"Алтыншы рет өтініш бердім": Айтбек Амангелді Салтанат Нүкенованың атынан қор ашуға рұқсат берілмей жатқанын айтты
Айтбек Амангелді марқұм қарындасы Салтанат Нүкенованың атына арнаған әлеуметтік қорды ашуға өтінішті министрлік бесінші рет қабылдамағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Айтбек Амангелді Instagram желісінен
Қоғам белсендісі министрліктің неліктен қорды құру туралы құжаттан бас тартып жатқанын түсінбейтінін жеткізді.
“Мен қордың жарғысындағы "Қордың жарғылық мақсаттарына сәйкес келетін және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да қызмет түрлері" 9-тармағына не кедергі келтіретінін түсінбедім. Құрметті заңгерлер маған осыны түсіндіріп бере аласыздар ма? Ал журналисттер сіздер менен неге әлі Салтанат Нүкенованың атындағы қордың ашылмағаны туралы сұрайсыздар. Меніңше бұл сұрақты министрлікке жолдағандарыңыз дұрыс.
Не болса да, бүгін мен алтыншы рет осы пунктсіз өтініш бердім. Енді 5 күн күту қажет”, – деді Айтбек.
Еске салсақ, бұған дейін азаматтық некедегі күйеуінен соққы көріп, көз жұмған марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қорды аша алмай жатқанына өкінетінін айтқан еді.