Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арманым Гарвардқа түсу": Қазақстандық мектеп оқушысы ауылдағы қарапайым өмірін көрсетіп, желіде танымал болды

17 жастағы Бекзат Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы, Еңбек ауылында 11-сыныпта оқып жатыр. Жасөпірім желіде туған анасымен бірге тұрмайтынын ашық көрсетеді. Бозбала оқырмандардың сыни пікіріне қарамастан, видео түсіруін тоқтатпай келеді. Ол болашақта ағылшын тілін жетік меңгеріп, Гарвардқа оқуға түскісі келеді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол ауылдағы өмірді шынайы көрсетіп, блог жүргізуден қанша табыс табатынын бөлісті.

Фото: Stan.kz / Бекзат Қаныбекұлы

"Анамды алғаш рет 8-сынып оқып жүргенде көрдім"

Бекзат Қаныбекұлы ата-әжесімен бірге Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы, Еңбек ауылында тұрып жатыр. Жасөспірім ауылдағы Садық Түкібаев атындағы Еңбек орта мектебінде 11-сыныпта білім алады. 2 жасынан бастап ата-әжесінің қолында өскен. 

"Анам қазір басқа қалада тұрады. Дегенмен ол кісімен көрісіп тұрамын. Алғаш рет анамды 8-сынып оқып жүргенде көрдім. Анам қазір басқа қалада, басқа отбасымен бірге тұрып жатыр. Бір қарындасым, екі бауырым бар. Ес кіргеннен кейін анам не себепті әке-шешесінің қолында қалдырып кетуге мәжбүр болғанын түсіндірді. Анамның айтуынша, кішкентай баламен бірге жұмыс істеу қиын болғандықтан ата-әжеме қарауға берген. Содан кейін атам мен апам өз аттарына жазып, асырап алған. Ол кісімен көп кездеспесек те, ол кісінің анам екені хақ. Анаммен күнде сөйлесеміз, қарым-қатынасымыз жақсы", – деді Бекзат Қаныбекұлы.

Бекзат өзі қағаз жүзінде атасы мен әжесінің баласы болсам да, шын мәнісінде анама тәнмін дейді.

"Басқа балалар секілді неге мені тастап кеттің деген ойда жоқ. Өкініш сезімі де болған емес. Анам мені тастап кетті деп ойламаймын. Жұмыс істеуіне тура келгендіктен, ата-әжемнің қолына берді деп қана түсінемін. Неге анамды жақсы көрмеймін? Жақсы көрмеймін дегенім емес, аздап ренжідім. Өйткені бұл ауылда менің мүлде достарым жоқ. Егер мен анаммен бірге қалада тұрсам, көп досым болар еді. Мұнда маған өте қызықсыз, сондықтан анаммен бірге тұрғым келеді. Бірақ бұл әжем мен атамды жақсы көрмеймін деген сөз емес", –деді жеткіншек.

Бекзат әжесі мен атасын анасымен бірдей жақсы көретінін атап өтті. Жеткіншек өзін бағып-қағып, ер жеткізуге еңбек сіңірген атасы мен әжесіне деген ерекше сезімін де жасырмады. Оның айтуынша, атасы мен әжесі – өміріндегі ең қымбат жандар. Олар Бекзаттың әр қадамын қолдап, оған мейірім мен тәрбиені қатар берген. 

Бірнеше айдан кейін мектепті бітіріп, қалаға кетемін. Әжем мен атамды да өзіммен бірге алып кетемін деп ойлаймын. Өйткені атам мен әжемді ауылда жалғыз қалдырғым келмейді", – деді Бекзат.

"Сұмдық, мұндай видеоны қалай түсіресің?"

Бекзат үй жинауды, ыдыс-аяқ пен еден жуу сияқты тұрмыстағы істерді әжесінен үйренген. Үлкендердің қолында өскеннен кейін тамақ жасауды да меңгеріп алдым дейді. Бекзат қазір осы дағдыларының арқасында өз аудиториясын дамытып жатқанын айтады. Оның ойынша, тұрмыста тіршілік көпшілік үшін қарапайым көрінгенімен, оны шығармашылыққа айналдыруға болады.

"Қалай ғана менің блогым осынша қаралым жинағанына әлі күнге дейін таңданамын. Үйде еден жуып, тамақ істеп жүргенімді шынайы көрсеткім келеді. Әжем әр тағамды ерекше ықыласпен дайындайтын, сол сүйіспеншілікті маған да үйретті. Осы сынды видеоларды 1 миллионнан аса адам көрген. Кейін аккаунтымның фишкасы неде екенін түсіне келе, орысша блог түсіруге бел будым. Орысша аккаунтта басқа елдерге басқа аудиторияға шығуға мүмкіндік бар. Оқырмандардың көбі "қыздар істей алмайтын жұмысты, ер баланың істеп жатқаны қандай мақтаныш, қуаныш", "қолынан бәрі келеді" деп айтқандары бар", – деді Бекзат.

