"Алты ай депрессияда жүріп, психотерапевтпен жұмыс істедім": Дана Нұржігіт экс-күйеуі соңынан аңдығанын айтты (видео)
Танымал журналист, экс-сенатор Дана Нұржігіт ажырасқан соң екінші күйеуі соңына түсіп, аңдығанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Медиа маманы Дана Нұржігіт журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында, ажырасу сауатты адам үшін қалыпты жағдайда өтетінін айтты.
“Екінші жолдасыммен ажырасқан соң, ол соңымнан аңдып жүрді. Менің өмірімде де осындай жағдай болды. Қазір құлағаннан кейін қалай аяққа тұру керегін жақсы білемін. Бірінші жолдасым, баламның әкесінен ажырасқан кезде бір-біріміздің көңілімізге тиетін сөздер, түрлі жағдайлар болды. Соңында, бір-бірімізді түсіндік. Сол кезде мәдениетті түрде ажырасудың не екенін түсіндім. Яғни, білімді адам үшін мұндай кезең қалыпты жағдайда болады. Ал адамға түсіндіру мүмкін болмаған кезде, неге ажырасамыз деген сынды сұрақ туындайды. Мұны ондай адамға қалай түсіндіруге болады”, – деді медиа маман.
Сондай-ақ ол 6 ай бойы депрессияда болып, психотерапевтпен жұмыс істегенін айтты.
“Қазақстанда сталкинг (аңду) заңды бұзу болып есептелмейді. Тіпті ол тіркелмеген. Әдетте, аңдушылар өздерінің құрбаны туралы ақпаратты жинай бастайды. Алайда ол сіз туралы бәрін білетін бұрынғы күйеуіңіз болса, оқиғалар одан да жоғары жылдамдықпен дамиды”, – дейді Дана Нұржігіт.
Еске салайық, журналист тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан еді. Медиа маманы моральдық-психологиялық қысымға ұшырап, денсаулығына зардап келгенін жеткізген.
Кейіннен Дана Нұржігіт екінші рет тұрмысқа шығып, кейін жолдасымен соттасып жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ экс-сенатор Дана Нұржігіт ұзаққа созылған сот процесінің біткенін жеткізген.