Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Анамның гүл шоғын тартып алған": Желі қолданушысы FlyArystan қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды

Фото: flyarystan.com

Желі қолданушысы FlyArystan әуекомпаниясының қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ботагөз есімді желі қолданушысының айтуынша, әуекомпания қызметкерлері рейске тіркеу кезінде анасының қолындағы гүл шоғын тартып алған.

"FlyArystan қызметкерлері менің анамнан рейске тіркелу кезінде гүл шоғын тартып алған. Бұл гүлді анама менің күйеуім сыйлаған еді, анам гүл шоғын үйіне алып кеткісі келген. Алайда әуе компания қызметкерлері оған "Сөмкеңізді немесе гүлді осында қалдырыңыз" деп талап қойған. Яғни, олар анама жүкті тіркеу немесе басқа да балама нұсқаларды ұсынбаған. Бір нәрсесін тастап кетуге мәжбірлеген", – делінген жазбада. 

Әйелдің айтуынша, анасы гүл шоғы үшін қосымша ақша төлегісі келсе де, компания қызметкерлері рұқсат бермеген.

"Анам "гүл шоғын ақысын төлеп алып кетуге бола ма?" деп сұраған, бірақ рұқсат берілмеген. Әрине, анам сөмкесін таңдауға мәжбүр болды, өйткені онда оның заттары болды. Ал гүл шоғын сол жерде қалдырған. Анам жалғыз болғандықтан, гүлді басқа біреуге бере алмады. Мен бұл жайлы естіген бойда таңғы сағат 8-ге дейін күтіп, @flyarystan кеңсесіне қоңырау шала бастадым. Ондағы қызметкерлер жүк ретінде рәсімдеуге болатынын айтты. Алайда анам ол кезде ұшу аймағында болғандықтан, физикалық тұрғыда кері қайтып, қайта тіркеуден өте алмас еді. Менің өтініштеріме қарамастан, олар жүкті рәсімдеуге көмектесуден бас тартты", – делінген жазбада. 


"Шымкентте ешқандай боран жоқ": Жолаушылар FlyArystan әуекомпаниясының рейсті 5 сағат кешіктіргеніне шағымданды

"Керек десе президентке шағымдан": FlyArystan әуе компаниясы тағы бір жанжалға тап болды


Қызметкерлер әйелге тұтынушыларды қолдау қызметіне жүгінуді ұсынған. Әйел арнайы қызметке хат жолдағанын, алайда ол жерде де жолаушының өзін кінәлі етіп көрсеткенін айтады.

"Ұзын-сонар хат жолдап, бізді өзіміз кінәлі деп көрсетті – яғни, қол жүгін тасымалдау талаптарымен таныспағанымыз және қызметкерлер анама қосымша жүк ретінде тапсыру қажеттігін айтқан екен. Мен оларға бірнеше рет ешкім ешқандай ақпарат бермегенін жаздым, бірақ оны ескерген жоқ", – дейді әйел. 

Желі қолданушысының жазбасына FlyArystan компаниясы жауап берді. 

"FlyArystan классикалық лоукостерлер үлгісінде жұмыс істейді. Билет құнының ең төменгі нұсқасына салмағы 5 кг-ға дейін және көлемі 56x23x36 см-ден аспайтын тек бір ғана қол жүгін алып өту мүмкіндігі кіреді. Айта кету керек, жолаушы жанына алатын кез келген зат (қол сөмкесі, ноутбук, гүл шоғы, портфель, duty free өнімдері) қол жүгі болып есептеледі", – делінген жауапта.

Еске салсақ, бұған дейін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі FlyArystan әуекомпаниясы билет бағасына негізсіз ақша қосып отырғанын мәлімдеген еді. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Сәуір, 2025 22:51
Талқылау