Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда өнер сүйер қауым Болат Сыздықовты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін Алматыда өнер сүйер қауым белгілі қазақстандық гитарист, композитор «Мизикола» дуэтінің негізін қалаушы Болат Сыздықовты ақтық сапарға шығарып салды.

20160507210852

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткен қаралы жиынға Болат Сыздықовтың достары мен әріптестері, эстрада әншілері, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және басқа да зиялы қауым өкілдері келіп, марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтты.

«Мен Болатты өте жақсы көретінмін. Ол жаны жайсаң, ақкөңіл, бірақ шындықты сүйетін тік мінезді жан болатын. Кім біледі, мүмкін осы да оның арамыздан ерте кетуіне себеп болған шығар. Ол соңғы кездері шығармашылық жағынан өзіне көңілі толмай жүрді. Қазақ эстрадасының қазіргі жағдайын қатты уайымдайтын. Ал бұл, нағыз музыканттарға тән қасиет! Ол тамаша музыкант болатын. Кеңес заманы кезінде одаққа танымал эстрадалық оркестрлерде өнер көрсетті. Кейін, «Мюзикола» дуэтін құрды. Бұл Болаттың қазақ эстрадасына сіңірген үлкен үлесі деп білем», – деді өз сөзінде КСРО халық артисі Әлібек Дінішев.

20160510104325

Өз кезегінде әнші, актриса Карина Абдуллина Алматы әкімдігіне, бүгінгі жиналған жұртшылыққа Болат Сыздықовты соңғы сапарға шығарып салуға келіп тұрғандары үшін ризашылығын білдірді.

Бұған дейін “Мюзикола” тобының солисі Болат Сыздықовтың өмірден өткенін хабарлаған едік. Өнер жұлдыздары Болат Сыздықовтың жақындары мен тыңдармандарына көңіл айтқан еді.

«Қазақстанның эстрада өнері ауыр қазаға душар болды. Өйткені, Болат керемет музыкант болатын. Гитараны 12 жасында қолына алған ол, сол гитарасын өле-өлгенше қолынан тастамады. Ол бізге үлкен шығармашылық мұра қалдырды. Біз енді оны ұрпақтарға сақтайтын боламыз. Ол мен үшін ең жақын досым болды. Болаттың жалғыз жүргенін көрсе, дос-жарандар: «Карина қайда?», – деп сұрайтын болса, мені көрсе: «Болат қайда? Не істеп жүр?», – деп сұрайтын. Егер Болат болмаса, Қазақстанның эстрадасында Карина Абдуллина да болмас еді. Достар, әдетте нағыз артисті, тамаша музыкантты қол шапалақтап шығарып салады. Сіздерді де Болатты ақтық сапарға қол шапалақтап шығарып салуларыңызды сұраймын», – деді Карина Абдуллина.

Осыдан кейін бүгінгі қазалы жиынға келген азаматтар орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол шапалақтады.

Талқылау