастар арасында әлем чемпионы атанған соң 2021 жылы Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болды. Кездесу барысында әкім боксшыны құттықтап, ақшалай марапттан бөлек жоғарғы оқу орнына грант ұсынылатынын мәлімдеді. 

"Санжар 11-сыныпта оқиды. Оқудан кейін өмірін спортқа арнамақ. Оған университетте білім алу үшін грант бөлеміз, ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпионы ретінде ай сайын 170 мың теңге төленеді", – деді Көлгінов кездесу барысында. 

Алайда 2023 жылғы әлем чемпионатынан кейін Санжар Тәшкенбайдың оқудан шығып қалғаны белгілі болды. Бұл туралы спорт журналисі Ғалым Қожабеков өзінің жолжазбасында жазған. 

"Бүгін Ташкенттен оралдық. Бір апта әлем чемпионатын көрдік.Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты.  Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік", – дейді журналист.

Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқығанын айтқан Санжар 17 жасында бокстан жастар арасында Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионатында да топ жарады. 

"Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды. Мен бір сөзімде қайда оқисың деп қалдым. Ол болса "Ешқайда оқымаймын, 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түскен едім оқытушы-жаттықтырушы мамандығына. Бірақ оқуым ұзаққа бармады", – деп айтыпты боксшы.

Көпбалалы отбасыдан шыққан Санжар Тәшкенбай алдағы уақытта жоғары білім алуға ниетті екенін жеткізген. Журналистің сөзінше, әлем чемпионы Көкшетаудағы педагогика институтына түсуді жоспарлап отыр. 

Талқылау