Алтынбек Сәрсенбаевтың көз жұмғанына 20 жыл: Оппозиционердің өлімі туралы не белгілі
Фото: Stan.kz
Осыдан 20 жыл бұрын 2006 жылғы 13 ақпанда сағат 11:40-та Алматы облысы Талғар ауданында “Көктөбе” және “12 бригада” ауылдары арасындағы елдімекен жолының шетінде оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың, оның жүргізушісі Василий Журавлёв және күзетшісі Бауыржан Байбосынның денелері табылды. Алтынбек Сәрсенбаев қандай саясаткер болды, неге қарсы шықты кімдерді сынады? Stan.kz редакциясы Алтынбек Сәрсенбаевтың өмірі мен саяси жолына қатысты негізгі деректерді жинақтап, оқырман назарына ұсынады.
Алтынбек Сәрсенбаев 1962 жылы 12 қыркүйекте Алматы облысының Қайнар ауылында дүниеге келген. Алтынбектің ата-анасы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Екеуі де ұлын өз қолымен жер қойнына тапсырды.
23 жасында Алтынбек Сәрсенбаевтың екі жоғары білімі болды:
Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Қазақ ұлттық университеті);
Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы.
Мәскеуде ол болашақ жары Салтанат Атушевамен танысқан. Салтанат та Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыған. Ерлі-зайыпты екі баланы дүниеге әкелді: үлкен қызы – Шолпан, кішісі – Бекжан. Мәскеу университетін бітіргеннен кейін Алтынбек түрлі БАҚ-та редактор болып жұмыс істеді, соның ішінде КазТАГ та бар.
Бес жыл баспасөз саласында жұмыс істегеннен кейін ол мемлекеттік органдардағы алғашқы қызметіне кірісті. Алтынбек Сәрсенбаев президент аппаратының мәдениет бөлімін басқарды. 1992 жылдан 2004 жылға дейін ол он жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнады. Бір кездері ол Баспасөз және ақпарат министрлігін, Мәдениет министрлігін және басқа да мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызмет атқарды.
Фото: Видеодан скрин
2001 жылы Сәрсенбаев сол кездері премьер-министр болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясын құрған әріптестерін қызметтен алу шешімін ашық сынады.
“Мен премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесін өте дұрыс емес деп санаймын. Өйткені “Қазақстанның демократиялық таңдауы” атты жаңа қозғалыстың пайда болуы соншалықты қорқынышты құбылыс емес. Бұған сабырмен қарау керек. Сондай-ақ “бұл адамдар үкіметтің бағытына қарсы шықты, сондықтан қызметтен кетуі тиіс” деген пікірмен келіспеймін. Бүгінгі күнге дейін мен “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын қолдаушылар көтерген құжаттардан үкіметтің нақты ұстанымын көрген жоқпын. Бұл мәселелер үкіметте талқыланып, белгілі бір шаралар мен шешімдер қабылданған. Ал бұл жігіттер сол шешімдерге қарсы пікір білдірді. Яғни, аталған мәселе бойынша үкіметтің нақты ұстанымы болмаған. Ұстаным болмағандықтан, олар үкіметтің ресми позициясына қарсы шықты деу дұрыс емес. Олар алаңдаушылық білдіріп, саяси реформаларды жеделдетудің балама нұсқасын ұсынды. Меніңше, бұл қалыпты жағдай. Қоғамды және адамдарды дүрліктірудің қажеті жоқ”, – деп сұхбат берді Алтынбек Сәрсенбаев.
Алайда осы жағдайдан кейін бірнеше ай өткен соң Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды.
Оппозиция
2003 жылдың соңында Сәрсенбаев елге оралып, “Ақ жол” партиясының бірлескен төрағасы болды. 2004 жылдың шілде айынан бастап ол ақпарат министрі болып тағайындалып, бұл лауазымда 3 жыл отырды. Алайда дәл осы кезеңдегі бастамалары көпшіліктің есінде қалды.
