Алматыда жас ана шиеттей төрт баласымен бірге қайыр сұрап отыр
Алматыдағы Қалқаман-2 мешітінің алдында шиеттей төрт баласымен бірге жас ана қол жайып, қайыр сұрап тұр. Қақаған қыста көшеге шығып, көмек сұрауға келіншекті жоқшылық мәжбүрлеген. 3 күннен бері нәр татпаған отбасы жұма намаздан кейін жайылған дастарханды жағалап жүр екен.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Азық-түлігін мешіттен алып жан бағып жүрген Гүлмира Қайыпова әр жұма күні осында келіп, қайыр тілейді екен. 4 балама төленетін 30 мың теңгелік жәрдемақы ештеңеге жетпейді -дейді ол. Қалада көмек берер жақындары да жоқ көрінеді. Жоқшылықтан әбден қажыған көп балалы ана барар тау, басар жерім қалмады – деп күйінеді.
“Аптасына бір рет келемін, баламның смесін аламын, сүтін аламын, нан аламын. Қиналып кеттім жалғыз өзім 4 бала-шағамен, өзім шыдай алмай кетемін, пышақ тығамын да өле саламын, шаршадым, уже шамам жоқ. Ұйықтай алмаймын, 3 күннен бері тамақ жеген жоқпын, нәр тартпадым”, – дейді Гүлмира Қайыпова.
Ал балалардың әкесі түрмеден босап шыққан азамат көрінеді. Мешіттен жинап келген ақшамды, тепкінің астына алып, тартып алады -деп зар илейді келіншек. Соққыдан әбден жәбір көрген оның сау-тамтығы қалмаған, шашы жұлынып, басы жарылып, бетінің барлығы көгеріп тұр.
“Қашып кетті ұрып-ұрып, мойнымды қылқындырып. Есімді жинасам бала-шағамызбен бәрін ұрып тастады, шетінен больницаға түстік. Мирасты да ұрды, Тамерланды да ұрды больницаға түстім. Қызымды зорламақшы да болды. Мен бәрін айттым, әкімшілікке де айттым, полицияға да айттым”, – дейді көпбалалы ана.
Жығылғанға жұдырық болып, жалдамалы пәтердің қожайындары «үйден шық!» деп қуып жатқан көрінеді. Келіншек үкіметтен бір көмек болып пәтер алсам, өзіммен-өзім тұрып кетер едім деп басшылыққа біз арқылы өз назын жеткізуге тырысты.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбедегі өрт: Аман қалған бес науқасқа ауруханада қарулы күзет қойылды
Жетім балаларды асырап алғандар табыс салығынан босатылады
Алматыда автобус жүргізушісін жол бойында ұрған жігіт ұсталды
2018 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы қалай өзгереді