Бекзат өзінің ауылда тұратынын, сондықтан зәулім сарайдай үйі жоқ екенін мысалға келтірді. Соған қарамастан оқырмандары күн сайын көбейіп келе жатқанын атап өтті.

"Ішінде жапсырма қағазы бар, сыртында потологы бар үй емес. Үйімді қалай бар, солай түсірдім. Осы қарапайымдылықтың арқасында бірінші 100 мыңға жуық аудиториямды осылай жинадым. Қазір 330 мыңнан аса оқырманым бар. Кейбіреуі "Сен үнемі жылай бересің. Үйің ескі, жөндеусіз. Сұмдық, мұндай видеоны қалай түсіресің?" деп айтады. Иә, үйім әдемі емес, керемет картинка да жоқ. Бірақ шынайы өмірімді көрсетемін. Бүкіл әлемге өмірімді қалай бар, солай көрсетіп жүрмін. Әрине, білемін, оқырмандарыма шынайылық ұнайды. Сондықтан сіздерге үйім ұнай ма, ұнамай ма – маған бәрібір. Ең бастысы, менің оқырмандарым бар, олар мені әрдайым қолдайды", – деп үндеу жасады Бекзат сыни пікір жазатындарға.

Бекзат монетизацияны шамамен 9 желтоқсанда қосқанын және 20 күнде өте жақсы қаражат тапқанын жеткізді. Сөйтіп Бекзаттың ең көп табысы 560,23 евро (294 983,64 теңге) болған.

“Біреулер үшін бұл аз ақша болып көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін бұл – үлкен сома. Осы ақшаға мен өзіме пәтер алғым келеді. Тапқан табысыма өмір сүргім келеді. Өзім пәтер ақысын төлей аламын, тамаққа, азық-түлікке жеткілікті табыс табамын. Әжемнен, анамнан немесе басқа біреуден ақша сұрағым келмейді. Неге өз күшіммен өмір сүрмеске? Аяқ-қолым бар, денім сау, мүгедек емеспін. Өз еңбегіңмен тапқан ақша – ең дұрысы, біреуден сұрағаннан әлдеқайда жақсы. Ең басты мотиваторларым – оқырмандар”, – деді Бекзат.

Фото: Stan.kz / Бекзат Қаныбекұлы

"Гарвардқа түсуім керек!"

Бекзат қазірден бастан ағылшын тілін оқып, жетік меңгергісі келеді. Болашақта Италияда немесе Америкада білім алу ойында бар.
"Ағылшын тілін үйренудегі басты мақсатым – адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу. Мысалы, қазір ағылшынша білетін адамдарды көп жерде жұмысқа алады. Барлық жерде дамуға мүмкіндігің болады. Шетелге шығып саяхаттауға, одан басқа Италияға барып оқу арманым. Пизаға барғым келеді. Сондықтан әлем елдерін аралап шығу үшін ағылшын тілін үйреніп жатқан жайым бар", – деді Бекзат.

Бекзаттың айтуынша, сыныптастары оның педогикалық колледжге түсу туралы ойына қарсы шыққан. 

"Сыныптастарым тек орта білім алатынымды және өте аз стипендия алатынымды айтып, мазақтайды. Бір жағынан уайымдайтын да шығар... Түсінбеймін, оларға не айырмашылық бар? Университетке түсемін бе, педагогикалық колледжге ме? Тіпті Гарвардқа ма – бұл менің өз таңдауым ғой. Сондықтан менің керемет ойым бар: міндетті түрде университетке, дәл Гарвардқа түсуім керек! Сонда олар үндерін өшіріп, мені мазақтауды қояды. Осындай мазақтаулардан кейін мен олармен мүлде дос болғым келмейді. Көпшілігі пікірде, "Неге сенің достарың жоқ?" деп сұрайды. Міне, сіздерге дәлелі – неге олармен дос болғым келмейді. Қазір маған қатты қорқынышты. Ал егер мен Гарвардқа түсе алмасам, не болады? Бұрынғыдай тағы да өзімді сыртқа тебілгендей сезіне беремін бе? Шынымды айтсам, шаршадым, бәрінен жалықтым. Тезірек мектепті бітіріп, бір педагогикалық колледжге грантқа түсіп, өмірден ләззат алғым келеді", – деді Бекзат.

Жас блогер болашақта үлкен жетістікке жетіп, атасы мен әжесінің еңбегін ақтауды армандайды. Ол тек өзіне ғана емес, айналасына да мотивация беріп, жастарға армандаудан қорықпау керек екенін көрсеткісі келеді.

@bekzat_in.village #рекомендации #likee #recomendation #fyp #comment #влогизжизни #comment #хочукмаме ♬ оригинальный звук - Бекзат
Талқылау