“Біз журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарын “жала жапты” деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартуды тоқтатуды ұсынамыз. Журналист өз қызметін атқару барысында, тіпті қателік жіберсе де, қылмыскер болмау керек. Қателесу – барлық адамдарға тән қасиет, оның ішінде жоғары лауазымды басшылар мен журналистер де бар”, – деген еді Алтынбек Сәрсенбаев 2004 жылы ақпарат министрі қызметін атқарып жүрген кезде.
Алтынбек Сәрсенбаев тәуелсіз баспасөз құралдарының тіркелуіне белсенді атсалысты. Сол кездері ақпарат таратушы БАҚ-ты “материалдары біржақты”, “Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” партиясы мен Дариға Назарбаеваның “Асар” партиясының мүддесі үшін жұмыс істейді” деп сынады.
Фото: “Шынның жүзі” бағдарламасы/Видеодан скрин
2004 жылдың күзінде Қазақстанда парламент сайлауы өтті. “Отан” партиясы дауыстың 60%-ын, “Ақ жол” – 12%, ал “Асар” – 11% дауыс жинады. Тәуелсіз бақылаушылардың бағалауынша “Ақ жол” партиясы іс жүзінде 30% дауыс жинаған. “Ақ жол” партиясының бес бірлескен төрағасының бірі болған Сәрсенбаев сайлаудың бұрмаланғанын айтып, өз еркімен қызметінен кетті. 2005 жылы “Ақ жол” партиясында бөлініп, бірлескен төрағалар институты жойылды. Одан кейін партияны Алихан Байменов басқарды. Басқа бірлескен төрағалар, соның ішінде Сәрсенбаев, жаңа “Нағыз ақ жол” партиясын құрды.
2005 жылы оппозиционер өтірік айту (жала жабу) ісі бойынша жауапкер ретінде сот алдында жауап берді. Талапкер – “Хабар” ақпарат агенттігі. Бұған дейін Сәрсенбаев Дариға Назарбаеваны сынап, оның медиахолдингі “Казахстанский Центр-ТВ” ЖШС-ін елдегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдарын бақылап, мемлекеттік қаражатты жымқырып отыр деп айыптады. Медиахолдингтің құрамында “Хабар” агенттігі де болды. Телеарна бұл мәлімдеме олардың беделіне нұқсан келтірді деп санады. Сот талапты қанағаттандырып, оппозиционерді телеарнаға 1 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Сол 2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдерін жиі сынға алатын саясаткер Заманбек Нұрқаділовке де қастандық жасалып, өз үйінде өлі табылды. Оның басына үш оқ және кеудесіне оқ атқан. Сәрсенбаев пен Нұрқаділов бірге жұмыс істеп, серіктес болмаған. Бірақ оларды көбі тағдырлас деп санайды. Алтынбек Сәрсенбаев Нұрқаділовтің қазасынан соң үш айдан кейін өлі табылды.
Саясаткердің өлімі
2006 жылғы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбаев, оның күзетшісі Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Владимир Журавлев жоғалып кетті. 13 ақпанда олардың денелері Талғар ауданындағы жол шетінде табылды. Олардың бастарына оқ атып, қолдарын кісендеп кеткен.
Фото: azattyq.org
2006 жылғы 25 ақпанда кісі өлтірді деген күдікпен Сенат аппаратының басшысы Ержан Утембаев ұсталды. 2 наурызда Утембаев сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өз кінәсін мойындап хат жазған. Хатта оппозиционерді өзінің абыройын қорғау үшін өлтіргенін айтқан. Сондай-ақ ол өзінің тапсырмасын Ұлттық қауіпсізк комитетінің “Арыстан” арнайы жасағы орындағанын жазған.
Фото: Мирас Нурмуханбетов
2006 жылдың жазында Ержан Утембаев 20 жылға сотталып, оның сегіз жыл мерзімін түрмеде өтеп, 2014 жылы бостандыққа шықты. 2018 жылғы маусым айында жүрек талмасынан қайтыс болды.
Ал кісі өлтірді айыпталған Рустам Ибрагимов өмір бойына сотталды.
