Америкалық алимент төлемеу үшін 11 айлық ұлына АИТВ (ВИЧ) жұқтырылған қан құйған
АИТВ жұқтырылған қанды 11 айлық баласынының организміне енгізген Бррайан Джексонның әкесі ұлының өлімін тілеген, деп хабарлайды BBC.
Бррайан Джексон
Ал оның жас әрі денсаулығы мықты ұлы араға 24 жыл салып, сотта әкесіне қарсы куәлік беретіні ешкімнің ойына кіріп те шықпаған.
Оның ата-анасы дәрігер мамандығына оқып жүріп, Миссури әскери дайындық орталығында танысқан. Бес ай өткеннен кейін ғашықтар бірге тұра бастайды. Ал 1991 жылдың бел ортасында әйелі сүйіктісінен бала көтерген-ді.
«Мен туылғанда әкемнің төбесі көкке бір елі ғана жетпей, қатты қуанған екен. Таяу Шығыстағы «Шөлдегі боран» операциясына қатысып келгеннен кейін барлығы өзгеріп сала берді. Сауд Арабиясынан оралған әкемнің маған деген сезімі, қарым-қатынасы мүлдем бөлек еді», – дейді Джексон.
Стюарт Джексонның өз баласы екенін теріске шығарып, әкелігіне көз жеткізу үшін ДНҚ сараптамасынан өтуін талап етіп, Джексонның анасына күш көрсетуді шығарған.
Ал анасы күйеуінен кетіп қалғанда, Стюарт алимент төлеуден мүлдем бас тартқан. Олардың арасында жиі дау-дамай орын алып, Стюарт әйеліне сес көрсете бастаған.
«Ол «Сенің балаң 6 жасқа тірі жетпейді» немесе «Мен сенен кеткенде, арамыздағы барлық байланысты үземін» деген сынды сөздер айтқан», – дейді Джексон.
Кейіннен тергеу жұмыстары анықтағандай, ол уақытта медициналық зертханада жұмыс істеген Стюарт жасырын түрде үйіне АИТВ жұқтырылған қан үлгілерін әкеле бастаған.
«Ол әріптестерінің арасында: «Егер бұл вирустардың бірін әлдекімге жұқтырғым келсе, олар өздеріне не болғанын ешқашан біле де алмайды», – деп қалжыңдаған», – дейді Джексон.
Ал Джексон 11 айлық болған уақытта ата-анасы екі жаққа кетісіп, бір-бірімен араласпаған. Алайда Джексон демікпе ұстамасымен ауруханаға түскенде, анасы әкесіне хабарлауды ұйғарған.
Джексонды ауруханадан шығарар күні Стюарт кенеттен ауруханаға келген.
«Ол менімен оңаша қалу үшін, анамды дәмханаға жіберген», – дейді Джексон.
Анасы кетіп қалғанда, АИТВ жұқтырылған қанды өз ұлына құйған.
«Ол мені өлтіріп, алименттен құтылудан үміттенген», – дейді ұлы.
Анасы бөлмеге қайтып келгенде әкесінің қолында шыңғыра жылаған баласын көреді.
«Өмірлік маңызды қызметтердің барлық көрсеткіші жоғарылап кеткен. Себебі ол құйған қан АИТВ жұқтырылған ғана емес, оған қоса менің қаныммен сәйкес емес еді», – дейді Джексон.
Аң-таң болған дәрігерлер бала организмінде өлім қаупін туғызатын вирус барын білмеген де. Олар жүрек соғысын, дене температурасын қалыпқа келтіріп, үйіне жіберген.
Бірақ біраз уақыттан соң анасы ұлының денсаулығы көз алдында нашарлап бара жатқанын байқаған.
Баласының диагнозын білу үшін 4 жыл бойы ұлын сансыз дәрігерлерге қаратып, не себепті көрер жарығының таусылып бара жатқанын анықтауларын сұрап, жалынышты болған. Бірақ талдау нәтижелері ананың көкейіндегі сауалға жауап бере алмады.
Бірде барлық талдаулар жасалғаннан кейін, баланы емдеп жүрген дәрігер түн ұйқысынан шошып оянып, бірден ауруханаға хабарласып, қанды АИТВ-ға тексерулерін сұрайды.
«Нәтижелері дайын болғанда, ЖИТС (СПИД) және онымен қатар 3 жұқпа барын анықтаған», – дейді Джексон.
Дәрігерлер баланың тірі қалуға еш үміті жоқ деген тұжырымға келген.
«Олар менің мүмкіндігінше қалыпты өмір сүргенімді қалады. Менің 5 ай ғана өмірім қалғанын айтып, ауруханадан шығарды», – дейді ол.
Бірақ Джексонды барлық емханалық дәрі-дәрмектермен емдеулерін тоқтатпаған.
Оның сөзінше, оның балалық шағы түгелдей өмір мен өлім арасында өткен.
«Өзімді жақсы, қалыпты сезінген күндер болды. Бірақ бірнеше сағаттан кейін бойымнан жаңа жұқпа табылуы себепті ауруханаға алып кететін», – деп еске алады Джексон.
