Америкалық USAID ұйымы Қазақстанға әсері: Елімізде шетелден қаржыландырылатын тұлғалардың тізімі жарияланады
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда шетелден қаржыландырылатын тұлғалардың тізілімінің бар екенін еске салды. Агенттік америкалық USAID ұйымы төңірегіндегі дау және оның Қазақстанға ықтимал ықпалы туралы талқылауларға байланысты мәлімдеме жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos
Салық органдары 2022 жылдан бастап Қазақстанда шетелден қаржы немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізілімі жарияланып келе жатқанын атап өтті.
"Аталған ақпаратты қызметі заң көмегін көрсетуге, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге, социологиялық зерттеулер өткізуге және т.б. бағытталған тұлғалар ұсынады. Тізілімді жариялау азаматтардың мемлекетке де, үкіметтік емес ұйымдарға да сенім деңгейін арттыруға бағытталған", – деп түсіндірді комитет өкілдері.
Қазіргі уақытта шетелден қаржы алатын азаматтар мен ұйымдарға қатысты нақты деректер жоқ.
"2024 жылдың екінші жартыжылдығына арналған деректер 2025 жылдың 20 наурызына дейін жарияланады",– деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 239 адам шетелден қаржы алғаны туралы ақпарат берген. 2023 жылдың екінші жартыжылдығында 192 азамат туралы дерек жарияланды. Сондай-ақ 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында да 192 азаматқа қатысты ақпарат жарияланған.