Алтынемел паркінде Сауд Арабиясының демеушілігімен ителгілер мен сұңқарлар ұшырылды

Алматыдан 300 шақырым жердегі Жетісу облысына қарасты "Алтынемел" ұлттық паркіне Stan.kz тілшісі ителгі мен сұңқарлардың санын арттыруға бағытталған жобаның жүзеге асу барысын көзбен көріп қайтты. Сауд Арабиясының "Haddad" бағдарламасы аясында қолға алынған бастама жыртқыш құстарды табиғатқа ұшыру арқылы олардың популяциясын қалпына келтіруді қарастырып отыр. Тілші мамандармен тілдесіп, жобаның ғылыми негізде жүргізіліп жатқанын және оның экожүйе үшін маңызы зор екенін сұрап білді.
"Алғашқы кезеңде 28 аналық және бірнеше аталық сұңқар әкелінді"
Сауд Арабиясының "Haddad" халықаралық бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бастама жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстардың санын арттыруға бағытталған. Жоба тек табиғатты қорғаумен шектелмей, экологиялық ағартушылықты күшейтіп, браконьерлікпен күреске де серпін беруді көздейді.
Осы ретте "Алтынемел" директоры Қуат Байтұрбаев жобаның ғылыми негізде әзірленгенін және өңірдің табиғи жағдайы сұңқарлар үшін қолайлы екенін атап өтті. Іс-шара барысында құстардың жетеуі ұшырылған.
Фото: Stan.kz
"Жоба аясында алғашқы кезеңде 28 аналық және бірнеше аталық сұңқар әкелініп, табиғатқа жіберілген. Аналық құстардың көбірек әкелінуі – әдейі жасалған қадам. Себебі ұя салу кезеңінде олар тұрақтап қалуға бейім болады. Егер олар осы жерде балапан басса, келесі жылы міндетті түрде қайта оралады. Мұны популяцияны табиғи жолмен көбейтудің ең тиімді тәсілі деуге болады. Жобаның алдында арнайы ғылыми зерттеулер жүргізілді", – деп түсіндірді парк директоры Қуат Байтұрбаев.
Сонымен қатар жоба тек құстарды ұшырумен шектелмейді. Оларды бақылау да қатар жүргізіледі. Қуат Байтұрбаев мұның бәрі бір күндік жұмыс емес екенін атап өтті.
"Жоба тек құстарды ұшырумен шектелмей, оларды бақылауды да және жерсіндіру де қамтиды. Жоба үш жылға жоспарланған, осы уақыт ішінде шамамен 150 сұңқар табиғатқа жіберіледі, ал нақты нәтижесі кемінде үш жылдан кейін белгілі болады", – дейді Қуат Байтұрбаев.
Бұдан бөлек парк басшысы қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жобаға Қазақстан тарапынан арнайы қаржы бөлінбеген. Барлық негізгі шығынды Сауд Арабиясы көтеріп отыр. Ал мемлекеттік парк ретінде олар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қорғауға және ғылыми сүйемелдеуге жауапты. Оның айтуынша, мұндай жобалар қоғамның көзқарасын өзгертуге де ықпал етеді.
Фото: Stan.kz \ “Алтынемел” директоры Қуат Байтұрбаев
"Біз айтулы шараға арнайы ақсақалдарды, балаларды шақырдық. Бұл жай ғана іс-шара емес, тәрбие. Адамдар табиғатты қорғаудың маңызын көруі керек. Бұрын сұңқарларды заңсыз аулау жағдайлары болған, ал қазір біз мұндай әрекеттерге мүлде жол бермейміз", – дейді "Алтынемел" директоры Қуат Байтұрбаев.
"Haddad" бағдарламасы халықаралық деңгейде де жүзеге асырылып жатыр"
Осы ретте Сауд Арабиясы "Сұңқарлар клубы" бас директорының орынбасары Ахмед Альхабаби бастаманың халықаралық экологиялық жобалардың бір бөлігі екенін атап өтті.
"Сауд Арабиясы қоршаған ортаны қорғау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бізде экологиялық тұрақтылыққа арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар бар. Соның бірі сұңқарларға арналған “Haddad” бағдарламасы". Бағдарлама тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде біз Қазақстан аумағында сұңқарларды табиғатқа қайта жіберіп отырмыз. Бұл жер – құстардың көші-қон жолдарының бойында орналасқан маңызды аймақ", – дейді Ахмед Альхабаби.
Фото: Stan.kz |"Сұңқарлар клубы" бас директорының орынбасары Ахмед Альхабаби
Ахмед Альхабаби жобаның негізгі мақсаты сирек кездесетін құстардың санын көбейту және олардың табиғи тепе-теңдігін сақтау екенін жеткізді.
