Алматыда семіздікке шалдыққандардың асқазанын операциямен кішірейтіп жатыр
Семіздіктің сергелдеңі! Елімізде 4 миллионнан астам адам осы кеселдің азабын тартып жүр. Аз қимылдап, көп тамақтанамын деп денесін май басқандардың көбі – әйелдер. Мұндай науқастардың көбеюі дәрігерлерді қатты алаңдатуда. Өйткені, май басудың арты бауыр, қант диабеті сияқты ауруға әкеледі. Тіпті, содан өліп жатқандар көп. Ал, асқынған семіздікпен тек бариатрикалық ота арқылы күресуге болады. Оның өзі де бізде қолжетімсіз, деп хабарлайды КТК арнасы.
Семіздік – әлем бойынша өршіп тұрған қауіпті дерт. Бізде оған халықтың 23 пайызы, яғни, 4 миллионы шалдыққан. Әсіресе, 40-43 жастағы әйелдер аурудың азабын көбірек тартып жүр. Ал, бұған олардың қомағайлығы мен жалқаулығы себеп.
«Адамдар қимылдауды қойған. Әрі тамақты көп жейді. Сөйтіп, семіздік асқына береді. Уақыт өте келе науқас өздігінен арықтай алмайтын жағдайға жетеді. Ондай кезде ешбір диета да көмектесе алмайды», – дейді Израильдік хирург Игорь Дашковский.
Семіздіктің тиімді емі – бариатрикалық ота. Ол арқылы науқастың асқазанын кішірейтіп, тамақ жеуін азайтуға болады. Сөйтіп, 1 жыл ішінде едәуір салмақ тастайды екен. Бізде мұндай операцияға мұқтаж адам көп болғанымен, жылына бар-жоғы 100 рет қана жасалады.
«Бізде жылына кемі 4 мың ота жасалуы керек. Бірақ, қазір 100 ғана операция жасалады. Өйткені, оның бағасы қолжетімсіз. Бариатрикалық хирургия арқылы артық салмақтан арылу құны елімізде 500 мыңнан басталып, 1 жарым миллионға дейін жетеді», – дейді хирург Орал Оспанов.
Ал, министрлік квота бөлуге асығар емес. Әрі елімізде семіздікке шалдыққандарға мүгедектік те берілмейді. Соның кесірінен, дер кезінде көмек көрсетілмей, қайтыс болып жатқандар бар. Өйткені, денені басқан май түрлі гормондар бөледі екен. Әрі бауыр, қант диабеті кеселдерін туындатады.
Сондықтан, отандық дәрігерлер білмегенін шетелдік мамандардан үйренуге кіріскен. Ол үшін Алматыдағы орталық ауруханаға израильдік мамандарды шақыртыпты. Қонақтар бариатрикалық хирургия бойынша шеберліктерін көрсетіп, бүгіннің өзінде салмағы 135, 170 келіні құрайтын әйелдерге операция жасады. Айтуларынша, бұдан кейін науқастар семіздіктен арылады. Ал, хирургтер біліктілігін арттырғанымен, операцияның қарапайым халыққа қашан қолжетімді болатыны белгісіз.
Жіберіп алмаңыз:
Екі бүйрегі істен шыққан 27 науқас емханадағылардың ем жасамайтынына шағымданды
Қазақстанда дәрі-дәрмек арзандайды
Оралда үш баланың анасы манты тамағынан уланып көз жұмды
Атырауда асханадан түскі ас ішкен 18 жұмысшы ауруханаға түсті