Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкалық лингвист Джонатан Вашингтон: Баламның есімі Төле бидің ұлымен аттас

Джонатан Вашингтон қазақ тілін қалай үйренгенін, ұлының есімін қалай қойғанын, түркі-тілдеріне деген қызығушылықтың қалай басталғаны жайында айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат.

Америкалық лингвист Джонатан Вашингтон: Баламның есімі Төле бидің ұлымен аттас

Америкадағы Пенсильвания штатында тұратын Джонатан Вашингтон есімді азаматтың мектеп бітіргеннен кейін түркі тілдерін меңгеруге аңсары ауыпты. Жылдар бойы Еуразия кеңістігінің түкпір-түкпірін шарлап, түбі бір түркі тілдес елдердің тілдерін зерттеген Джонатанның бұл күнде білдей түрколог деген дәрежесі бар.

Профессор құрлық асса, Алматы мен Бішкекке соқпай кетпейді. Бұның да өз себебі барын Джонатан мырзамен болған сұхбат барысында сұрап білдік.

Джонатан қазір отбасымен Американың Пенсильвания штатының Делавэр графтығында тұрады. Жергілікті Суортмор университетінің лингвистика кафедрасында жұмыс істейді. Жас профессормен кездесудің сәті түспегенімен, Америкаға қоңырау шалып, телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік алдық. Профессор университетте «Қазақ және қырғыз тілдерінің құрылымы» атты пәннен сабақ береді екен.

– Джонатан мырза, Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба?

– Мен бірінші рет Қазақстанға 2004 жылы барғанмын. Атап айтқанда, Алматыда болдым. Дарын институтында болған едім. Ол уақытта студентпін. Бір танысым арқылы институт директорының шақыртуымен Қазақстанға сол кезде тұңғыш рет жолым түсті. Мен оларға ағылшын тілінде біраз көмектескенмін. Олар маған қазақ және орыс тілін үйретті. Қазір де елдеріңізде жиі болмасам да анда-санда, жол түскенде барып тұрамын. Бұрын Индиана штатында тұрған едім. Көбінесе сондағы Индиана университетінде оқыған немесе келіп кеткен қазақ студенттермен араласамын. Әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Бұрындары төрт-бес рет бірнеше күнге барып қайтқанмын. Соңғы рет осы жазда Қырғызстанға барғанда Алматыда бір күн болып қайттым.

Америкалық лингвист Джонатан Вашингтон: Баламның есімі Төле бидің ұлымен аттас

– Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

– Қазақ тілін үйренбес бұрын екі жыл бойы түркі тілдерін меңгере бастаған едім. Алдымен бастапқы деңгейде татар және өзбек тілін үйреніп алдым. Содан кейін-ақ түркі тілдеріне қызығушылығым арта бастады. Қазіргі уақытта түрколог және лингвиспін. Татар және өзбек тілін меңгергеннен кейін сол негізде қазақ тілін үйрену де көп қиынға соқпады. Қазақстандағы тіл үйрену тәжірибеммен қоса кейін Индиана университетінде сабақ алдым. Оған дейін 2007-2008 жылдары Қырғызстанда болып, болашақ жарыммен танысып, сол уақытта қырғыз тілін үйрендім.

– Зайыбыңыз қырғыз қызы ма?

– Иә, жұбайым – қырғыз. Аты – Толғанай. Қырғызстанға күйеубала болып келемін. Қырғызстанға барып қайын жұртпен өз тілдерінде сөйлесемін. Бір ұлымыз бар. Оның америкалық аты – Эвен, қырғызша аты – Жолан. Төле бидің бір ұлының аты Жолан екенін білесіздер. Америкалықтар балаларын екі есіммен атай береді.

– Өте қызық екен. Түркі тілдерінің құрылымын зерттеу үшін ультрадыбысты узи аппаратын құрап шығарғаныңызды білген едік…

– Дұрыс айтасыз. Ультрадыбысты узи аппараты негізі америкалық құрылғы. Адам тіліне үңіліп, әрбір әріпті дыбыстар кезде тілдің қалай қозғалатынын зерттейді. Мысалы, медицинада жүректі, бүйректі немесе дүниеге келетін сәбиді қарау үшін осындай аппарат қолданылады. Ал менің аппаратым түркі тілдерінің дыбысталуын адамның тілі арқылы зерттейді.

– Қазақ тілінің дыбысталуының өзге түркі тілдерінен айырмашылығы бар ма екен?

– Түрколог ретінде айтарым: түркі тілдері арасында фонетикалық жағынан айтарлықтай айырмашылық бар. Негізінен үнді дыбыстарын зерттеймін. Меніңше, түрік пен қырғыз тілі бір-біріне өте ұқсас. Ал қазақ тілі олардан сәл өзгеше көрінеді. Мысалы, емен дегендегі «е» әрпі қырғыз тілінде «э» немесе түрік тілінде де «э» және «а» әрпіне жақын дыбысталады. Бір сөзбен, орыс тіліндей айтылады. Ал «е» әрпінің қазақ тілінде дыбысталуы өзгеше.

– Қазақстанның латын әліпбиіне көшкелі жатқанын естіген боларсыз…

– Иә, бұл жаңалықты көп естідім. Сол процеске түрколог ретінде қосылғым да келеді.

– Суортмор университетінде қандай сабақ бересіз?

– Бізде түркология саласын оқыған студенттер жоқ. Бірақ, түркі тілдеріне қызығатын студенттер бар. Лингвистика саласы бойынша сабақ беремін. Әр профессор өзі білген тілі тұрғысында студенттерді оқытады. Мысалы, мен «Қазақ және қырғыз тілінің құрылымы» деген пәннен сабақ беремін. Университеттегі тағы бір мұғаліміміз тува тілдері бойынша сарапшы. Ол тува тілін оқытады.

– Америкада қазақ достарыңыз бар болар…

– Америкада қазақ достарым көп. Бірақ, былтыр Индиана штатынан осы жаққа көшіп кеткенмін. Мен көшіп келген Делавэр графтығында қазақтар аз екен. Біздің қалада тұратын бір қазақ қызы биыл Суортмор университетін бітірген. Бірақ, сол қыз «бұл жерде жалғызбыз, басқа қазақтар жоқ» деген еді.

– Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!

 

Талқылау