"Жұмыс екі бағытта жүзеге асырылады. Әуелі, жергілікті деңгейде, яғни Сауд Арабиясы аумағында берберий сұңқары мен лаггар (ланнер) сияқты түрлерді табиғатқа жіберіледі. Одан кейін халықаралық бағыт. Мұнда балобан мен сұңқарлар олардың табиғи мекен ету ортасына, яғни Корольдіктен тыс аймақтарға жіберіледі. Осы бастама биоалуантүрлілікті сақтау, жойылып кету қаупі бар құстардың санын қалпына келтіру және табиғи экожүйені қорғауға бағытталған. Біз осы арқылы болашақ ұрпақ үшін табиғатты сақтауға үлес қосқымыз келеді", – дейді Ахмед Альхабаби.
Ахмед Альхабаби сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы салалық ұйымдардың ынтымақтастығының маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, "Haddad" бағдарламасы – экологиялық сын-қатерлерге берілген ғылыми негізделген әрі практикалық жауап. Жоба сұңқарлардың табиғи ортадағы популяциясын қалпына келтіруге, экожүйелік тепе-теңдікті сақтауға және сирек кездесетін түрлерді қорғауға бағытталған.
"Әрбір сұңқар мен ителгіге арнайы трекерлер орнатылды"
Ал ұлттық парктің ғылыми ақпараттық және мониторинг бөлім басшысы Марғұлан Мұсабеков жобаның тек бір реттік шара емес, ұзақмерзімді ғылыми әрі экологиялық маңызы бар бастама екенін атап өтті. Ол парк жүйесінде 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді және соңғы жылдары сирек кездесетін жануарлар мен құстарды зерттеуге ден қойған.
"Соңғы 5-6 жыл ішінде ғылыми бағытқа бет бұрып, жойылып кету қаупі бар жануарлар мен құстарды зерттеу жұмыстарымен айналысып келеміз. Қазір парк аумағында Сауд Арабиясындағы “Сұңқарлар” клубының бастамасымен Қазақстанның Қызыл кітабына енген ителгі құстарын табиғи ортаға қайта жіберу және жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір көктем мезгілі болғандықтан, олардың жұптасу кезеңі басталады. Әдетте ителгілер шамамен 35 күнде балапан басып шығарады", – деп түсіндірді Марғұлан Мұсабеков.
Ғылыми қызметкер бақылау жұмыстары заманауи технологиялар арқылы жүргізілетінін айтты.
"Әрбір сұңқар мен ителгіге арнайы трекерлер орнатылды. Біздің ғылыми бөлім мамандары олардың қозғалысын, қайда қоныстанғанын тұрақты бақылап отырады. Бұл бізге олардың бейімделу процесін нақты түсінуге мүмкіндік береді. Жобаның ұзақмерзімді екенін және алғашқы нәтижелер бірден байқалмайтынын атап өткіміз келеді. Құстарға арнайы GPS-трекерлер орнатылды. Сол арқылы біз олардың қай бағытта ұшатынын, қай жерге қоныстанып, қай жерде ұя салатынын бақылап отырамыз. Бұл деректер болашақта ғылыми талдау жасауға және жобаны жетілдіруге мүмкіндік береді", – дейді ол.
Фото: Stan.kz / “Алтынемел” ұлттық парктің ғылыми ақпараттық және мониторинг бөлім басшысы Марғұлан Мұсабеков
Марғұлан Мұсабеков ителгінің экожүйедегі маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, құс Қазақстаннан бастап Сауд Арабиясы, Үндістан және Пәкістанға дейін таралғанымен, негізгі ұя салатын аймақтарының бірі – Қазақстан. Сондай-ақ маман ителгінің өте жылдам әрі алғыр жыртқыш екенін, орташа 7-8 жыл өмір сүріп, бір ұяда 2-3 жұмыртқа басатынын айтты.
"Жарты ғасыр ішінде популяция 90%-дан астамға төмендеген"
Ал Зоология институты, Орнитология және герпетология зертханасының меңгерушісі Бекжан Бердіқұлов институт тарапынан ғылыми байланыс орнағанын айтты. Оның сөзінше, "Haddad" бағдарламасы Сауд Арабиясында басталып, алдымен сұңқарларды ерікті түрде қайтару, кейін табиғатқа бейімдеу, ал соңында басқа елдерде ұшыру кезеңдерінен өткен. Ғалымның айтуынша, мұндай жобаларды араб елдері бұрыннан өткізіп келеді, бірақ көбіне жергілікті мамандардың пікірі ескерілмей келген. Ал осы жолы шетелдік әріптестер қазақстандық ғалымдармен кеңесіп, бірлесіп жұмыс жүргізген.
"Құстар Сауд Арабиясынан әкелінген. Бірақ бұлар – торда өспеген, кезінде табиғаттан ауланған құстар. Ителгілерді Қазақстанға әкелген соң тікелей табиғатқа жіберілген жоқ. Олар алдымен Алматы маңындағы "Сұңқар" питомнигінде оңалтудан және бейімделуден өтті. Барлық ветеринарлық тексерістер жүргізіліп, құстардың дені сау әрі ұшуға дайын екеніне көз жеткізілді”, – дейді Бекжан Бердіқұлов.

