Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алуа Қонарова «Ninety one» тобының стилін қайталады деген Беделханға жауап берді

Танымал продюсер Алуа Қонарова өзінің әріптесі әрі бұрынғы шәкірті Ерболат Беделханның сынына жауап берді. Бұған дейін Беделхан “Renzo” тобы “Ninety one” тобы қалыптастырған стильді қайталады” деп мәлім еткен. Одан бөлек, Қонарованың қарамағындағы “Ayumi” тобы да 91-ге қарап шаштарын түрлі-түске бояған деп жар салған. Алуа Қонарова бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін жеткізді.

конарова беделхан

Бұл туралы “Хабар” арнасының “Компромат” бағдарламасында айтылды.

Ерболат Беделхан аталмыш бағдарламаға берген сұхбатында:

“Renzo” өте стильді, ерекше дауыстары бар топ. Бірақ әлі де болса өзінің аудиториясын таппаған”, – деп сынаса керек-ті. Алуа Қонарова әріптесіне жауап берді.

“Жоқ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Әрине, қазіргі Ерболаттың күйін түсінемін. Ол жарады. Менеджментке дұрыс тұрғыдан келді, барлығын корей жүйесімен жасап жатыр. Мүмкін дұрыс та шығар. Ал мен корей жүйесін қолданбаймын, менің өз жүйем бар. Менің жігіттерім тек кішкентай қыздар үшін құрылған жоқ. Олардың аудиториясы кеңірек. Бұл топты 26, 30 жастағы қыздар да тыңдайды. Менің көздегенім де сол. Топты алға жылжытуға арналған өзіндік жоспарым бар.

Мен жастардың “Renzo” тобынан үлгі алғанын қалаймын. Қай жағынан? Олар ер мінезді, олар шаштарын боямайды, сырға тақпайды. Менің бұл сахналық образға еш қарсылығым жоқ. Дегенмен де қазір осы ұстанымдамын. Олар спортпен шұғылданады. Мен үшін ең маңыздысы да осы. Олардың нағыз ер азамат болғанын қалаймын”, – деп мәлімдеді Қонарова.

Продюсер 2006 жылы сахнаға шыққан “RinGo” тобы жігіттерінің сол кездің өзінде шаш бояғанын алға тартты.

Өз сөзінде танымал продюсер Ерболатты өзіне бәсекелес санамайтынын айтып қалды. Себебі кезінде Ерболат Беделхан Алуа Қонарованың қарамағында жұмыс істеген (Алуа Қонарова бір кездері “Орда” тобына продюсерлі еткен).

Талқылау