"Анамның білмегенін қаладым": Мұрат Бисембин қатерлі ісікпен қалай күресіп жатқанын айтты
Танымал актер Мұрат Бисембин қатерлі ісікпен қалай күресіп жатқанын айтып, жан сырын ақтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Сұхбаттан скриншот
Отандық киножұлдыз Динара Сәтжанға сұхбат беріп, қай уақыттан бері дертке шалдыққанын жасырмады.
“Сырқатымның атын естігенде өмірге деген көзқарасым күрт өзгерді. Құндылықтарым алмасты. Адамдардың теріс әрекетін көріп тұрсам да, ақтап алуға тырыстым. Қалай бар, солай қабылдадым. Бұрын мен жабық адам болдым. Көп ешкіммен араласқым келмейтін. Қазір бәрімен аман-саулық сұрасып, адамдарға ашылдым. Достарым мен жанашыр адамдар келіп, жылы сөздерін айтып, қолдау білдірді. Тіпті бүкіл қазақ елі менің жазылуымды тілеп жатыр екен. Одан кейін шетелдегі көрермен де менің сырқаттанып қалғанымды естіпті. Жапонияда тұратын бір кісі “Тегін дәрі салып жіберейік” деп хабарласты. Әріптесім Саят халыққа жариялады. Оған дейін мен рұқсат етпей жүрген едім. Өйткені анам менің сырқатым туралы білмейтін. Менің айығуымды тілеп, өзін тастап жіберген жоқ. Екеуміз бір-бірімізге қолдау білдірдік. Барлығына мың алғыс”, – деді актер.
Сонымен қатар өнер иесі қатерлі ісіктің қандай түрімен ауырып жатқанын да айтты.
“Ұйқы безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылды. Екінші кезеңінде жүрмін. Төрт рет химиотерапия алдым. Негізі сегізін алуым керек еді. Бірақ мен бас тарттым. Химиотерапия алып көрген адамдар жақсы біледі. Өте қиын ем түрі. Қатты әлсіреп қалдым. Қазір емдеудің басқа түрін таңдадым. Ол халық емі емес, медициналық емдеудің бір түрі. Ешкім менің өміріме кепіл болмайды. Германия мен Оңтүстік Корея дәрігерлері де емдеуге қарсы емес, бірақ кепілдік бермей отыр. Мен оған көңіл-күйімді түсіріп жүрген жоқпын. Қазір тек позитив ойлағым келеді”, – деді отандық киножұлдыз.
Еске салайық, актердің әріптесі Саят Исембаев жаңалықты жариялап, халықтан ақшалай көмек беруін өтінген еді.