Алматыда пәтер иесі бұрынғы жалға алушысынан ақша талап етіп аяусыз ұрып-соққан (фото)
Алматыда пәтер иесі өзінің пәтерін жалға алған егде жастағы ер адамды аяусыз ұрып-соққан. Бұл туралы соққыға жығылған Владимир Пучковтың ұлы Алексей Пучков желідегі парақшасында жазды. Айтуынша, олар отбасымен бірге үш ай бойы жалға алып тұрған пәтердің иесі пәтерді жалға алатын басқа адам таба алмағандықтан, Пучковтардан тағы бір айдың ақысын талап еткен. Қарсылық танытқан ер азаматты үй иесінің ұлы мен досы аяусыз ұрып сабаған. Жәбірленушінің көкірек қуысы сынған.
Суретте Владимир Пучков пен оны ұрып-соққан пәтер иесінің ұлы
Оқиға 28 қазан күні күндізгі сағат 12-де орын алған.
«Менің әкем Владимир Владимирович Пучковты біз соңғы үш айдан бері жалға алып тұрған пәтерде аяусыз ұрып-соқты. Жалға алу уақыты аяқталғандықтан, әкем үйдің кілтін апарып беруге кеткен. Алайда пәтер иесі Фарида Гафиатуллина одан тағы да бір айдың ақысын талап етті. Айтуынша, ол жаңа клиент таба алмағандықтан, енді шығынға батады екен. Әкем төлеуден бас тартқан, одан кейін Гафиатуллинаның ұлы мен оның досы Алиас Алтай әкемді ұрып-соға бастаған. 1.5 сағат бойы пәтерден шығармай, ақша талап еткен. Осы уақыт аралығында олар әкеме сес көрсетіп, бір топ қарақашыларды шақыратындарын айтып қорқытқан. Тіпті, көлігін өртеп, балаларына қастандық тигізетінін айтқан. Қайта ұрып-соға бастаған кезінде әкем маған хабарласып үлгерді. Жұбайым полицияға хабар берді, ал біз Руслан екеуміз әкемізге жүгірдік. Бірақ полиция келгенше есікті аша алмадық. Полицияға бірнеше рет хабарластым, олар жарты сағаттан соң келді. Әйтеуір полиция жетті ме деп қуандық, алайда олар ішке өздері кірді, ал біз сыртта қалдық. Есік ашылғанда бұрышта жатқан соққыға жығылған әкемді көрдім. Жедел жәрдем шақырттым. Біз сыртта тұрғанда Алиас Алтай полиция қызметкерін оңаша алып шығып, сөйлесті (фото)», – деп жазды жәбірленушінің ұлы.
Алексейдің айтуынша, одан кейін полиция екі тараптың келісімге келуін, жәбірленушілерге ешқандай арыз жазбауды ұсынған. Ал ауруханаға алып-ұшып жеткен Пучковтар әкелерінің көкірек қуысының сынғанын біледі. Одан кейін Алексей Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне барып, тергеушіден әкесінің арызын қабылдауды талап еткен. Тергеуші арызды қабылдағанын айтқанымен, Алексей оған күмәнмен қарауда.
«Арыз ба әлде түсініктеме жаздырды ма, оны білмейміз. Айтпақшы, жұбайымыз екеумізден әлі жауап та алынған жоқ. Тергеуші әкеме келіп жеткен кезде ол біздің көзімізше бөлімшеге хабарласып, қолға түскендерді жібермеуді айтты. Ал бүгін әрең дегенде тергеуші Мақұлбек Мәуленге хабарластым, ол бүгін демалыс екенін, алайда «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Ал қолға түскендер кешкі уақытта босатылған екен. Әкемнің кеуде қуысы сынған, қаншама жерден жарақат алды, оны пәтерде қинап ұстады, ұрып-соқты, ақша талап етті. Ал полицияның пікірінше, бұл қылмыс емес, жай ғана бұзақылық екен», – деп жалғады сөзін ашынған Алексей.
Пучков бұл істі бұлай қалдырмайтынын, прокуратураға, одан қалса, ІІМ-ге шағымданатынын айтты. Ол желі қолданушыларынан аталмыш жазбамен өз парақшаларында бөлісіп, ақпаратты таратуды сұрады.
Оның өтінішін алғашқылардың бірі болып танымал кинорежиссер, актер әрі продюсер Нұртас Адамбай орындады. Адамбай кінәлілерді жазаға тарту керек дегенді алға тартуда.
«Адамды қинап ұстау, ұрып-соғу – бұзақылық емес, нағыз бопсалаушылық», – деп жазды ол.
Оқи отырыңыз:
Ақтауда ерекше жол апаты орын алды (видео)
Павлодарда төрт адамды аяусыз ұрып-соққан полицейлер жеңіл жазаға кесілді
Ақтөбеде жұп бағдаршамда тұрып жыныстық қатынасқа түскен
Араб азаматымен көңіл қосқан қазақ қызы туған балаларына жете алмай зар жылауда