Фото: Stan.kz
Маманның айтуынша, Қазақстандағы ителгі популяциясының жағдайы алаңдатарлық деңгейге жеткен. Кейбір деректерге сәйкес, 1990-2012 жылдар аралығында құстың саны 73-79% қысқарған. Егер 2012 жылы елде 1000-1500 ұялайтын жұп болғаны айтылса, 2023 жылға қарай көрсеткіш 650 жұптан төмендеген.
"Тарихи деректер де құлдыраудың ауқымын көрсетеді. 1970 жылдары Қазақстанда 15 мыңнан астам жұп ұяласа, 1990 жылдары бұл сан шамамен 5 218 жұпқа дейін азайған. Ал 2010 жылға қарай небәрі 2 030 жұп қалған. Осылайша, жарты ғасыр ішінде популяция 90%-дан астам төмендеген. Қазір Қазақстанның Қызыл кітабы ителгіні "жойылып кету қаупі бар" санатына жатқызады. Ал BirdLife International мұндай түрді IUCN Қызыл тізімі бойынша Endangered (қатер төніп тұрған) деп бағалайды", – дейді Бекжан Бердіқұлов.

Фото: Stan.kz / Зоология институты, Орнитология және герпетология зертханасының меңгерушісі Бекжан Бердіқұлов
Сонымен қатар маман елде ителгінің нақты санын анықтау үшін кең ауқымды ғылыми зерттеулер қажет екенін атап өтеді. Осы бағытта Қазақстан Экология министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлеген. Сарапшы Бекжан Бердіқұлов ителгі санының кемуіне әсер етіп отырған бірнеше негізгі факторды атап көрсетеді.
"Біріншіден, браконьерлік және заңсыз аулау – басты қауіптердің бірі. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан аумағынан жыл сайын шамамен 1000-ға жуық ителгінің заңсыз тасымалданғаны туралы деректер бар. Әсіресе ұрғашы құстардың көптеп ұсталуынан табиғи ортада жыныстық тепе-теңдік бұзылған. Екіншіден, жоғары вольтты электр желілерінен тоққа ұшырау да құстардың жаппай қырылуына әкеліп отыр. Осыған байланысты құстарға қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі жиі көтерілуде. Үшіншіден, тіршілік ортасының бұзылуы мен қорек тапшылығы да үлкен рөл атқарады. Кейінгі жылдары кеміргіштер санының күрт азаюы кейбір аймақтарда ителгілердің ұя салуын тоқтатуына себеп болған. Тіпті жекелеген таулы өңірлерде кейінгі бес жылда кеміргіштердің мүлде жоғалып кеткені туралы деректер кездеседі", – дейді орнитолог Бекжан Бердіқұлов.
"Алтынемел кездейсоқ таңдалған жоқ”
Орнитолог Бекжан Бердіқұловтың пікірінше, Алтын-Емел ұлттық паркі – бұрын ителгі популяциясы жойылған аймақтардың бірі.
"Аумақ кездейсоқ таңдалған жоқ. Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – ерекше қорғалатын аумақ, әрі бұрын ителгі популяциясы жойылған аймақтардың бірі. Алтынемелдің таңдалуы нақты экологиялық және ғылыми критерийлерге негізделген. Қолайлы табиғи мекен, кең ашық алаңдар, қорегінің (жемтігінің) молдығы және әлемдегі негізгі сұңқар көші-қон маршруттарының бірінде орналасуы. Қолайлы ландшафт пен қоректің мол болуы құстардың бейімделуіне және парк аумағында жаңа ұялайрдың қалыптасуына жағдай жасайды деп үміттенеміз", – дейді орнитолог Бекжан Бердіқұлов.
Сарапшының сөзінше, сұңқарлардың, соның ішінде ителгілердің тұрақты көбеюі бірнеше маңызды шартқа байланысты. Олар:
- заңсыз аулауға қарсы күресті күшейту;
- электр желілерінің құстарға қауіпсіз болуын қамтамасыз ету;
- ителгілерді көбейтуге арналған арнайы орталықтар құру.
Фото: Stan.kz
Ғалым ителгі Қазақстан даласындағы жоғарғы деңгейдегі жыртқыш құс екенін атап өтеді. Ол табиғи экожүйедегі тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан оның санын қалпына келтіру тек бір түрді қорғау емес, тұтас дала экожүйесін сақтауға бағытталған қадам ретінде қарастырылады.
Бұдан бөлек іс-шара барысында Кербұлақ ауданының әкімі Жанат Жүнісбеков Сауд Арабиясына сұңқарларды ұшыру арқылы "Алтынемел" ұлттық паркіне тіршілікті қайта әкелгені үшін алғыс білдіріп, бұл бастаманы болашақ ұрпақ үшін құнды үлес деп атады.
"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты