Алматыда полиция көлігі жүргіншілер жолағындағы баланы қағып кетті (видео)
Алматыдағы Жангелдин көшесінде полицей автокөлігі 10 жастағы баланы қақты.
Оқиғаның видеосы Инстаграм желісінде пайда болды.
Төтенше жағдайға қатысты Алматы қалалық ІІД түсініктеме берді.
“Бүгін таңертең Жангелдин көшесінде әкімшілік полиция басқармасының мамандандырылған батальон экипажы жол ережесін бұзып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ арқылы қашып кетпекші болған автокөліктің ізіне түсті. Полиция автокөлігі түрлі-түсті жарығын қосып қозғалған. Өкінішке қарай, қызметтік көліктің жүргізушісі басқара алмай қалып, 2007 жылы туған баланы жүргіншілер жолағында қағып кетті. Полиция қызметкерлері баланы жедел түрде жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізді. Дәрігерлердің мәліметінше баланың аяқтары сынған. Жол апаты оқиғасына байланысты тексеру басталды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады полиция өкілдігі.