Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда «Томирис» фильмінің продюсері жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Алматыда жақындары мен туыстары «Томирис» фильмінің продюсері Анна Шәкіртованы іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

Анна Шәкіртова

Продюсердің туыстарының сөзінше, Анна Шәкіртова 2 шілдеде кешкі сағат 21:20 шамасында Қабанбай батыр және Қонаев көшелерінің ауданындағы үйінен шығып кеткен. Сол күні көршілері мен сол маңнан өткен адамдар оны көрмепті. Продюсердің күйеуінің айтуынша, бұған дейін әйелі ешқашан жоғалып, хабарсыз кеткен емес.

«Сол күні кешкі сағат 20:00 шамасында Анна менің жұмысымнан шығып, үйге кеткен. Жолай ол дәрі-дәрмек алу үшін дәріханаға кіріп, үйге жетіпті. Біздің кәмелетке толған бір ұл, бір қызымыз бар. Сол күні кешке әйелім ұлымды дүкенге жіберген. Алайда ол қайтып оралғанда, әйелім үйде болмаған. Анна – өте жауапты. Оның бізге ескертпей кетіп қалуы мүмкін емес.

Менің қолымда дәріханадағы бақылау камерасынан алынған жазба бар. Онда әйелімнің үстінде қандай киім болғаны анық көрінеді. Ол үстіне үйде киіп жүрген киімін киген», – дейді продюсердің күйеуі Мұрат Нұғманов.

Сонымен қатар ол әйелінің телефонын үйде қалдырып, қуаттандырғышқа қосып кеткенін айтты.

Мұрат Нұғманов әйелі туралы қандай да бір мәлімет білетіндерден +7 707 272 0945 нөміріне хабарласуын сұрайды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау