Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайырымды жастар алма сатып науқас қыздың еміне 12 млн теңге жинап берді

Бүгін екі бүйрегі істен шыққан Жәнел Жайлауованың анасына отаға қажетті 12 млн теңге табысталды. Алматы еріктілер ұйымы осылайша екі ай бұрын берген уәделерін орындады. Енді аталған ұйым өзге мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын.

14709413_1674943906149760_4719419960173002752_n

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Жәнел Жайлауованың 5 жасқа дейін бір бүйрегі жұмыс жасамай келген. Қазір бүлдіршіннің қос бүйрегі істен шыққан. Оған қажетті ем-дом шараларын Израиль мемлекетінің дәрігерлері көрсете алады екен. Ол үшін 12 млн теңге қажет болған. Алайда доллар бағасының өсуі салдарынан бұл сома бірнеше есе өсіп кетеді. Енді Жәнелдің ата-анасы қыздарын Қазақстанда емдетуге шешім қабылдап отыр.

Қажет 12 млн теңгені Алматы мен өзге бірнеше қаладағы “Қайырымды жандар” ұйымы жинап берді. Олар соманы жинау үшін түрлі шара ұйымдастырған-ды. Ақтаулық жастар осы уақытқа дейін концерт қойып, түскен ақшаны Жәнелдің банктегі шотына аударған. Ал алматылық жастар қаланың шеткі аудандарынан алманың килограмын 120 теңгеден сатып алып, оны қала ішінде 600 теңгеден сатқан. Осылайша, түскен пайданы толықтай Жәнелге деп жинап отырған.

3E0A1296

Бүгін, қарашаның 30-ы күні Жәнелге қажетті сома анасына табысталды. “Қайырымды жандар” ұйымы мен Жәнелдің анасының арасында ресми келісім-шарт жасалған-ды. Себебі, аталған ұйым еш жерде тіркелмеген.

“Жәнелдің анасына ақша аударылмас бұрын, қорғаушылармен екі жақты келісім жасадық. Бұл құжатта барлығы қамтылған. Өйткені, Жәнелдің анасының бізге сенбеуге толықтай құқығы бар. Біз – мемлекетке тіркелмеген ұйымбыз. Жиналған соманы алып кетсек те, бізден ешкім есебін сұрамайды. Сол себепті, Анар ханымның жүрегі тыныш болсын деген ниетпен осындай қадамға бардық”, – дейді “Қайырымды жандар” ұйымының негізін салушы Мәулен Алғазы.

3E0A1276

Еріктілер ұйымының мүшесі Әйгерім Тілеубергеннің атсалысуымен Асқар Жантөрин атындағы қор бүлдіршінге бүгін 2 млн теңге аударды. Ұйым халық алдында есеп беруі үшін ақшаның шотқа аударылуын күтіп жүрген екен. Яғни Жәнелге “Қайырымды жандар” ұйымының атынан 10 млн теңге, Асқар Жантөрин қоғамдық қорының атынан 2 млн теңге және Қазақстанның өзге қайырымды жандарының атынан 400 005 теңге табысталды.

3E0A1315

“Табылған донор кісінің тәнінде кішкене кінарат болса, ол отаға жармайды. Оның тырнағы мен тісіне дейін тексеріледі. Дәлірек айтсақ, қаражат тек Жәнелге емес, донорға да жұмсалады. Ал біз ұйымымыздың атынан Жәнелге денсаулық тілейміз. Ең бастысы, аман-есен жазылып, ортамызға қосылсын. Қоғамға жақсылық жасаудан таймасын. Әлемді мойындатар дизайнер болсын. Жалаңаш жүрген мұқтаждардың жыртығын бүтіндесін. Ал біздің тобымыз өз жұмысын тоқтатпайды. Бұдан да ауқымды шаралар жасайды”, – дейді Мәулен.

Жәнел анасына “Өскен кезде мен де қайырымдылық жасаумен айналысатын боламын. Менде мұқтаж жандарға көмектескім келеді” деп айтады екен. Анасы қызының осы сөздерін еске ала отырып барша жиналған қауымға алғыс айтты.

14590982_664469803733055_3783993451951947776_n

“Алматылықтар, шымкенттіктер, ақтаулықтар, барлықтарыңызға алғысым шексіз! Сіздерге Алланың нұры жаусын. Бақытты болыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын. Отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Жақсылықтарыңыз Алладан мың-мыңдап қайтсын! Қазір қатты толқып отырмын. Осылай шара ұйымдастырып, салтанатты түрде табыстап жатқандарыңызға да көп рахмет!

Жастар барда біздің балаларымыздың болашағы жарқын болатынына сенемін. Қызымның әлі де мектепке барып, қатарластарымен асыр салып ойнағанын көремін деген үміттемін. Бұйырса, отадан кейінгі жаңалықтарды да өздеріңізбен бөлісіп отырамын. Барлығы сіздердің арқаларыңыз”, – дейді Жәнелдің анасы Гауһар Аманжол.

фыцы

Шетелде ота жасауға қаражат жетпегендіктен, бүлдіршіннің ата-анасы отандық мамандардың көмегіне жүгінбек. Әзірге отаның нақты қай күні жасалатыны және отаны қай дәрігердің жасайтыны белгісіз.


Жіберіп алмаңыз:

«Қазақстан аруы – 2016» қатысушылары қайырымдылық шарасын өткізді

Нобель сыйлығының иегері 1 миллион долларды қайырымдылыққа жұмсап жіберді

Мүгедек қалпынан аяққа тұрған қыз тұрмысы төмен болса да қайырымдылықпен айналысуда

Марк Цукерберг 3 млрд долларын қайырымдылыққа берді

Талқылау