Алматыда жоғалған курсанттың полициядан әдейі қашып жүргені айтылды
Ал Алматыда жоғалған курсант әлі табылған жоқ! Ал, бүгін еріктілер 18 күннен бері хабар-ошарсыз кеткен Ахат Исмагиловты іздеу шараларын тоқтатып тастады. Олардың ойынша, іздеген адамы қашып жүр, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
Себебі, жігіттің қалада емін-еркін жүргенін бірнеше тұрғын көріпті. Тіпті, ол маңайдағылар танымасын деп, бет-жүзін жасыра қояды екен. 19 жастағы жігітті мұндай әрекетке не итермелегені белгісіз. Ал анасы жағдайға Ішкі істер академиясындағы әлімжеттік себеп деп отыр.
Ахат Исмагилов 18 күн бұрын сабақтан сұранып шығып, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Білдей Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының курсанты құқық қорғау орындарын да, еріктілерді де аяғынан тік тұрғызды. Анасы да Теміртаудан дереу жетіп, көше кезіп перзентін іздеген еді. Енді, міне, еріктілер оның ешқайда жоғалмағанын айтып отыр. Олардың ойынша, жігіт жасырынып жүр.
“Ол бет-жүзін жасырып, өзін іздеген адамдардан қашып жүр. Жігіттің аман-сау көше кезіп жүргенін бірнеше адам көрген. Ал біз оны табу үшін барымызды салдық. Қаншама қаражат жұмсадық, жүйкемізді жұқарттық. Ол бұған мүлдем лайықты емес. Сондықтан біз іздеу шараларын тоқтатамыз”, – дейді «Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі» бастамашыл тобының мүшесі Ислам Угушев.
Курсанттың қаланың қақ ортасында жайбарақат жүргенін бірнеше адам көріпті. Тіпті банкоматтан ақша алып жатқаны камераға түсіп қалған. Ал перзентін таппаған анасы амалсыздан үйіне қайтып кетіпті. Ол баласының қашып жүргені рас болса, бұған оны Ішкі істер академиясында болған жағдай итермелеген деп отыр.
“Академиядағылар жақ ашып ештеңе айтар емес. Ештеңе білмейміз дейді. Менің ойымша, балама сол жерде бірдеңе болған. Одан хабар алмағаныма 18 күн өтті. Құқық қорғау орындарының да жұмысы нәтижесіз”, – дейді Ахат Исмагиловтың анасы Татьяна Синева.
Жігіттің бұл академиядан тез арада кеткісі келгені де белгілі. Дегенмен, тәртіп сақшылары әлімжеттік туралы әңгімені бірден жоққа шығарған. Ал, курсанттың қасақана қашып жүргенін растап отыр.
“Өз еркімен кетіп, өз туыстарымен хабарсыз кетіп отыр. Яғни ол Алматы қаласының төңірегінде екені мәлім. Яғни шығып кеткен жоқ”, – дейді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жігітті өзі оқыған академиядағылар да сабыла іздеп жүр. Ал құқық қорғау орындары курсантты жақын арада тауып, ата-анасына сау күйінде жеткіземіз деп сендіруде.
Жіберіп алмаңыз:
Ағылшын азаматы әйеліне Головкиннің шапанын сыйлады
Талдықорған тұрғыны 10 мың теңгеге сауда жасап көлік ұтып алды
Ақтөбедегі балабақшада үш жасар сәбидің ерні жырылып тісі сынған