Сансыз дәрі-дәрмектердің салдарынан құлақ естуі нашарлайды. Алайда ауруханада Джексонмен бірге жатқан балалардың көбі көз жұмғанымен, дәрігерлердің таңданысына орай, ол дертінен айыға бастаған.
Нәтижесінде ол мектепке барып, сабақ оқу мүмкіндігіне ие болады. Бірақ сөмкесі дәрі тамызғыш арқылы енгізілетін дәрі-дәрмектерге толы еді.
Ол көпшіл, жылы шырайлы бала болған. Алайда бойындағы дертке қоғамның суық көзқарасын білмеген-ді.
«Мені мектепте көргісі келмейтіндері балалық шағымның қасіреті еді. Олар қорқатын. 90-жылдары адамдар унитаз арқылы ЖИТС жұқтырып алуға болады деп ойлайтын. Тіпті, бір оқулықтан АИТВ жұқтырған адамнан көзбе-көз кездесу арқылы да вирус жұқтыруға болатынын оқығанмын», – дейді ол.
Шын мәнісінде Джексоннан қорқатын қатарластары емес, ата-аналары еді. Олар Джексонды балаларының туған күніне де шақырмайтын. Тіпті, өгей әпкесі де бауырының дерті себепті мұндай басқосуларға шақырылмай, қалыс қалатын. Уақыт өте келе балалар да Джексоннан сескене бастаған.
Ол 10 жасқа келгенінде әкесінің өзіне не істегенін түсіне бастаған. Бірақ әкесі жасаған қылмыс деңгейін түсіну үшін тағы да бірнеше жыл керек болды.
Дүниеге келген кезінде оны кіші Брайан Стюарт деп атағанымен, ол есіміне екінші «р» әрпін қосып, анасының тегін алған.
«Есімімді өзгерті мені Брайан Стюартпен байланыстыратын барлық дүниеден бас тарту мүмкіндігін берді. Мен – оның қылмысының құрбанымын», – дейді Джексон.
Отырыстарда болған уақытта ол әрдайым мені ұлым деп атайтын. Мен қолымды көтеріп, мені «өз құрбаны» деп атауын талап етуге тырыстым. Мен қашан оған ұл болып едім деген ойда болатынмын. Маған АИТВ жұқтырған кезде ұлы болмадым ба?», – дейді ол.
Бірақ бастан өткерген ең қиын сәттерінде де күлуін жалғастырып, аурухана бөлмесінде Форрест Гампқа еліктеп, медбикелердің көңілін аулаған.
«Мен әрдайым қалжыңдайтынмын. Маған АИТВ, құлақ естуіне байланысты қиындықтар, әкесіз өмір сүру тақырыбында әзілдеген ұнайтын. Егер көпшілікті ынталандыруға бағытталған шараларға қатыспағанымда, стендап-әзілкеш болар едім деп ойлаймын», – дейді Джексон.
Маусым айында Джексон Миссури түрме басқармасынан хат алған. Онда комиссия шешімі бойынша әкесіне алдағы 5 жыл ішінде кешірім берілмейтіні айтылған.
«Кейде мен қорқынышты түстен шошып оянамын. Әкем бастаған ісін аяқтау үшін келе ме деп қорқамын. Мен оны кешірдім, бірақ өз ісің үшін қашанда жауап беру керек сияқты».
Десе де әкесі өзін қорғау мақсатында Сауд Арабиясындағы қызметінен соң жарақаттан кейінгі күйзеліс синдромынан зардап шеккенін алға тартуда. Джексон бұған сенбейді. Ол әкесінің теңіз әскері қатарында қызмет еткенін және соғысқа қатыспағанын айтады.
Бүгінде Джексон дәрігерлерді таңдандыруын жалғастырып келеді.
«Мен өгіздей сап-саумын! Тіпті, өгізден де күштімін. Мен салмақ қостым, бірақ өзімді әлі де жақсы спортшы деп санаймын», – дейді ол.
«Қазір менің Т-лимфоциттерімнің саны қалыптае жоғары. Демек мен ешкімге вирус жұқтыра алмаймын. Күнделікті қабылдайтын дәрі таблеткаларының саны 23-тен азайды. Тек 1 таблетка ғана қабылдаймын. Бүгінде талдау нәтижелері организмімде АИТВ барын көрсетпейді. Бірақ менде ЖИТС әлі де бар. АИТВ-мен бір ауырған науқас қашанда науқас болып қала береді», – деп әңгімелейді Джексон.
Ол Hope Is Vital қайырымдылық ұйымы, ынталандыруға бағытталған шаралармен жанын сала айналысқанымен, әке атануды, өз баласы үшін жақсы әке болуды армандайды.
«Мен әке болуды қатты қалаймын. Балаларымды үміттенуге, үміт үзбеуге тәрбиелегім келеді. Олар бейбітшілікте өмір сүріп жатқанын және әрдайым жанында қорғайтын әкесі барын білгенін қалаймын. Кейде бақытсыздық тамаша дүниелерге жол ашады», – дейді Джексон.