Фото: kloop.kg
2012 жылы Ибрагимов Утембаевтің бұл іске еш қатысы жоғын айтып, бұл мәселені Жоғарғы сотқа жеткізді. Оның айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс берген – Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев. Рахат Әлиев шетелде жүріп өзіне қатысты барлық айыптауларды жоққа шығарып, олардың саяси астары бар екенін айтты. Кейін өзі жазған “Крестный тесть” кітабында ол оппозиционердің өліміне кінәлілердің жоғары лауазымда отырғанын атап өтті.
2024 жылдың қысында өмір бойына сотталған Рустам Ибрагимов Сәрсенбаевтің өліміне еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Қазір Ибрагимов Қостанай облысындағы “Қара бүркіт” түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
Кейін саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілерінің соңғы сағаттарының хронологиясы жарияланды.
2006 жылғы 13 ақпанда сағат 11:40-та Алматы облысының Талғар ауданында, “Көктөбе” мен “12 бригада” ауылдарының арасындағы елдімекен жолының шетінде Алтынбек Сәрсенбаевты, оның жүргізушісі Василий Журавлёв пен күзетшісі Бауыржан Байбосынның жеке тұсынан оқ тиген денелері табылды.
“Время” газеті саясаткердің соңғы сағаттарын былай деп жазды:
2006 жылы 11 ақпан, сенбі күні, Алтынбек Сәрсенбаев оппозициялық “Нағыз Ақ жол” партиясының кеңсесінде өз әріптесі Ораз Жандосовпен бірге жұмыс істеді.
Сағат 20:35-те Сәрсенбаев Болат Әбіловке телефон соқты. Жақсы көңіл-күйде болып, қалжыңдасқан. Екеуі дүйсенбіде кездесуге уәделесіп, қоштасты.
Сағат 20:38-те ол Төлеген Жүкеевке телефон соғып, жексенбі күні бірге тауға шығуға шақырған. Жүкеев бас тартты, дүйсенбіде кездесуге уәделесті.
Сағат 20:40-та Жандосов пен Сәрсенбаев партия кеңсесінен шықты. Сәрсенбаев қала орталығына бет алды. Көлікте жүргізушісі Василий Журавлёв және күзетші Бауыржан Байбосын болған.
Сағат 21:00-де Сәрсенбаев өз нағашысы Нұрланға телефон шалып, жексенбі күні бірге тауға шығуды ұсынған. Нұрлан жиенінің ұсынысын қабылдап, жексенбі таңертең кездесуге келіскен.
Сағат 23:00-ден бастап Алтынбек Сәрсенбаев, оның жүргізушісі мен күзетшісі байланысқа шықпаған. Дүйсенбі күні 13 ақпанда Алматының таулы аймақтарында, “Көктөбе” мен “12 бригада” ауылдарының арасындағы жол шетінде мал бағып жүрген бала үш адамның мәйітін тауып, полицияға хабар берді. Тексеру кезінде бірінің қалтасынан Алтынбек Сәрсенбаевтың құжаттары табылды. Полиция үшеуінің де артынан оқ жарақатын алып, соңғы оқ желке тұсына тигенін анықтады. Жүргізуші мен күзетшінің қолдары капрон жіппен байланған. Жақын жерде қардан джип көлігінің жүріп өткен ізі табылды.
Алтынбек Сәрсенбаев пен оның серіктерінің кеңседен кеткен көлігі “Тойота-Камри” сол дүйсенбі күні кешке “Саяхат” автовокзалы маңынан табылған. Көліктің қобдишасында саясаткердің күзетшісіне тиесілі “Оса” резеңке оққа арналған тапаншасы болған.
14 ақпан, сейсенбі күні, Алматыда Ішкі істер департаментінде полиция баспасөз конференциясын өткізіп, кісі өлімі болғанын растады.
2006 жылы 15 ақпанда Алматыда Алтынбек Сәрсенбаевтың жерлеу рәсімі өтті.
Бұрынғы оппозиционер Жармахан Тұяқбай саясаткердің қазасынан кейін мәлімдеме жасады.
