Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Амантаев Бақыт Сәрсекбаевты Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабына қосуды ұсынды

Фото: instagram.com / b.sarsekbayev

Бокс әлеміндегі танымал маман Мұхит Амантаев 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың Қазақстан құрамасына пайдасы тиетінін айтып өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Бірінші Бол" YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Амантаевтың пікірінше, Қазақстан құрамасына өзгеріс қажет. Соңғы екі Олимпиададағы сәтсіз нәтижелерден кейін, ол Сәрсекбаевтың тәжірибесі мен өзбек боксының қыр-сырын терең білетіні ұлттық команда үшін үлкен артықшылық бола алатынын атап өтті.

"Қазір бокста әлемдегі көшбасшы ел — Өзбекстан. Олар Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия біріншілігінде алтындарды иеленіп жүр. Бақыт өзбек боксшыларының стилін жақсы біледі. Өзі ұзақ жылдар бойы Өзбекстан атынан шықты, сол елдің бапкерлерімен жаттықты, ұлттық құраманың бірінші нөмірі болды. Бұл тәжірибе біздің боксшыларға қарсылас елдің әдісін жеңуге көмектесе алады", — деді ол.

Сондай-ақ, Амантаев енді әрекет ету керектігін айтып, нақты қадамдар жасаудың уақыты жеткенін жеткізді.

"Біз екі Олимпиаданы сәтсіз өткіздік. Енді қанша күтеміз? Бір-бірімізге аяқтан шалу емес, дамуға ұмтылу керек. Бақытты жұмысқа тарту қажет. Қайрат аға — мықты маман, бірақ Бақыт та болашақта ұлттық құраманы басқаруға лайық адам. Олимпиадаға үш жыл қалды, сол уақыттың өзін тиімді пайдалануға болады. Ол бас бапкер болмаса да, көмекші ретінде үлес қоса алады", — деді ол.

Қазіргі уақытта Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның 22 жасқа дейінгі жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарады. Еске салайық, 2025 жылы Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында оның шәкірттері 22 алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістік оның бас командада да жемісті жұмыс істей алатынын дәлелдейді.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 10:30