“Сәрсенбаевтың өмірінің осылай үзілуіне жеке, тұрмыстық та, іскерлік те себеп жоқ еді. Біз мұның сөзсіз саяси тапсырыс екеніне сенімдіміз. Мұндай тапсырысты берген адам ең қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс! Бұл – елімізде орныққан саяси режимнің салдары екенін білеміз. Егер бұл қылмыс жуық арада билік тарапынан ашылмаса, онда бұл биліктің өзі кінәлі дегенді білдіреді. Биліктің бұған қатысы бар деген сөз! Бүгін біз кісі өлтіруді нақты кім жасағанын айта алмаймыз, бірақ шамалап отырмыз. Біз Конституцияның кепілі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына жауапты президент қайда деп сұраймыз?! Біз президенттен жақын арада өз халқына есеп беруін талап етеміз”, – деді Жармахан Тұяқбай.
Ақпан айының екінші жартысында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, атап айтқанда төраға Нартай Дүтбаев пен екі орынбасары Владимир Божко мен Қозы-Көрпеш Кәрбозов, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі “Арыстан” арнайы жасақ командирі Сейітжан Қойбақов отставкаға кетті. Олар Алтынбек Сәрсенбаевтің өліміне қатысты істі тексеру кезінде ҰҚК қызметкерлерінің қатысы бар деген ақпарат шыққаннан кейін шыққан даудан кейін қызметтен кетті. Қозы-Көрпеш Кәрбозов пен Владимир Божкоға қатысты барлық отставкалар қабылданды. Владимир Божко ҰҚК төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Алтынбек Сәрсенбаевтың айтқандары:
Саясаткер “Шынның жүзі” деген бағдарламаға берген сұхбатында жалданбалы мақалалар туралы сөз қозғады.
“Қазақ журналистикасы қазіргі кезеңге дейінгі мектебінде жалданбалы мақалалар жарияланбаушы еді. Шер ағаң болсын, Сейдахмет, Оралхан ағамыз болсын. Бұл кісілерге жалдамалы мақала айтқызу немесе жаздыру мүмкін емес. Басқа редакторлардың көпшілігі де сондай болатын. Қазір коптеген редакторлар жалданбалы мақалаларға жиі жол береді. Ол нарықтың да әсері болу керек. Себебі газеттер күн көру керек”, – деген еді.
“Ашық саясатқа келгелі аяғыңыздан шалған адамдарды мысқылмен түйреп жүрсіз” деген сөзіне Алтынбек Сәрсенбаев былай деп жауап берді7
“Ол мені аяғымнан шалғандықтан емес, бүгінгі күні олардың қоғам үшін теріс қызмет атқарып жүргендігінен. Егер олар саясаттан кетіп қалған адамдар болса, мен оларды атамауым да мүмкін еді. Ондай адамдар көп. Кезінде жұмыс барысында әр түрлі жүрістер жасап, мемлекет басшысын, мені орға жықпақ болған адамдар болған. Олардың көбі қазір саясатта жоқ, сондықтан оларды атау қажет емес деп есептеймін. Мен атап жүрген адамдар осы кезеңде халқымызға өте зиянды қызметтер атқарып отыр. Сондықтан олардың бетпердесін ашуды қажет деп ойлаймын.
“Менің мақсатым – елдегі жағдайды жақсы жағына қарай өзгерту. Қазба байлыққа аса бай мемлекеттің азаматтары да сол Тәңір сыйлаған байлыққа сәйкес жақсы, бақуатты өмір сүруі керек. Мен осыны қалаймын”.
“Егер біз құбылмалы дүниенің ығына жығылатын болсақ, онда халықтың сенімінен айырыламыз”.
“Ұлтты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Мемлекеттік саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемлекеттік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді”.
“Қазақты кедейшіліктен құтқарудың жалғыз жолы – демократия”.
“Бүгінгі мемлекеттік қызметтегі бюрократияның 95 пайызы – қазақ ұлтының өкілдері. Егер сол 95 пайыз қазақша сөйлесе, онда бұл проблема шешіледі. Бұл – қолдан жасалып отырған проблема”.
“Егер ұлттық зиялыларымыз саясатты жасаудан қорықса, үріксе, не одан сырт қалса, онда біздің еліміздегі саясатты өзгелер жасайтын болады”.